ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 21-і мен 23-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Электрондық Үкімет» (www.e.gov.kz ) порталында тамыздың 15-і мен 25-і аралығында Мемлекет Басшысының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының І жарты жылдығы бойынша қорытындылары мен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс съезінде атап өткен негізгі 7 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысы жөнінде Интернет-конференция өткізеді.
Тамыздың 21-інде Қорғаныс министрлігінің 1-ші тексеру-бақылау бекетінде әскери-әуе техникасының қатысуымен әскери парадтың дайындығы өтеді.
Тамыздың 21-інде Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жылу энергиясының құнын қайта есептеу жұмыстарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізеді.
Тамыздың 21-інде Білім және ғылым министрлігінде «Халықаралық ынтымақтастық: үлкен жобалар» тақырыбына арналған брифинг болады.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Мәскеу түбіндегі Жуковскінің М.Громов атындағы ұшқыштар институтының жазғы алаңында тамыздың 18-і мен 23-і аралығында «MAKС-2009» Халықаралық авиациялық-ғарыш салоны өтуде.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
ҚОҒАМ
Тамыздың 1-інен бастап жолаушылар пойыздарының плацкарт вагондарының билет құнына төсек жабдықтарының құны қосылады. Жолаушылар төсек жабдықтарын бұдан былай билет кассасында жол құжатын ресімдеу кезінде сатып ала алады. Оған қоса, қыркүйектің 15-іне дейін плацкарт вагондарда ВУ-9 түбіртектері бойынша төсек жаймаларының уақытша сатылымы рұқсат етіліп отыр. Бірақ қыркүйектің 15-інен бастап вагондарда төсек жабдықтарын сатуға тыйым салынады. Жолаушы төсектің құнын билет кассасында төлеуден бас тартса, оны вагонда сатып ала алмайды.
Тамыздың 11-і мен қыркүйектің 30-ында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» қазақстан-жапон көрмесі өтеді.
СПОРТ
Тамыздың 21-23 күндері «Астана" командасының велошабандоздары Ирландия турына қатысады. Онда бұл жолы қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын 7 спортшы қорғамақ. Олар - американдық Лэнс Армстронг, словениялық Яни Брайкович, испаниялық Аймар Субельдиа, Хесус Эрнандес, Хосе Луис Рубьер, украиналық Ярослав Попович пен швейцариялық Михаэль Шор.
АСТАНА
Тамыздың 21-інде Министрлер үйінің алдында жаяу жүргіншілер көпірінде «Хат-хабар» республикалық қоғамдық науқанына арналған брифинг болады.
Тамыздың 21-інде «Автомобилист» футбол алаңында Конституция күніне арналған Астана қаласының соты мен Астана қаласының Сот Әкімшісі қызметкерлері арасындағы спартакиада басталады.
Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 4-і аралығында елордада жол-көлік апатынан жарақаттанудың алдын алу мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» жедел-алдын алу шарасы өтеді. Жаңа оқу жылының басында жол полицейлері «Нұр Отан» ХДП және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен бірігіп, қалалық орта білім мекемелерінің айналасындағы көшелерді тексеріп шығады.
АЛМАТЫ
Тамыздың 5-і мен қыркүйектің 5-і аралығында Алматыда қоршаған ортаның сапасын жақсарту мақсатында «Таза ауа» айлығы өткізіледі. Айлық аясында қалаға кіре беріс жолдар мен көлік магистралдарында автокөліктерден шығатын түтін мен улы газдардың нормасына, атмосфералық ауаны ластаушы бірқатар кәсіпорындардың табиғатты қорғау қызметіне, жанармай құю стансаларында сатылатын көлік жанармайларының сапасына мониторинг жасау көзделген.
Тамыздың 22-24-інде «Атакент» көрме орталығында тері өнімдерінің «LESHOW-2009» халықаралық көрмесі өтеді
Тамыздың 21-інде Алматы әкімдігінде «ҚР Конституциясы - қоғамды демократияландырудың негізі» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Тамыздың 23-і күні Алматыда адам саудасына қоғам назарын аударуды көздейтін «Еркін бол!» деп аталатын азаматтық акция өтеді. Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу күні болатын бұл шараны "Бірлік" бастамашылар тобы ұйымдастырып отыр.
Алматыда тамыздың 26-сында үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтеді.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР
ТАМЫЗДЫҢ 21-І, ЖҰМА
Қасиетті Рамазан және мұсылмандардың бес парызының бірі - Оразаның басталу күні. 2009 жылғы тамыздың 21-і - 1430 хижра жылының 1-ші рамазаны.
