ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 16-сы мен 22-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Тамыздың 16-сы күні сағат 10.00-де Үкіметтің селекторлық отырысы өтеді.
Тамыздың 16-сы күні Үкіметтің Қырғызстан жөніндегі жеке кеңесі өтеді.
Тамыздың 16-сы күні сағат 14.00-де Ө.Шөкеевтің қатысуымен облыс әкімдерінің орынбасарларымен селекторлық кестедегі кеңес өтеді.
Тамыздың 16-сы күні Сыртқы істер министрлігінің апталық брифингісі өтеді.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 11-іне дейін жалғасады. Ал берілетін садақа мөлшері - 100 теңге.
Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.
Атқарушы комитетінде тамыздың 17-сінде «Қазақстан - антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» атты фотокөрменің салтанатты ашылу рәсімі болады.
Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшісі ұйымдастырып отырған көрме әлем жұртшылығы тамыздың 29-ында атап өтетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналады.
ТМД
Тамыздың 17-сінде Достастықтың жарғылық және басқа да органдарындағы ТМД елдерінің Тұрақты өкілдері кеңесінің кезекті мәжілісі өтеді.
Тамыздың 20-21-інде Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бейресми саммиті өтеді
СПОРТ
АСТАНА
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Тамыздың 15-19-ы аралығында Астана қаласында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы» атты ІІІ Республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумы өтеді. Форумның басты мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім орнатуға үлес қосу. Өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербетуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау болып табылады.
Тамыздың 10-ы мен қыркүйектің 30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Коституциясының 15 жылдығына арнап «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты құжаттық көрме өтуде.
Семинар тамыздың 25-26-сында Ұлттық медициналық холдинг ғимаратында өтеді. Іс-шараны Еуроодақтың "EECAlink - Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен арадағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау және ілгерілету» жобасының өкілдері жүргізеді. Семинардың мақсаты - FP7 бағдарламасының медицина және денсаулық сақтау саласындағы конкурстарына қатысу ережелерімен таныстыру және Қазақстанның медициналық ғылымының басымдықтарын талдау.
АЛМАТЫ
Тамыздың 21- 23-і күндері Алматыдағы «АтакентЭкспо» көрме кешенінде «LESHOW. Қазақстан-2010» 5-ші халықаралық тері және былғары көрмесі өтеді
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 29-30-ы күндері Өскеменде халықаралық мүшәйра өтеді.
Бұл халықаралық фестиваль Ата Заңымыздың қабылдануының 15 жылдығына, ұлы Абайдың 165 жылдығына және Өскемен қаласының 290 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткелі отыр, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 14-І, СЕНБІ
Португалия корридасының туған күні.
Жыл сайын тамыздың 14-інде Абиуле қаласында ұлттық дәстүрдегі португалиялық коррида мерекесі атап өтіледі.
Коррида - бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар ер жүрек адамдардың қатысуымен спорт пен өнердің, көрініс пен шеберліктің тамаша үйлесімділігі.
Кабальеро атпен жарысқа шығады, ал фуркадуш - жаяу жауынгерлер жарысқа кіріседі, ол кезде бұқаны фарпамен - ұзындығы екі сантиметрдей ұзын үшкір күршекпен жаралайды. Оның ауырғаны, қолға ине тығып алғандай. Жаттығу алдында бұқаның мүйізіне арнайы былғарыдан жасалған, соқтығыстарды жеңілдететін қаптар кигізіледі. Ол фуркадушты қателік жасаған сәттерде құтқарып қалады. Жарысқа қатысушылардың тек ер жүрек қана емес, сонымен қатар көзі мінсіз, қозғалысы жылдам және салқын қанды болу керек.
Ресейде денешынықтырушылыр күні. Ресейде жыл сайын тамыз айының екінші сенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) тамыздың 14-17 аралығында Мәскеудегі Бүкілресейлік көрме орталығында Қазақстанның ұлттық көрмесі болып өтті.
Ұлттық көрмеге Қазақстанның әр аумағынан келген 200-ге тарта фирмалар мен компаниялар қатысты. Көрме республикамыздың экономика, ғылым және технология, тағы да қазақ халқының тарихы мен мәдениетті: ұлттық дәстүр және ұлттық тағамдар туралы, қазіргі сурет және сәндік-қолданбалы өнері туралы айтатын көп салалы тақырыпта көрсетілген.
5 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз елордасындағы Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты.
Елбасы Қырғызстанда Қазақстан Республикасының елшілігін ашу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 9 қаңтарда қол қойған болатын. Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.
3 жыл бұрын (2007) Қызылорда облысы Сырдария ауданы О.Мәлібаев атындағы ауылы мектебінің алдында қызмет атқару кезінде қаза болған, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевқа арналған ескерткіш орнатылды. Оның есімі ауылдың бір көшесіне берілді.
Талғат Қозыбаев 1978 жылы дүниеге келген, 2003 жылы Тартоғай ауылының полиция учаскелік инспекторының қызметін атқарған. Қызметін атқару кезінде, бұзақылардан жас ауылдасын қорғап қаламын деп өзі қаза болды. Сол жылдың желтоқсан айында полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
1 жыл бұрын (2009) Үндістанның Дж.Неру атындағы университетте қоғамдық, аналитикалық және студенттік ортаның және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен «Заманауи Қазақстан: алға бағытталған жол» атты кітаптың тұсау кесу рәсімі болып өтті.
