ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 18-і мен 22-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ
Тамыздың 18-і күні К.Мәсімовтің қатысуымен 220 кВ әуе желісінің энергетикалық айналма нысанының құрылысына капсул салу болады.
Тамыздың 18-і күні Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев «Қаламгер журналист» жас журналистердің ІІІ Республикалық форумының қатысушыларымен кездеседі.
Тамыздың 18-і күні Қазақстанның дағдарысқа қарсы күші атты ІІ халықаралық форум өтеді.
Тамыздың 18-і күні он-лайн режіминдегі «Мектеп формасы мен мұғалімдердің қазіргі киім үлгісі» атты республикалық кеңес өтеді.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 9-ына дейін жалғасады. Ал берілетін садақа мөлшері - 100 теңге.
Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.
ТМД
Тамыздың 20-21-інде Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бейресми саммиті өтеді
СПОРТ
АСТАНА
Тамыздың 18-і күні Астана қаласының әкімдігінде «Конституция - мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтеді.
Тамыздың 18-і күні Бейбітшілік және келісім сарайының «Бесік» залында Рухани мәдениеттердің дүниежүзілік форумының дайындығына байланысты баспасөз мәслихаты өтеді.
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Тамыздың 15-19-ы аралығында Астана қаласында «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы» атты ІІІ Республикалық «Қаламгер - Азамат» жас тілшілер форумы өтеді. Форумның басты мақсаты - жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім орнатуға үлес қосу. Өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербетуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау болып табылады.
Тамыздың 10-ы мен қыркүйектің 30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Коституциясының 15 жылдығына арнап «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты құжаттық көрме өтуде.
Семинар тамыздың 25-26-сында Ұлттық медициналық холдинг ғимаратында өтеді. Іс-шараны Еуроодақтың "EECAlink - Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен арадағы халықаралық ынтымақтастықты қолдау және ілгерілету» жобасының өкілдері жүргізеді. Семинардың мақсаты - FP7 бағдарламасының медицина және денсаулық сақтау саласындағы конкурстарына қатысу ережелерімен таныстыру және Қазақстанның медициналық ғылымының басымдықтарын талдау.
АЛМАТЫ
Тамыздың 18-і күні Алматыда алты қанатты екі кигіз үйдің тігілу салтанаты болады.
Тамыздың 18-і күні Алматыда модельдер мен дизайнерлердің 2-ші халықаралық форумы өтеді.
Тамыздың 21- 23-і күндері Алматыдағы «АтакентЭкспо» көрме кешенінде «LESHOW. Қазақстан-2010» 5-ші халықаралық тері және былғары көрмесі өтеді
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 29-30-ы күндері Өскеменде халықаралық мүшәйра өтеді.
Бұл халықаралық фестиваль Ата Заңымыздың қабылдануының 15 жылдығына, ұлы Абайдың 165 жылдығына және Өскемен қаласының 290 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткелі отыр.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 18-І, СӘРСЕНБІ
Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні.
1992 жылғы 18 тамыздағы Елбасы Жарлығына сәйкес Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылды. Ауқымында елдің егемендігі мен тәуелсіздігін кең көлемді түрде жүзеге асыра алар аумағы мен шекарасы болуы мемлекеттің негізгі белгісі болып табылады. Бұл сол мемлекеттің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін Шекаралық қызметтің айрықша маңызын айқындайды.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан астам қашықтықты алып жатыр.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1993) Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофорумда отандасымыз Ермек Шынарбаевтың «Сұрғылт үш бұрышты орын» фильмі «Алтын қабылан» жүлдесін жеңіп алды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазшах» атты төрт адамға арналған шахмат ойынының таныстырылымы болды.
«Қазшах» - қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеевтiң ойлап шығарған шахматтың жаңа бiр түрi. Ойын 64 тор көзге бөлінген тақтайда жүредi. Ойынға екі бақталас қатысады, олардың қанжығасында ақ және қара түсті 16 тас болу керек.