Орыс актері, КСРО халық әртісі, РКФСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Никулин Юрий Владимировичті (1921-1997) еске алу күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1991) Елбасы Жарлығымен республикада Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты еліміздің егемендігін, мемлекеттілігін, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына кірді.
9 жыл бұрын (2000) Алматыда украин халқының ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың (1814-1861) ескерткіші ашылды. Ескерткіш салмағы 12 тонна, биіктігі 3,5 метр. Авторы - украиндық мүсінші Виталий Рожик. Оңтүстік астанаға украин халқының сыйлығы Алматы әкімшілігі мен Украин елшілігінің бастамасымен жасалынды.
9 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
8 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Қызмет» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы» қаулысы жарық көрді.
5 жыл бұрын (2004) Ә.Қастеев мұражайында «ICOMOS Қазақстанда» атты жаңа қоғамдық ұйымның тұсаукесер рәсімі өтті. ICOMOS мақсаты - әлемдегі мәдени мұралардың сақталуына көмек көрсету. Әлемде 7 мыңға жуық жеке тұлға мен ұйым аталған ұйымның мүшесі. Олар өз қызметтерін 110 елде орналасқан ұлттық комитет желілері арқылы жүзеге асырады.
50 жыл бұрын (1959) Гавай аралдары АҚШ құрамына елдің 50-ші штаты болып қосылды.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1959) опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі КАЗАКЕВИЧ Александр Пахомович дүниеге келді.
Ресейдің Витебск облысында туған. Санкт-Петербор университетінің физика-математика факультетін бітірген. Санкт-Петербор консерваториясының опера әншілері курсында оқыған. 1923-1924 жылдары - Мәскеудегі Зимин опера театрының әнші. 1925-1930 жылдары - Новосибирск, Пермь, Свердловск, Самара (Куйбышев) опера театрларының әншісі. 1931-1935 жылдары - Санкт-Петербор опера және балет театрының әншісі. 1935-1959 жылдары Алматыда Қазақ опера және балет театрының әншісі болды. Мұнда А.Зильбердің «Бекет» операсында Осиптің партиясын орындаған. Оның репертуарында: Борис (М.Мусогорский «Борис Годунов»), Кончак (А.Бородин «Князь Игорь»), Листницкий (И.Дзержинский «Тынық Дон»), тағы басқа партиялар болды.
45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі ҚАЗЫХАНОВ Ержан Хозеұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияны және Үндістан халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-2000 жылдары - Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігінің кеңесшісі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры. 2003 жылдан Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.
2 медальмен марапатталған.
125 жыл бұрын (1884-1969) Венесуэланың бұрынғы президенті, жазушы ГАЛЬЕГОС Ромулодүниеге келді.
Ол Венесуэланың 38-ші президенті Висент Гомес тұсында сенатор болды, бірақ аз уақыттан кейін қызметтен бас тартып, Испанияға қоныс аударды. 1935 жылы отанына оралып, білім беру министрі болып сайланды. 1948 жылы ақпанда Ромуло Бетанкура тақтан тайғаннан кейін президент болды. Сол жылы қарашада қорғаныс министрі Дельгадо Чальбо оны президенттіктен тайдырды.
Гальегостың «Вьюнок», «Донья Барбара», «Земля под ногами» атты романдары бар. «Донья Барбара» романы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, оқиға желісімен көркемфильм түсірілген. 1964 жылы Ромуло Гальегос халықаралық сыйлығы тағайындалды.
ТАМЫЗДЫҢ 22-СІ, СЕНБІ
Ресей Федерациясының Мемлекеттік туы күні. Қазіргі көк-ақ-қызыл жолақты Ресей туы 1994 жылғы тамыздың 22-сінде мемлекеттік нышанға айналған. Ол туралы Жарлыққа сол кездегі Ресей Президенті Борис Ельцин қол қойған. Алғаш рет бұл түстерді Ұлы Петр пайдаланған екен. Бұл алыс қашықтықтан көрінетін болғандықтан, белгі ретінде пайдаланылған. Кейіннен Бірінші Петр оны Әскери флот туы ретінде бекіткен. Содан соң ақ-көк-қызыл жолақты ту Ресей сауда флотының туы ретінде бекітіліп, сонымен бір мезгілде ол Ресей мемлекетінің нышанына айналды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
100 жыл бұрын (1909) Уфа қаласында ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты.