Кітапта, Қазақстанның әлеуметтік-саяси және экономикалық процесстері туралы Қазақстанның жетекші сараптамашыларының мақалалары және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екі жақты қарым-қатынастар дамуы жарияланған. Бұл кітап 2009 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Н.Назарбаевтың Үндістанға жасаған мемлекеттік сапарына арналған.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1977) оториноларинголог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ЕЛАНЦЕВ Борис Владимирович дүниеге келді.
Томск қаласында туған. Томск мемлекеттік медицина университетін бітірген.
1940 жылдан Қазақ медицина институтында құлақ, мұрын, көмей аурулары кафедрасының доценті, меңгерушісі, кеңесшісі болды. 1960 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас оториноларингологы.
Негізгі ғылыми зерттеулері оториноларингология мәселелеріне арналған. Ол бірқатар арнайы емдеу құралдарын, ауыртпалық сезімін жоятын «Ринокаин» дәрісін жасап, дәрігерлік жұмыста пайдаланды.
50 жыл бұрын (1960) Шығыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор НӘБИЕВ Ерсаин Ахметуәлиұлы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Өскемен педагогикалық институтын (С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген.
Өскемен қаласындағы № 25 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-зерттеу секторы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасының ғылымдарының Ұлттық Академиясының Шығыс бөлімінің ғылыми хатшысы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, Шығыс Қазақстан классикалық университетінің ректоры, Қазақстан-Американдық Еркін университетінің вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 5 қазанынан.
Алпыстан астам ғылыми еңбектері, сонымен қатар монография мен оқу құралдары бар. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.
«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасы білім берудің құрметті қызметкері» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаттарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1965) профессор, география ғылымдарының докторы, Алтынсарин атындағы Білім Академиясының академигі, Қостанай мемлекеттік педогогикалық институтының ректоры БАЙМЫРЗАЕВ Қуат Маратұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген.
1991-1997 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ректорының көмекшісі. 1997-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттік мәселелер жөніндегі проректоры, жалпы және өндірістік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі проректоры, география факультетінің деканы. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан.
50 аса ғылыми еңбегі жарияланған, соның ішінде «Платежи за пользование природными ресурсами» және «Экономический механизм природопользования» атты шығармалары бар.
ТАМЫЗДЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІ
Спорт және туризм күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Археолог күні.
Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы.
Археология термині жыл санауға дейінгі 4 ғасырда көне заманды зерттейтін ретінде қолданыла бастағанымен, ғылыми археологиялық зерттеулер Еуропада Қайта өркендеу дәуірінде ғана жүргізілген.
Үндістанда тәуелсіздік күні. Үнді елінің Ұлыбританиядан өз тәуелсіздік алған күні. 1947 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 1947 жылғы 15 тамызда Делиде елдің алғашқы Премьер-министрі Джавахарлалом Неру тәуелсіз үндістанның үш түсті жалауын алғаш рет көтерген болатын.
Үндістан - Оңтүстік Азияда орналасқан. Бангладеш, Бирма, Бутан, Қытай, Непал және Пәкістан елдерімен шектеседі. Астанасы - Дели. Мемлекеттік тілі - хинди. Ақша бірлігі - рупий.
Коста-Рикада аналар күні. Жыл сайын аталып өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1992) әдебиетші, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне орай Алматы қаласы жұршылығының жиыны өтті.
Сағат Әшімбаев (1947-1991) Қазақстан Республикасының саясат қайраткері, әдеби сыншы, тележурналист, жазушы.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған. «Жұлдыз» журналынның бөлім меңгерушісі, «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары, «Жалын» баспасында қызмет істеген, ҚазТВ «Парыз пен Карыз» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.
«Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» атты кітаптардың авторы. Алматы қаласының көшелерінің біріне оның есімі берілген. 1993 жылы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Сағат Әшімбаев атындағы мектептің алдына оның мүсін-ескерткіші орнатылды.
14 жыл бұрын (1996) Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайға арналған ескерткіші ашылды.
3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысы Қашыр ауылында алғаш рет ауылдық Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылды.
Ашылу шарасына облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов қатысты. ХҚО - ауыл тұрғындарының әр түрлі құжаттарды рәсімдеу кезінде уақытын үнемдейді. Қазіргі заман стандарттарына сай салынған кең ғимаратта Қашыр ауданының барлық қызметтері - жылжымайтын мүлік орталығы, АХАЖ, заң және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету қызметтері жұмыс істейді.
1 жыл бұрын (2009) Астанадағы әуежайдың аумағындағы жаңа футбол алаңының ашылу рәсiмі өттi.
Спорт алаңының ашылуы астаналық әуежай қызметкерлерін спорт рухына баулудың және салауатты өмір салтын ынталандырудың ең маңызды үлесі болып табылады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-1990) режиссер ҚОСЫБАЕВ Мұрат Жолдыбайұлы дүниеге келді.