Жалпы турнирге 16 адам қатысқан. «ПетроКазахстан Инк.» компаниясының операторы Рабат Жақашбаев жүлдегер атанды. Екінші және үшінші орынды №42 орта мектептің жетінші сынып оқушысы Шахриад Файзуллаев және Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Бораш Шенсізбаев алды.
3 жыл бұрын (2007) Ақордада Қазақстан мен Қытай арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысында мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы бірлескен коммюникеге қол қойды.
Сонымен қатар, келіссөздердің қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар Алматы қаласында Қытай Халық Республикасы Бас консулдығын ашу туралы ноталармен алмасу нысанындағы келісімге, Атасу-Алашаңқай магистральдық мұнай құбырын пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімге, 2004 жылғы мамырдың 17-сі күнгі екі ел үкіметтері арасындағы мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Қытай экспорттық-импорттық банкінің арасындағы кредиттік шартқа, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы компаниялар тобы мен Цзюцианьдік металлургия корпорациясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
3 жыл бұрын (2007) Ақтөбе қаласы әкімі Серік Нокиннің қатысуымен Абай саябағында және Әлия Молдағұлова даңғылында екі су бұрқағы ашылды.
Осы шараға орайластырылған шахматтан қалалық турнир өтті, бірінші болып қала әкімі жүрді. Аумақты көгалдандыру мақсатымен 75 түп ағаштары отырғызылды.
ЕСІМДЕР
125 жыл бұрын (1885-1976) жануарлардың эволюциялық морфологиясы саласындағы ғалым, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі, РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері БОГОЛЮБСКИЙ Сергей Николаевич дүниеге келді.
Самара қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1919-1923 жылдары - Иванов педагогикалық институтының ректоры, профессоры. 1923-1930 жылдары Мәскеу зоотехникалық институты кафедрасын басқарды. 1930-1955 жылдары - Мәскеу мамық терілі аң институтының анатомия, зоология, дарвинизм, гистология және эмбриология кафедраларында меңгеруші. 1955-1961 жылдары - КСРО ҒА-ның Жануарлардың эволюциялық морфологиясы институтында зертхана меңгерушісі. 1961-1966 жылдары - Бүкілодақтық мал шаруашылы ғылыми-зерттеу институтында мал морфологиясы зертханасының меңгерушісі. 1966-1976 жылдары - КСРО ҒА-ның Жануарлардың эволюциялық морфологиясы және экологиясы институтында зертхана меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, ғылыми консультант болды.
Негізгі ғылыми еңбектері малдың шығу тегі, қолға үйретілуі, морфологиясы, эмбриологиясы мәселелеріне арналған.
Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1925-2008) экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ӘУБӘКІРОВ Яхия Әубәкірұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Шет ауданында туған. М.Горький атындағы Омбы мемлекеттік университетін, М:Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1949-1963 жылдары - М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ассисенті, аға оқытушысы, доценті. 1963-1972 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасының меңгерушісі, проректоры. 1972-1995 жылдары - М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономиялық теориялар кафедрасының меңгерушісі, проректоры қызметтерін атқарған. 1970 жылы «Қазақ ССР-інің жоғары оқуының үздігі» атағын алады. Ол 70 тен астам ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған. Сельское хозяйство и экономические законы (1969), Использование экономических законов в сельском хозяйстве.(1972). Социально-экономические преобразования в сельском хозяйстве Казахстана.(1984), Политическая экономия (1992) Основы экономической теории (1993) атты ғылыми еңбектері мен оқулықтардың авторы.
«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1970) тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының және Халықаралық минералдық ресурстар академиясының академигі, Қазакстан Республикасы Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академиясының академигі БІТІМБАЕВ Марат Жақыпұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған.
1962 жылы Қазақ политехникалык институтын бітірген, 1963-1984 жылдары - Ащысай полиметалл комбинатының тау-кен шебері, кеніш бастығы, директорының орынбасары. 1984-1987 жылдары - Ертіс полиметалл комбинатының бас инженері, директоры. 1987-1991 жылдары - Ащысай полиметалл комбинатының шахта құрылысы басқармасының бастығы, директоры. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп министрінің орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясының бас менеджері. 2000-2002 жылдары - Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының директоры. 2002-2005 жылдары - «Юбилейное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «Шалқия Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан - «DATA Invest» ЖШС басқармасының мүшесі, Бақылаушылар кеңесінің мүшесі, Кеңестік Социалистік Республикалары Одағы Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, 1990 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болған.