20 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында қазақ тілі - мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бұл Заң 1990 жылғы шілденің 1-інде күшіне енді.
145 жыл бұрын (1864) соғысып жатқан армиялардың жараланған солдаттарына көмектесу жөніндегі Женева конвенциясына 16 мемлекет қол қойды. Конвенция соғыс кезінде әскери госпитальдар мен медицина қызметкерлеріне ешкім тимейтіндеріне кепілдік етті. Олардың ерекшелік белгісі - ақ матадағы қызыл крест. Осылайша Қызыл крест ұйымы дүниеге келді.
20 жыл бұрын (1989) Литва Жоғарғы кеңесінің арнайы комиссиясы 1940 жылы Латвия, Литва және Эстония КСРО-Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы заңсыз түрде қосылған деген қорытынды жасады.
ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1959)Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы АЮБАЕВ Мұхтар Ақатұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын бітірген. Алматы облысы Кербұлақ аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шымкент облысы бойынша басқармасының жеделуәкілі қызметтерін атқарған. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талдықорған облысы бойынша басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, хатшылық бастығы. 1995-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жеке күзетінің бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары, бастығы. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің 1-ші департаменті бастығының орынбасары. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары. 2004-2006 жылдары - Республикалық гвардия қолбасшысының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.
2-ші дәрежелі «Айбын» орденімен, медальдармен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 23-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық жұмыс күшін сату құрбандарын еске алу күні. ЮНЕСКО-ның бастамасы бойынша, адамзат тарихындағы осы жайсыз жағдайлардан сақтандыру және құлдарды өз бостандығы үшін күресуге шақыру мақсатында аталып өтіледі.
Беларус Республикасының мемлекеттік статистика қызметкерлері күні.
Ресей Федерациясының Әскери даңқ күні. Кеңес армиясының Курск доғасында неміс әскерлерін жеңген күні.
Литвада аза лентасы күні. 1939 жылы тамыздың 23-інде Мәскеуде шабуыл жасамау және оған құпия хаттамалар (Молотов-Риббентроп келісімі) туралы кеңес-герман келісіміне қол қойылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
13 жыл бұрын (1996) Алматы қаласында, Достық даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысына ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды.
13 жыл бұрын (1996) Алматыда қырғыз елінің елшілігі ашылды.
7 жыл бұрын (2002) Н.Назарбаев Қарағанды қаласының құрметті азаматы атанды.
3 жыл бұрын (2006) Көкшетауда «Шахматы Казахстана» атты республикалық журналдың алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бас редакторы - әйгілі шахматшы, халықаралық гроссмейстер Серікбай Темірбаев. Түрлі-түсті 34 беттік, әр тоқсанда бір рет шығарылатын журнал республика көлемінде таратылады. Басылымның тұсаукесер санында шахмат тарихынан мәтіндер, соңғы шахмат спартакиадалары, турнир қорытындылары, шахмат жөніндегі теориялық мақалалар берілген.
95 жыл бұрын (1914) Жапония Германияға соғыс жариялады.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының академигі және бірінші вице-президенті БИЖАНОВ Ақан Құсайынұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Алматы машина жасау зауытының Партия комитеті хатшысының орынбасары болған. 1993-1994 жылдары - Алматы қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат мәселелері комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі. 2000-2005 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімінің кеңесшісі. 2005 жылы Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парламентіне депутат болып сайланған.
«Республика Казахстан: демократическая модернизация общества переходного периода» атты кітаптың авторы.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
55 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымының кандидаты, профессор ҚУАНЫШЕВ Төлеген Шаңғытбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақтөбе педагогикалық институтының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру департаментінің бөлім, басқарма бастығы. 2002 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшылық меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісі болып істейді.
110 жыл бұрын (1899-1983) бельгиялық және американдық биохимик КЛОД Альбердүниеге келді.
Бельгияда туған. 1929-1950 жылдары АҚШ-та тұрған. Ол биологияда алғашқылардың бірі болып электронды микроскопты пайдаланған. Оның көмегімен митохондрияның дем алу функциясын тапқан. 1974 жылы ол өзінің 2 әріптесімен физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығын иеленген. Ғалым Брюссель, Рокфеллер университеттерінің профессоры, Франция, Бельгия медицина академияларының мүшесі, Американың Ғылым және өнер академиясының құрметті мүшесі болған.