Орал қаласында туған. Алматыдағы киноактерлер мектебін, Ташкент театр институтын бітірген.
Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, Қарағанды облыстық драма театрында бас режиссер қызметтерін атқарған.
Ол аталмыш театр сахналарында «Есірткен ерке» (Ш.Құсайынов), «Әпенде» (Н.Хикмет), «Ыбырай Алтынсарин» (М.Ақынжанов), «Бүліншілік» (Д.А.Фурмановтың романы бойынша), «Үйлену» (Н.В.Гоголь), «Қара қыпшақ Қобыланды» (М.Әуезов), «Беу, қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов), «Құдағи келіпті» (Қ.Мұхамеджанов), «Ақан сері - Ақтоты» (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерді сахналады.
80 жыл бұрын (1930-1992) композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы ҚАЛДАЯҚОВ Шәмші дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.
1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке - Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі - Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.
ТАМЫЗДЫҢ 16-Ы, ДҮЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
6 жыл бұрын (2004) Алматыда Серик Ажиғалиевтің «Архитектура кочевников - феномен истории и культуры Евразии» атты кітабы жарық көрді, өзінің тарихи-мәдени мағынасы бар Арал-Каспий мемориальды кешеніне арналған.
Зерттеу кезінде типология жағынан, тарихи-этнографиялық мағынасы бар б.э.д. ІІ мың жеке тұрған ескерткіштерді және 400-ге тарта кешендер қарастырылған. Кітапта зерттелген кешендерге жан-жақты мінездеме берілген. Кітапта тағы да автордың жаңа зерттеулері және 400-ге тарта иллюстрациялары, карта-схемалары, суреттері, типологиялық және құрама таблицалары кірген.
5 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Облавка ауылы маңындағы қорғандардан біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 ғасырға жататын археологиялық олжалар табылды.
Қыш құмыралар, әйелдің әшекей бұйымдары, моншақ, алтын жүзік, қола айналар сияқты керамикалық бұйымдар табылды. Зерттеу барысында анықталған басты ерекшелік - катакомбалық (қабірді үңгіп қазу арқылы бірнеше мүрдені сатылап қою) үлгідегі жерлеу үрдісі пайдаланылған.
Бұйымдар зерттелгеннен кейін облыстық өлкетану мұражайына табыс етілді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Достық үйінде және А.С Пушкин ескертішінің жанында Пушкин және Снегин оқулары өтті.
Ұйымдастырушылары - қалалық тілдерді дамыту басқармасы және «Қазақстан орыс мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі. Акцияның негізгі мақсаты - славян халықтарының мәдениеттік, әдебиеттік және ақындық шығармашылығымен танысу.
Аталмыш шараға Қазақстанның белгілі ғылымы мен мәдениет қайраткерлері, әр түрлі ғылыми-өндірістік бірлестіктің және Алматының ұлттық-мәдениет орталықтарының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың арасында - Алматыдағы Ресейдің бас консулдығының қызметкерлері және жазушы Дмитрий Снегиннің ұлы, медицина ғылымының докторы Дмитрий Поцелуев.
Дмитрий Федорович Снегин (1912-2001) «Простор» жуналының бас редакторы, сатиралық «Ара» журналы редакторының орынбасары, Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметтерін атқарған. Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов сынды жазушылармен және өзінің майдандағы жора-жосдастары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықовтармен жақын дос болған.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда наркологиялық-сауықтыру ғимараты ашылды. Емдеу мекемесі дәрігерлік-санитарлық коррекция орталығының жанынан қосымша құрылыс ретінде салынып отыр.
Аталмыш шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қатысты. Орталықтың жалпы ауданы 6421 шаршы метрді құрайды.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1976) әскери ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген әскери ұшқышы БЕДА Леонид Игнатьевич дүниеге келді.
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында туған. Орал мұғалімдер институтын, Жоғары ұшу-тактикалық мектебін, Әскери әуе күштері академиясын және Бас штаб әскери академиясын бітірген. 1941 жылы В.Чкалов атындағы 1-інші әскери авиация училищесін жылдам ұшатын бомбалаушы ұшақ ұшқышы мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, «Ил-2» шабул ұшағына мамандану үшін училищеде қалдырылады. 1942 жылғы тамыздың 16-ында Сталинград майданының 226-шабуылдық авиадивизиясының 505-шабуылдық авиаполкі құрамында соғысқа араласады. Осы шайқас кезіндегі ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Донбасты, Таврияны азат етуге, Қырымдағы Сапун тауы мен Херсонес мүйісіндегі ұрыстарға қатысады. Соғыстың соңына таман Балтық жағалауы елдерін азат етуге, Шығыс Пруссия қамалдары мен Кенисгберг қалаларын шабуылдауға қатысады. Ол 214 рет жауынгерлік тапсырма алған. Оның 154-інде ұшақтарға өзі жетекшілік еткен. Соғыстан соң әскери қызметін одан әрі жалғастырып, Беларусь әскери округінің авиация қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Көптеген орден, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) заңгер, заң ғылымының докторы, полицияның генерал-майоры, Қазақстан Республикасы ІІМ экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы ДОСҚАЛИЕВ Хибратулла Ермекұлы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Астрахан облысында туған. Астрахан арнайы милиция мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін, Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі академиясын бітірген.