Өзінің өндірістік және ғылыми қызметі барысында М. Бітімбаевтың 83 өнер-табыстык авторлық куәлігі, Қазақстан Республикасының 5 патенті, 110 ғылыми мақаласы, оның ішінде 8 монографиясы бар.
«Құрмет», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Кенші Даңқы» белгісімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 19-Ы, БЕЙСЕНБІ
Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008 жылғы 11 желтоқсанындағы арнайы қарарымен 63/139 жариялаған.
2009 жылғы 5 наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы (A/RES/63/139 қарары) жариялады. Тамыздың 19-нан атап өтіледі. 2003 жылы осы күні БҰҰ-ның Бағдаттағы штаб-пәтеріндегі жарылыстан 22 адам қаза болды. Соның ішінде БҰҰ-ның көрнекті қайраткері Сержиу Виейра ди Меллу де бар.
Бас Ассамблеяның қарарында айтылғандай, Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні бүкіл әлемде гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға және осыған байланысты, сондай-ақ бүкіл гуманитарлық қызметшілерге, гуманитарлық мүдделерді өмірге енгізуге жәрдем жасаған Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметшілерін және олармен байланыстағы қызметшілерді де қоса есептегенде, және де, өз парыздарын атқару үстінде өмірлерін қиғандарға тиісінше оңды бағасын беруге көмектесуді көздейді...
2009 жылы атап өтілген Бірінші Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні басқаларды құтқару кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналды.
ОҚИҒАЛАР
7 жыл бұрын (2003) Оралда Батыс Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдардың бірінші конференциясы өтті.
5 жыл бұрын (2005) Өскеменде Үлбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды.
Жаңа көпір алты жолақты қатардан тұрады. Бір бағыттағы жолдың ені - 11,5 метр, ал бір жолақтың ені - 3,83 метр. Жаңа көпiр негiзгi Үлбi көпiрiнен көлiк ағымын едәуiр жеңілдетеді.
3 жыл бұрын (2007) елорда бағының аумағындағы футбол алаңында халықаралық стипендияның иегерлері қатысқан «Болашақ-2007» тұңғыш спартакиадасы болып өтті.
Ұйымдастырушысы - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. Командалар оқитын елдеріне қарай құрылды. Спартакиадаға «Болашақ» стипендиясының иегерлері ғана емес, сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің командалары және де мемлекеттік қызметте жетекші лауазымдарды атқарып жатқан бағдарлама түлектерінің командасы қатысты. Жарыс бір мезгілде екі алаңда өтті. Олардың бірінде эстафета (кедергілер арқылы жүгіру), команданың үздік ұраны конкурсы, сонымен қатар жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстанның 6 мәрте чемпионы, Ұлттық құраманың халықаралық шебері Рүстем Садықовпен бір мезгілде ойналатын ойын сеансы ойналды, ал екінші алаңда футболдан турнир өтті.
Шараның мақсаты - стипендиаттар қатарын нығайту және салауатты өмір салтын уағыздау.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда ислам негіздері бойынша жасалған мультимедиялық жобаның таныстырылымы өтті.
Бұқараға арналған ақпараттық-танымдық сипаттағы бұл басылымда Исламның 5 қағидасы мен діннің алты қағидасы жан-жақты көрініс тапқан. Әрбір бөлімнің мәтінді, дыбысты және бейне түсініктемесі мен намаз оқудың 3D пішіндегі техникалық сипаттамасы бар. Сонымен қатар Құранның мазмұндық аудармасы, Қадистер топтамасы, дін негіздері туралы еңбектер мен Пайғамбардың өмірі туралы жазылған материалдар топтастырылған. Нақтырақ айтқанда 2,5 сағаттық бейне файлдар, 34 сағаттық дыбыс фрагменттері, 5 кітап пен 100 шақты ғылыми мақала бар. Мультимедиялық бұл жоба жұртшылыққа DVD дискі пішінінде ұсынылып отыр.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) «Базис-А» холдингтік компания басқармасының және Директорлар кеңесінің төрағасы БЕЛОВИЧ Александр Якубович дүниеге келді.