1979 жылдан Жаңаөзен қалалық қылмыстық іздестіру бөлімінің инспекторы, бастығы, ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары. 1986 жылдан Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы. 1989 жылдан Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы. 1990 жылдан Маңғыстау облыстық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының бірінші орынбасары. 1995 жылдан Маңғыстау облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының бастығы. 1997 жылдың мамырынан ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының орынбасары. 1997 жылдың қарашасынан Маңғыстау облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы. 1999 жылдың маусымынан ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаменті бастығының орынбасары, 2002-2006 Қызылорда облысы Ішкі істер басқармасының бастығы, 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бастап.
«Астана» мерейтойлық медалімен, «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін» және РФ-ның «Жауынгерлік достастығы үшін» медалімен марапатталған.
40 жыл бұрын (1970) Созақ ауданы әкімінің орынбасары ИСАЕВ Мақсат Шамансұрұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.
1995-1997 жылдары - «Алмас» шағын жеке кәсіпорнының есепшісі. 1997-1999 жылдары - Созақ ауданы әкімшілігінің экономика бөлімінің кіші және орта бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі бас маманы. 1999-2002 жылдары - Созақ ауданы әкімі аппараты аумақты дамыту және кадрлық жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі. 2002-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы. 2005-2007 жылдары - Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан.
ТАМЫЗДЫҢ 17-І, СЕЙСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Алматыдағы Орталық концерт залына композитор, Қазақстанның халық әртісі, өз заманындағы және қазіргі кездегі ең таңдаулы өлеңдердің авторы Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) есімі берілді.
5 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысының Жалпақ-төбе ауылындағы көшелердің біріне Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген.
Талас өзенінің жағасындағы ауылда, бұрынғы атауы Дунгановка (мұнда дұнған диаспорасының көптеген өкілдері өмір сүреді), сазгер өзінің көптеген шығармаларын жазған, соның ішінде «Дұнған қызы» өлеңі.
1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылы жанындағы «Хан сүйегі» төбесінде Уәли хан (1741-1820) кесенесі бой көтерді.
1820 жылы Уәли хан қайтыс болғаннан кейін жерленген қабірдің басына 1904 жылы Сұлтанғазы есімді немересі белгі тас орнатқан. Құлпытас бертінге дейін сақталған. Тек тың игеру жылдары құлпытас ортан белінен қирап, шалғы шыңдайтын тасқа айналған.
ауыл азаматтары Уәли ханның осы бір тасын іздеп тауып, қалпына келтірді.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1982) Қазақстанның еңбек сіңірген тау-кен қызметкері, Жаңатас қаласының Құрметті азаматы ШЕИН Анатолий Иванович дүниеге келді.
Украинаның Чернигов облысында туған. Иркутск тау-кен институтын бітірген.
Орта Азия республикаларының тау-кен өндірістерінің инженері қызметінде болған. 1957-1963 жылдары - Оңтүстік Қазақстан ауыр өнеркәсіп басқармасының бастығы. 1963-1972 жылдары - «Қаратау» тау-химия комбинатының директоры. 1972-1975 жылдары - Бүкілодақтық «Союзфосфор» бірлестігінің бастығы. 1975-1982 жылдары «Қаратау» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарған.
Анатолий Шеиннің есімі КСРО Химия өнеркәсібі министрлігінің Құрмет кітапшасына енгізілген.
Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Қазан Революциясы ордендерімен, КСРО және Чехославакия үкіметтерінің медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940) мүсінші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ПРОКОПЬЕВА Ольга Георгиевна дүниеге келді.
Новосібір облысының Барабин қаласында туған. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын (Санкт-Петербордың кескіндеме, мүсін және сәулет академиясы) бітірген. Портрет жанрының шебері, қондырмалы мүсін саласында жемісті еңбек еткен. Ол қазақ зиялылары А.Әшімов, Ә.Тарази, тағы басқалардың бейне галереясын жасаған. Оның лирикалық дарыны «Ана құшағы», «Қыз Жібек», «Замандас» туындыларында ашыла түсті. Мазмұны бай ұлттық образдарды сомдау қабілеті монументтік мүсін өнерінде көрінеді. Сонымен қатар Алматы қаласында орнатылған Әліби Жангелдин ескерткішінің (Т.Досмағанбетовпен бірге,), Павлодар қаласындағы Қаныш Сәтбаев ескерткіштерінің (Санжар мен Дәурен Досмағамбетовтермен бірге) авторы.
ТАМЫЗДЫҢ 18-І, СӘРСЕНБІ
Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні.
1992 жылғы 18 тамыздағы Елбасы Жарлығына сәйкес Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды. Ауқымында елдің егемендігі мен тәуелсіздігін кең көлемді түрде жүзеге асыра алар аумағы мен шекарасы болуы мемлекеттің негізгі белгісі болып табылады. Бұл сол мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін Шекаралық қызметтің айрықша маңызын айқындайды.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан астам қашықтықты алып жатыр.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1993) Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда отандасымыз Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын қабылан» жүлдесін жеңіп алды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазшах» атты төрт адамға арналған шахмат ойынының таныстырылымы болды.