Бішкек қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті).
Еңбек жолын 1974 жылы Қазақ өнеркәсіп құрылысын жобалау ғылыми зерттеу институтында техник болып бастаған. 1976-1992 жылдары - Алматы үй құрылысы комбинаты ҚМБ-2-нің монтаждаушысы, шебері, прорабы, аға прорабы, бас инженері, ҚМБ-3-тің бастығы. 1992-1994 жылдары - «Базис» шағын өндірісінің директоры, «Базис» құрылыс компаниясының президенті. 1994-1996 жылдары - Алматы қалалық әкімшілігі басшысының орынбасары, әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 1996 жылдан.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 20-Ы, ЖҰМА
Эстония тәуелсіздігін қалпына келтіру күні. 1991 жылы 20 тамызда Эстон КСР Жоғары Кеңесі КСРО құрамынан тыс, ұлттық тәуелсіз Эстония мемлекетін құру туралы шешім қабылдады.
Эстония - Еуропаның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Фин бұғазымен, батысында Балтық теңізімен, оңтүстігінде Латвиямен, шығысында Ресеймен шектеседі. Астанасы - Таллин. Мемлекеттік тілі - эстон тілі. Ақша бірлігі - крона.
ОҚИҒАЛАР
6 жыл бұрын (2004) Ресейдің мемлекеттік қызмет академиясында қазақстандық «SHYGYS» журналының таныстырылымы өтті.
Журналдың редакция алқасының төрағасы - Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов.
«SHYGYS» халықаралық ұлттық журналдың бірінші саны - қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде шықты
5 жыл бұрын (2005) Алматыда тамыздың 20-25 аралығында Шанхай қаласының (ҚХР) мәдени күндері өтті.
Шара аясында белгілі Лю Хай Су галереясы мұражай экспонаттарының көрмесі, «Шанхайские впечатления» атты фотокөрмесі, Шанхайдың халық аспаптар оркестрінің концерті өтті және «Жабайы зебра» балеті қойылып, төрт қытай фильмдерінің көрсетілімі болды.
Шанхай Шығыс-Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің сағасында орналасқан. Экономикасы дамыған үлкен мегаполис ретінде танымал. Қаланың ауданы - 6 мың шаршы метр.
3 жыл бұрын (2007) Ақмола облысының Степногорск қаласында «Молодежь, окружающая среда и устойчивое развитие: понимание и участие» атты республикалық жастардың экологиялық форумы өтті.
Ұйымдастырушысы - БҰҰ қоршаған ортаны қорғау (UNEP) бағдарламасының қолдауымен «Адам денсаулық институты» атты жастардың қоғамдық бірлестігі.
Мақсаты қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын үкіметаралық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметімен жастар тобы өкілдерін таныстыру, ұлттық жастар экожүйені нығайту үшін белсенді жастарды біріктіру, жастар мен мемлекеттік қызметтер және қоғам арасындағы ынтымақтастықты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге бағыттау болып табылады.
3 жыл бұрын (2007) Петропавлда қазақстандық атақты велошабандоз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуровке Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғынының куәлігі табыс етілді.
2006 жылдың қыркүйек айында, облыстың 60 жылдығы атап өтілген шаралар аясында, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен А.Винокуров тоғыз адамның қатарында «Солтүстік Қазақстанның Құрметті тұрғыны» атағына лайық деп танылған болатын.
ЕСІМДЕР
95 жыл бұрын (1915-1996) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ТӘЖІБАЕВ Лашқар Есенқұлұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында (Төлеби ауданы) туған. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын (Ташкент ирригация және мелиорация институты) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942-1943 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінде инженер, басқарма бастығы. 1943-1949 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің су шаруашылығы және энергетика тобының бастығы, аға референт. 1949-1951 жылдары - Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы Ғылым академиясының Қазақ бөлімі республикалық тәжірибе-мелиориация станциясының директоры. 1951-1962 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) деканы. 1962-1963 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің Су қорларын пайдалану және қорғау жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бастығы. 1963-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Гидротехника және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік жерлерді суландыруға және мәдени жайлымдарды автоматтандыруға арналған. «Водные ресурсы и схемы водоснабжения сельскохозяйственных территорий» (1963г.), «Основы водоснабжения сельскохозяйственных районов Казахстана» (1970ж.), «Автоматизированное культурное пастбище» (1987ж.), «Основы гидравлики и гидромеханизации сельскохозяйственного производства» (1986ж.), «Ауыл шаруашылық тұтынушыларын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру» (1992ж.) атты еңбектері жарық көрген. 2003 жылы Қазақтың ұлттық аграрлық университетінің «Гидротехника және мелиорация» кафедрасына профессор Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаевтің аты берілген.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
45 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы ӘБЕНОВ Мұрат Абдуламитұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 1990-1991 жылдары -Сәкен Сейфуллин атындағы № 4 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі. 1991-1993 жылдары - Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің кадр және негізгі қызмет жөніндегі инспекторы, Қызылорда қаласындағы 1 май атындағы №1 Қазақ мектеп-лицейі директорының оқу ісі және тәрбие жөніндегі орынбасары. 1993-1998 жылдары - Алматы қаласындағы «Атамекен» ЖШС директорының коммерциялық қызмет жөніндегі орынбасары. 1998-2000 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының бақылау-ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы. 2002-2005 жылдары - Қызылорда облыстық ішкі саясат департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2007 жылғы ақпанынан тамызға дейін Қызылорда облысы әкімінің аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы азаматтық қоғам институттарымен, мәслихаттарымен байланыс кеңесінің мүшесі.
ТАМЫЗДЫҢ 21-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украиндық мүсінші Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің 15-жылдық мерейтойына арналған «На страже священных рубежей» атты фотокөрмесі өтті.
Көрмеге шекара баспасының фотокорреспонденті, прапорщик Сәбит Сариевтің Қазақстанның мемлекеттік шекарасының қызметі бйнеленген жұмыстары қойылған.
3 жыл бұрын (2007) Оңтүстік Қазақстан облысында Украин ұлттық-мәдениет орталығы құрылды.
Украин мәдениет орталығының басты міндеті - облысты мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайту.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменде «Дала әні» және «Көшпелілер» атты екі жаңа мүсіндер орнатылды.
Мүсіндердің авторы - қазақстанның танымал дизайнері Жанат Елубаева. «Дала әні» - ерекше композиция. Аталмыш мүсінің аталу себебі, ол жерде кішкене ғана жел соққан кезде ерекше бір дыбыс шығаратын камертон орналасқан. Бірінші мүсінің таяу маңында «Көшпелілер» орналасқан.
Бұл шығармалардың басты идеясы атамұраны насихаттау болып табылады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1935) баскетболдан КСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО Денешынықтыру ісінің үздігі ЮМАШЕВ Шора Қадырұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Қордай ауданы Ақтерек ауылында туған. 1974-1981 жылдары Алматының жоғары мастерлер лигасында ойнаған «Университет» құрама командасының жаттықтырушысы болды. «Университет» құрама командасы КСРО біріншілігінде 6 орынға, Вильнюсте өткен КСРО халықтары VІІ Спартакиадасында 4 орынға ие болған. 1984-1987 жылдары Ангола Республикасы құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарды. 1987 жылдан Қазақстан Республикасы Спорт, және туризм министрлігінің спорт комитетінің бас жаттықтырушысы, бас хатшысы, Қазақстан Республикасы баскетбол Федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Алматы қалалық баскетбол федерациясында және республикалық спорттық шеберлiктiң жоғары мектебiнде жұмыс істейді.
ТАМЫЗДЫҢ 22-І, ЖЕКСЕНБІ
Ресей Федерациясының Мемлекеттік Туы күні. РесейФедерациясыПрезидентінің Жарлығына сәйкес жыл сайын 22 тамызда атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Май ауданының Бозкөл ауылында тәулігіне 10 мың дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды.