«Қазшах» - қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеевтiң ойлап шығарған шахматтың жаңа бiр түрi. Ойын 64 тор көзге бөлінген тақтайда жүредi. Ойынға екі бақталас қатысады, олардың қанжығасында ақ және қара түсті 16 тас болу керек.
Жалпы турнирге 16 адам қатысқан. «ПетроКазахстан Инк.» компаниясының операторы Рабат Жақашбаев жүлдегер атанды. Екінші және үшінші орынды №42 орта мектептің жетінші сынып оқушысы Шахриад Файзуллаев және Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Бораш Шенсізбаев алды.
3 жыл бұрын (2007) Ақордада Қазақстан мен Қытай арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысында мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы бірлескен коммюникеге қол қойды.
Сонымен қатар, келіссөздердің қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар Алматы қаласында Қытай Халық Республикасы Бас консулдығын ашу туралы ноталармен алмасу нысанындағы келісімге, Атасу-Алашаңқай магистральдық мұнай құбырын пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімге, 2004 жылғы мамырдың 17-сі күнгі екі ел үкіметтері арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Қытай экспорттық-импорттық банкінің арасындағы кредиттік шартқа, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Цзюцианьдік металлургия корпорациясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
3 жыл бұрын (2007) Ақтөбе қаласы әкімі Серік Нокиннің қатысуымен Абай саябағында және Әлия Молдағұлова даңғылында екі су бұрқағы ашылды.
Осы шараға орайластырылған шахматтан қалалық турнир өтті, бірінші болып қала әкімі жүрді. Аумақты көгалдандыру мақсатымен 75 түп ағаштары отырғызылды.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1885-1976) жануарлардың эволюциялық морфологиясы саласындағы ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі, РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері БОГОЛЮБСКИЙ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Самара қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1919-1923 жылдары - Иванов педагогикалық институтының ректоры, профессоры. 1923-1930 жылдары Мәскеу зоотехникалық институты кафедрасын басқарды. 1930-1955 жылдары - Мәскеу мамық терілі аң институтының анатомия, зоология, дарвинизм, гистология және эмбриология кафедраларында меңгеруші. 1955-1961 жылдары - КСРО ҒА-ның Жануарлардың эволюциялық морфологиясы институтында зертхана меңгерушісі. 1961-1966 жылдары - Бүкілодақтық мал шаруашылы ғылыми-зерттеу институтында мал морфологиясы зертханасының меңгерушісі. 1966-1976 жылдары - КСРО ҒА-ның Жануарлардың эволюциялық морфологиясы және экологиясы институтында зертхана меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, ғылыми консультант болды.
Негізгі ғылыми еңбектері малдың шығу тегі, қолға үйретілуі, морфологиясы, эмбриологиясы мәселелеріне арналған.
Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1925-2008) экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ӘУБӘКІРОВ Яхия Әубәкірұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Шет ауданында туған. М.Горький атындағы Омбы мемлекеттік университетін, М:Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1949-1963 жылдары - М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ассисенті, аға оқытушысы, доценті. 1963-1972 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі, проректоры. 1972-1995 жылдары - М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономиялық теориялар кафедрасының меңгерушісі, проректоры қызметтерін атқарған. 1970 жылы «Қазақ ССР-інің жоғары оқуының үздігі» атағын алады. Ол 70 тен астам ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған. Сельское хозяйство и экономические законы (1969), Использование экономических законов в сельском хозяйстве.(1972). Социально-экономические преобразования в сельском хозяйстве Казахстана.(1984), Политическая экономия (1992) Основы экономической теории (1993) атты ғылыми еңбектері мен оқулықтардың авторы.
«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1970) тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының және Халықаралық минералдық ресурстар академиясының академигі, Қазакстан Республикасы Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академиясының академигі БІТІМБАЕВ Марат Жақыпұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған.
1962 жылы Қазақ политехникалык институтын бітірген, 1963-1984 жылдары - Ащысай полиметалл комбинатының тау-кен шебері, кеніш бастығы, директорының орынбасары. 1984-1987 жылдары - Ертіс полиметалл комбинатының бас инженері, директоры. 1987-1991 жылдары - Ащысай полиметалл комбинатының шахта құрылысы басқармасының бастығы, директоры. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп министрінің орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясының бас менеджері. 2000-2002 жылдары - Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының директоры. 2002-2005 жылдары - «Юбилейное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «Шалқия Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан - «DATA Invest» ЖШС басқармасының мүшесі, Бақылаушылар кеңесінің мүшесі, Кеңестік Социалистік Республикалары Одағы Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, 1990 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болған.
Өзінің өндірістік және ғылыми қызметі барысында М. Бітімбаевтың 83 өнер-табыстык авторлық куәлігі, Қазақстан Республикасының 5 патенті, 110 ғылыми мақаласы, оның ішінде 8 монографиясы бар.