4 жыл бұрын (2006) Ақтөбеде Жамбыл көшесі бойындағы паталогоанатомиялық бюросы ғимаратында медицина ғылымының докторы, профессор Саламат Ахметқалиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Саламат Ахметқалиев (1936-2005) Ақтөбе медицина институтын бітірген, сосын ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін өскен. 1997 жылы практикалық медицина саласына өтуіне байланысты, ол бiртұтас паталогоанатомия бюросын құрып, сол саланың дамуына өз үлесін қосты.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында тұңғыш рет үйлену тойының сәнді киімдер үлгісінің көрмесі болып өтті.
Ұйымдастырушысы - ресейлік «Интер Групп» компаниясы.
Көрменің мақсаты - қазақстандықтарды үйлену тойының сәнді киімдер үлгісін тігетін жетекші өндірушілермен таныстыру, шығармашылық және іскерлік қызығушылықты біріктіру, осы саладағы кәсіби тәжірибені алмастыру және жаңа ұтымды келісім шарттарға қол қою.
Шара аясында сәнді киім үлгілерінің шеруі және кішігірім концерт болды.
1 жыл бұрын (2009) Мәскеуде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің резиденциясында танымал журналист, «Қазақпарат» ҰК» АҚ меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваның «Теңдік белгісі» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы және Ресей Батыры Талғат Мұсабаевқа арналған деректі повестің таныстырылымына орайластырылған кездесуге ұшқыш-ғарышкерлер - Юрий Маленченко, Юрий Батурин, Анатолий Арцыбарский, кітаптың бас кейіпкері Т.Мұсабаев, 1992-1994 жылдардағы Ленинск қаласы әкімшілігінің бірінші басшысы Виталий Брынкин және тағдырлары ұзақ жылдар бойы ғарышты игерумен байланысты болған басқа да тұлғалар қатысты.
Кітап «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша басып шығарылды, бастапқы таралымы - 5 мың дана.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1955) жазушы, журналист, «Үркер» журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің мүшесі ТҮМЕНБАЙҰЛЫ Қуандық дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданынында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген.
«Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, Жалын баспасының редакторы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, «Жұлдыз» журналының бөлім редакторы, «Алматы ақшамы» газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің Бас редакторы, Халықаралық журналистика институтында оқытушы, «Ақиқат» журналының редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бастап.
«Қайын сапты кетпен», «Шоқты көрік», «Жүрдек поезд», «Каникулды күткен қыз», «Жігіттің Көктөбесі» атты повестер мен әңгімелердің, «Қанаты күйген қызғыш құс» деректі повестінің, «Сотталған домбыра», «Жібек жолы» әңгімелердің, «Көз», «Қобыздың мұңы» хикаяттар мен әңгімелердің, «Жасыл жанып тұрғанда» роман және әңгімелердің, «Сөздік-словарь» авторы.
Халықаралық «Алаш», «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты. Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы.
55 жыл бұрын (1955) физико-математика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атом энергетикасы комитетінің Анализ және қадағалау басқармасының бастығы ДОНБАЕВ Қалдыбек Мамытұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Новосібір мемлекеттік университетін бітірген.
1977-1996 жылдары - Қазақ КСР ҒА-ның ядролық физика институтының (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы) ғылыми қызметкерi, 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институтының ғылыми жұмысы жөніндегі директордың орынбасары, 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары, 2000-2006 жылдары - Ауыр иондар үдеткіші негізіндегі Салааралық ғылыми-зерттеу кешенінің және Астана қаласындағы ядролық физика институты бөлімшесінің (қосымша) жетекшісі, 2000-2006 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика кафедрасының меңгерушiсі, 2006-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің ғылыми және ғылыми-техникалық даму қызметін бақылау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазаіргі қызметінде - 2009 жылдың мамыр айынан бастап.
«10 жыл Астана» мерейтойлық медальмен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы білімінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.