«Құрмет», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Кенші Даңқы» белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 19-Ы, БЕЙСЕНБІ
Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008 жылғы 11 желтоқсанындағы арнайы қарарымен 63/139 жариялаған.
2009 жылғы 5 наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы (A/RES/63/139 қарары) жариялады. Тамыздың 19-нан атап өтіледі. 2003 жылы осы күні БҰҰ-ның Бағдаттағы штаб-пәтеріндегі жарылыстан 22 адам қаза болды. Соның ішінде БҰҰ-ның көрнекті қайраткері Сержиу Виейра ди Меллу де бар.
Бас Ассамблеяның қарарында айтылғандай, Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні бүкіл әлемде гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға және осыған байланысты, сондай-ақ бүкіл гуманитарлық қызметшілерге, гуманитарлық мүдделерді өмірге енгізуге жәрдем жасаған Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметшілерін және олармен байланыстағы қызметшілерді де қоса есептегенде, және де, өз парыздарын атқару үстінде өмірлерін қиғандарға тиісінше оңды бағасын беруге көмектесуді көздейді...
2009 жылы атап өтілген Бірінші Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні басқаларды құтқару кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналды.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) Оралда Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдардың бірінші конференциясы өтті.
5 жыл бұрын (2005) Өскеменде Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды.
Жаңа көпір алты жолақты қатардан тұрады. Бір бағыттағы жолдың ені - 11,5 метр, ал бір жолақтың ені - 3,83 метр. Жаңа көпiр негiзгi Үлбi көпiрiнен көлiк ағымын едәуiр жеңілдетеді.
3 жыл бұрын (2007) елорда бағының аумағындағы футбол алаңында халықаралық стипендияның иегерлері қатысқан «Болашақ-2007» тұңғыш спартакиадасы болып өтті.
Ұйымдастырушысы - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. Командалар оқитын елдеріне қарай құрылды. Спартакиадаға «Болашақ» стипендиясының иегерлері ғана емес, сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің командалары және де мемлекеттік қызметте жетекші лауазымдарды атқарып жатқан бағдарлама түлектерінің командасы қатысты. Жарыс бір мезгілде екі алаңда өтті. Олардың бірінде эстафета (кедергілер арқылы жүгіру), команданың үздік ұраны конкурсы, сонымен қатар жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстанның 6 мәрте чемпионы, Ұлттық құраманың халықаралық шебері Рүстем Садықовпен бір мезгілде ойналатын ойын сеансы ойналды, ал екінші алаңда футболдан турнир өтті.
Шараның мақсаты - стипендиаттар қатарын нығайту және салауатты өмір салтын уағыздау.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда ислам негіздері бойынша жасалған мультимедиялық жобаның таныстырылымы өтті.
Бұқараға арналған ақпараттық-танымдық сипаттағы бұл басылымда Исламның 5 қағидасы мен діннің алты қағидасы жан-жақты көрініс тапқан. Әрбір бөлімнің мәтінді, дыбысты және бейне түсініктемесі мен намаз оқудың 3D пішіндегі техникалық сипаттамасы бар. Сонымен қатар Құранның мазмұндық аудармасы, Қадистер топтамасы, дін негіздері туралы еңбектер мен Пайғамбардың өмірі туралы жазылған материалдар топтастырылған. Нақтырақ айтқанда 2,5 сағаттық бейне файлдар, 34 сағаттық дыбыс фрагменттері, 5 кітап пен 100 шақты ғылыми мақала бар. Мультимедиялық бұл жоба жұртшылыққа DVD дискі пішінінде ұсынылып отыр.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) «Базис-А» холдингтік компания басқармасының және Директорлар кеңесінің төрағасы БЕЛОВИЧ Александр Якубович дүниеге келді.
Бішкек қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті).
Еңбек жолын 1974 жылы Қазақ өнеркәсіп құрылысын жобалау ғылыми зерттеу институтында техник болып бастаған. 1976-1992 жылдары - Алматы үй құрылысы комбинаты ҚМБ-2-нің монтаждаушысы, шебері, прорабы, аға прорабы, бас инженері, ҚМБ-3-тің бастығы. 1992-1994 жылдары - «Базис» шағын өндірісінің директоры, «Базис» құрылыс компаниясының президенті. 1994-1996 жылдары - Алматы қалалық әкімшілігі басшысының орынбасары, әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 1996 жылдан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 20-Ы, ЖҰМА
Эстония тәуелсіздігін қалпына келтіру күні. 1991 жылы 20 тамызда Эстон КСР Жоғары Кеңесі КСРО құрамынан тыс, ұлттық тәуелсіз Эстония мемлекетін құру туралы шешім қабылдады.
Эстония - Еуропаның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Фин бұғазымен, батысында Балтық теңізімен, оңтүстігінде Латвиямен, шығысында Ресеймен шектеседі. Астанасы - Таллин. Мемлекеттік тілі - эстон тілі. Ақша бірлігі - крона.
ОҚИҒАЛАР
6 жыл бұрын (2004) Ресейдің мемлекеттік қызмет академиясында қазақстандық «SHYGYS» журналының таныстырылымы өтті.
Журналдың редакция алқасының төрағасы - Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов.
«SHYGYS» халықаралық ұлттық журналдың бірінші саны - қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде шықты
5 жыл бұрын (2005) Алматыда тамыздың 20-25 аралығында Шанхай қаласының (ҚХР) мәдени күндері өтті.
Шара аясында белгілі Лю Хай Су галереясы мұражай экспонаттарының көрмесі, «Шанхайские впечатления» атты фотокөрмесі, Шанхайдың халық аспаптар оркестрінің концерті өтті және «Жабайы зебра» балеті қойылып, төрт қытай фильмдерінің көрсетілімі болды.
Шанхай Шығыс-Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің сағасында орналасқан. Экономикасы дамыған үлкен мегаполис ретінде танымал. Қаланың ауданы - 6 мың шаршы метр.
3 жыл бұрын (2007) Ақмола облысының Степногорск қаласында «Молодежь, окружающая среда и устойчивое развитие: понимание и участие» атты республикалық жастардың экологиялық форумы өтті.
Ұйымдастырушысы - БҰҰ қоршаған ортаны қорғау (UNEP) бағдарламасының қолдауымен «Адам денсаулық институты» атты жастардың қоғамдық бірлестігі.
Мақсаты қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын үкіметаралық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметімен жастар тобы өкілдерін таныстыру, ұлттық жастар экожүйені нығайту үшін белсенді жастарды біріктіру, жастар мен мемлекеттік қызметтер және қоғам арасындағы ынтымақтастықты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге бағыттау болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) Петропавлда қазақстандық атақты велошабандоз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуровке Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғынының куәлігі табыс етілді.
2006 жылдың қыркүйек айында, облыстың 60 жылдығы атап өтілген шаралар аясында, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен А.Винокуров тоғыз адамның қатарында «Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғыны» атағына лайық деп танылған болатын.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1996) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ТӘЖІБАЕВ Лашқар Есенқұлұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында (Төлеби ауданы) туған. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын (Ташкент ирригация және мелиорация институты) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942-1943 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінде инженер, басқарма бастығы. 1943-1949 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің су шаруашылығы және энергетика тобының бастығы, аға референт. 1949-1951 жылдары - Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы Ғылым академиясының Қазақ бөлімі республикалық тәжірибе-мелиориация станциясының директоры. 1951-1962 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) деканы. 1962-1963 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің Су қорларын пайдалану және қорғау жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бастығы. 1963-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Гидротехника және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік жерлерді суландыруға және мәдени жайлымдарды автоматтандыруға арналған. «Водные ресурсы и схемы водоснабжения сельскохозяйственных территорий» (1963г.), «Основы водоснабжения сельскохозяйственных районов Казахстана» (1970ж.), «Автоматизированное культурное пастбище» (1987ж.), «Основы гидравлики и гидромеханизации сельскохозяйственного производства» (1986ж.), «Ауыл шаруашылық тұтынушыларын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру» (1992ж.) атты еңбектері жарық көрген. 2003 жылы Қазақтың ұлттық аграрлық университетінің «Гидротехника және мелиорация» кафедрасына профессор Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаевтің аты берілген.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы ӘБЕНОВ Мұрат Абдуламитұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 1990-1991 жылдары -Сәкен Сейфуллин атындағы № 4 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі. 1991-1993 жылдары - Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің кадр және негізгі қызмет жөніндегі инспекторы, Қызылорда қаласындағы 1 май атындағы №1 Қазақ мектеп-лицейі директорының оқу ісі және тәрбие жөніндегі орынбасары. 1993-1998 жылдары - Алматы қаласындағы «Атамекен» ЖШС директорының коммерциялық қызмет жөніндегі орынбасары. 1998-2000 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының бақылау-ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы. 2002-2005 жылдары - Қызылорда облыстық ішкі саясат департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2007 жылғы ақпанынан тамызға дейін Қызылорда облысы әкімінің аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы азаматтық қоғам институттарымен, мәслихаттарымен байланыс кеңесінің мүшесі.
ТАМЫЗДЫҢ 21-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украиндық мүсінші Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің 15-жылдық мерейтойына арналған «На страже священных рубежей» атты фотокөрмесі өтті.
Көрмеге шекара баспасының фотокорреспонденті, прапорщик Сәбит Сариевтің Қазақстанның мемлекеттік шекарасының қызметі бйнеленген жұмыстары қойылған.
3 жыл бұрын (2007) Оңтүстік Қазақстан облысында Украин ұлттық-мәдениет орталығы құрылды.
Украин мәдениет орталығының басты міндеті - облысты мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайту.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменде «Дала әні» және «Көшпелілер» атты екі жаңа мүсіндер орнатылды.
Мүсіндердің авторы - қазақстанның танымал дизайнері Жанат Елубаева. «Дала әні» - ерекше композиция. Аталмыш мүсінің аталу себебі, ол жерде кішкене ғана жел соққан кезде ерекше бір дыбыс шығаратын камертон орналасқан. Бірінші мүсінің таяу маңында «Көшпелілер» орналасқан.
Бұл шығармалардың басты идеясы атамұраны насихаттау болып табылады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) баскетболдан КСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО Денешынықтыру ісінің үздігі ЮМАШЕВ Шора Қадырұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Қордай ауданы Ақтерек ауылында туған. 1974-1981 жылдары Алматының жоғары мастерлер лигасында ойнаған «Университет» құрама командасының жаттықтырушысы болды. «Университет» құрама командасы КСРО біріншілігінде 6 орынға, Вильнюсте өткен КСРО халықтары VІІ Спартакиадасында 4 орынға ие болған. 1984-1987 жылдары Ангола Республикасы құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарды. 1987 жылдан Қазақстан Республикасы Спорт, және туризм министрлігінің спорт комитетінің бас жаттықтырушысы, бас хатшысы, Қазақстан Республикасы баскетбол Федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Алматы қалалық баскетбол федерациясында және республикалық спорттық шеберлiктiң жоғары мектебiнде жұмыс істейді.
ТАМЫЗДЫҢ 22-І, ЖЕКСЕНБІ
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Туы күні. РесейФедерациясыПрезидентінің Жарлығына сәйкес жыл сайын 22 тамызда атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Май ауданының Бозкөл ауылында тәулігіне 10 мың дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды.
4 жыл бұрын (2006) Ақтөбеде Жамбыл көшесі бойындағы паталогоанатомиялық бюросы ғимаратында медицина ғылымының докторы, профессор Саламат Ахметқалиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Саламат Ахметқалиев (1936-2005) Ақтөбе медицина институтын бітірген, сосын ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін өскен. 1997 жылы практикалық медицина саласына өтуіне байланысты, ол бiртұтас паталогоанатомия бюросын құрып, сол саланың дамуына өз үлесін қосты.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында тұңғыш рет үйлену тойының сәнді киімдер үлгісінің көрмесі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - ресейлік «Интер Групп» компаниясы.
Көрменің мақсаты - қазақстандықтарды үйлену тойының сәнді киімдер үлгісін тігетін жетекші өндірушілермен таныстыру, шығармашылық және іскерлік қызығушылықты біріктіру, осы саладағы кәсіби тәжірибені алмастыру және жаңа ұтымды келісім шарттарға қол қою.
Шара аясында сәнді киім үлгілерінің шеруі және кішігірім концерт болды.
1 жыл бұрын (2009) Мәскеуде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің резиденциясында танымал журналист, «Қазақпарат» ҰК» АҚ меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваның «Теңдік белгісі» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы және Ресей Батыры Талғат Мұсабаевқа арналған деректі повестің таныстырылымына орайластырылған кездесуге ұшқыш-ғарышкерлер - Юрий Маленченко, Юрий Батурин, Анатолий Арцыбарский, кітаптың бас кейіпкері Т.Мұсабаев, 1992-1994 жылдардағы Ленинск қаласы әкімшілігінің бірінші басшысы Виталий Брынкин және тағдырлары ұзақ жылдар бойы ғарышты игерумен байланысты болған басқа да тұлғалар қатысты.
Кітап «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша басып шығарылды, бастапқы таралымы - 5 мың дана.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) жазушы, журналист, «Үркер» журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің мүшесі ТҮМЕНБАЙҰЛЫ Қуандық дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданынында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген.
«Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, Жалын баспасының редакторы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, «Жұлдыз» журналының бөлім редакторы, «Алматы ақшамы» газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің Бас редакторы, Халықаралық журналистика институтында оқытушы, «Ақиқат» журналының редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап.
«Қайын сапты кетпен», «Шоқты көрік», «Жүрдек поезд», «Каникулды күткен қыз», «Жігіттің Көктөбесі» атты повестер мен әңгімелердің, «Қанаты күйген қызғыш құс» деректі повестінің, «Сотталған домбыра», «Жібек жолы» әңгімелердің, «Көз», «Қобыздың мұңы» хикаяттар мен әңгімелердің, «Жасыл жанып тұрғанда» роман және әңгімелердің, «Сөздік-словарь» авторы.
Халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты. Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы.
55 жыл бұрын (1955) физико-математика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атом энергетикасы комитетінің Анализ және қадағалау басқармасының бастығы ДОНБАЕВ Қалдыбек Мамытұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Новосібір мемлекеттік университетін бітірген.
1977-1996 жылдары - Қазақ КСР ҒА-ның ядролық физика институтының (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы) ғылыми қызметкерi, 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институтының ғылыми жұмысы жөніндегі директордың орынбасары, 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары, 2000-2006 жылдары - Ауыр иондар үдеткіші негізіндегі Салааралық ғылыми-зерттеу кешенінің және Астана қаласындағы ядролық физика институты бөлімшесінің (қосымша) жетекшісі, 2000-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика кафедрасының меңгерушiсі, 2006-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің ғылыми және ғылыми-техникалық даму қызметін бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазаіргі қызметінде - 2009 жылдың мамыр айынан бастап.
«10 жыл Астана» мерейтойлық медальмен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы білімінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.