ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 24-і мен 30-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 24-і мен 30-і  аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Электрондық Үкімет» (www.e.gov.kz )  порталында тамыздың 15-і мен 25-і аралығында Мемлекет Басшысының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының І жарты жылдығы бойынша қорытындылары мен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс съезінде атап өткен негізгі 7 бағыт бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру барысы жөнінде Интернет-конференция өткізеді.

 Тамыздың  24-інде  Ішкі істер министрлігінде апталық  брифинг  өтеді.

 Тамыздың  24-інде Сыртқы  істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.

 БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.

 ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Тамыздың  29-30-ында Мәскеуде «Адамдарды құлдыққа сатумен  күресудегі      халықаралық  ынтымақтастықты  жетілдіру»  тақырыбында  халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция    өтеді.

 СПОРТ

 Тамыздың 29-30-ында Санкт-Петербордағы  «Петербургский»   спорттық-концерт кешенінде  өтетін  мүгедектер  арбасындағы    спорттық   бал билерінің  «Құрлық кубогы»  халықаралық турниріне    қазақстандық  мүгедек спортшылар   қатысады.

 ҚОҒАМ

Тамыздың 1-інен бастап  жолаушылар пойыздарының  плацкарт  вагондарының  билет  құнына  төсек  жабдықтарының    құны қосылады. Жолаушылар төсек  жабдықтарын    бұдан былай билет кассасында     жол құжатын   ресімдеу кезінде    сатып ала алады. Оған қоса,       қыркүйектің 15-іне  дейін  плацкарт  вагондарда  ВУ-9  түбіртектері  бойынша   төсек жаймаларының уақытша сатылымы    рұқсат етіліп отыр.     Бірақ    қыркүйектің  15-інен бастап     вагондарда төсек жабдықтарын сатуға  тыйым салынады.  Жолаушы   төсектің  құнын   билет кассасында төлеуден бас тартса,  оны вагонда    сатып  ала алмайды.

Тамыздың 11-і мен  қыркүйектің 30-ында   БҰҰ-ның  Нью-Йорктегі   штаб-пәтерінде  «Ядролық қаруға  жол жоқ»  қазақстан-жапон көрмесі өтеді.

АСТАНА

 Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 4-і аралығында  елордада жол-көлік апатынан жарақаттанудың алдын алу мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» жедел-алдын алу шарасы өтеді. Жаңа оқу жылының басында жол полицейлері «Нұр Отан» ХДП және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен бірігіп, қалалық орта білім мекемелерінің айналасындағы көшелерді тексеріп шығады.

Тамыздың  24-інде   Конгресс-холда   Астана  әкімі И.Тасмағамбетовтың  қатысуымен  елордалық  педагогтардың тамыз  кеңесінің     қалалық   пленарлық   отырысы  өтеді.

Тамыздың  24-інде Бас прокуратурада  «Прокурорлық қадағалаудың   қазіргі  кезеңдегі   өзекті  проблемалары»  тақырыбында семинар болады.

Тамыздың 24-інде Тұңғыш  Президент мұражайында  «Қазіргі заманғы мұражай: Ғылым. Дәстүр.  Инновациялар» тақырыбында    халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция   өтеді.

Тамыздың  24-інде  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ында  «Электрондық үкімет» веб-порталының жаңа  электрондық   қызметтері»   тақырыбына  арналған    баспасөз мәслихаты  өтеді.

Тамыздың   24-інде   Оқушылар  сарайында  Астана  мұғалімдерінің   «Жұлдызды  шашу»     фестивалі  өтеді.

  АЛМАТЫ

  Тамыздың 5-і мен қыркүйектің 5-і аралығында  Алматыда қоршаған ортаның  сапасын жақсарту   мақсатында «Таза ауа» айлығы өткізіледі.     Айлық аясында  қалаға кіре беріс жолдар мен көлік  магистралдарында автокөліктерден шығатын түтін  мен улы газдардың  нормасына, атмосфералық  ауаны ластаушы  бірқатар  кәсіпорындардың  табиғатты қорғау  қызметіне, жанармай  құю  стансаларында  сатылатын  көлік  жанармайларының  сапасына мониторинг  жасау көзделген.

Алматыда тамыздың 26-сында үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтеді.

 ТАМЫЗДЫҢ 24-І, ДҮЙСЕНБІ

 Либерия байрағы күні.

  Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). 1991 жылғы тамыздың 24-індегі Украин КСР-і Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы шешімімен тәуелсіз Украина мемлекеті құрылды. Украина - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Беларуспен, солтүстігі және шығысында Ресеймен, оңтүстік-батысында Румыния, Молдовамен, батысында Венгрия, Словакия, Польшамен, оңтүстігінде Азов және Қара теңіздермен шектеседі. Астанасы - Киев қаласы. Мемлекеттік тілі - украин тілі. Акша бірлігі - карбованец.

Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-інде орнатылды. Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Амангелді Жұмабаев.

 Қырғыстан ІІМ Ішкі әскерінің күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 3-індегі  қаулысымен бекітілген.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 13 жыл бұрын (1996) Алматы облысы Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.

 11 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

 10 жыл бұрын (1999) Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзян Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үш жақты келісімге қол қойды.

ЕСІМДЕР

 60 жыл бұрын (1949) мемлекет қайраткері СӘРСЕМБЕКОВ Төлеген Тәжібайұлы дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1978-1985 жылдары - Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің жетекші инженері, басқарма бастығының орынбасары, Қазақ КСР Су ресурстары мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болған. 2000 жылдан бастап «Қазақстанның су ресурстары және қоршаған ортаны қоршау» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарған.

 60 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі БАЯНОВ Ғани Балмұханұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.

«Жазушы Айымбетовтың портреті», «Қолшатыр астындағы екеу», «Қобызда ойнап отырған қыз» т.б. туындылардың авторы.

 ТАМЫЗДЫҢ 25-І, СЕЙСЕНБІ

 Шығыс Уругвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1825). Уругвай - Оңтүстік Америка құрлығы орталық бөлігінің шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Бразилиямен, батысында Аргентинамен, шығысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Монтевидео қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - уругвай песосы.

 Парагвайдың Конституция күні. Парагвай - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен солтүстік-батысында Боливиямен, шығысында Бразилиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Аргентинамен шектеседі. Астанасы - Асунсьон қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гуарани.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 50 жыл бұрын (1959) Қытай тарапынан басқыншылық әрекет байқалған жағдайда, үндістан Бутанды (Гималайдағы мемлекет, Үндістан мен Тибет (қытай) арасында орналасқан) қолдайтыны турал мәлімдеме жасады.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1919-1987) жазушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері МАЦКЕВИЧ Олег дүниеге келді.

Ресейдің Калуга қаласында туған. 1937 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген. «Пионер Казахстана», «Ленинская смена» және «Казахстанская правда» газеттерінде қызмет атқарған. 1952 жылы натуралист-жазушы М.Зверевпен бірігіп, алғашқы «Голубая пещера» кітабын жазған. 1959-1966 жылдары Алматы мен Мәскеуде шыққан «Дороги и встречи», «Огни Казахстана», «Сердце каменных гор», «Мангышлак - полуостров сокровищ», «Дорога через столетия» және тағы басқа кітаптары бар. 1968-1985 жылдары «Путь в страну Семи рек», «Страница жизни генерала Лукача», «Самые светлые ночи», «Вечно живые родники», «Жажда открытий», «Автограф на память», «Три цвета радуги», «Розы черных гор», тағы басқа прозалық кітаптары шыққан.

Бірнеше медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

  55 жыл бұрын (1954) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ИЛЯЕВ Сұлтан Ғаниұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Шымкент педагогикалық институтын бітірген. Қылқалам шеберінің «Бақ», «Жанұя», «Кешкі сарын», т.б. туындылары, «Менің ауылым» гобелені бар.

 125 жыл бұрын (1884-1964) итальяндық органшы, композитор ФЕРРАРИ-ТРЕКАТЕ Луиджи дүниеге келді.

Парма консерваториясын бітірген. 1914 жылдан Римини музыкалық мектебіне басшылық жасаған. 1929-1955 жылдары Парма консерваториясының директоры болған. композитордың 13 операсы, оның ішінде Ла Скала театрында қойылған «Гирлино», «Король-аю» опералары бар.

 ТАМЫЗДЫҢ 26-СЫ, СӘРСЕНБІ

  Украинаның авиация күні.

 Испаниядағы өнім мейрамы - «Томатина». Бұл мерекені жыл сайын тамыз айының соңғы сәрсенбісінде атап өтеді. Осы күні Валенсияға таяу орналасқан Буньол қалашығы шайқас алаңына айналып, көшеге мыңдаған адам шығып, қызанақпен атысады. Дәстүрге айналған қызанақ атысы 60 жылдан астам уақыт жалғасын табуда. 1959 жылы қызанақ атысына ресми түрде тыйым салынды. Бірақ, қала тұрғындарының өтініші бойынша үкімет органдары рұқсат беруге мәжбүр болды.

 Намибияда батырлар күні. 1993 жылы тамыздың 16-ында Украина Президентінің Жарлығымен бекітілген.

 Абхазияның тәуелсіздік алған күні. 2008 жылы тамыздың 26-ында Ресей Федерациясы Абхазияның тәуелсіздігін тану туралы Жарлыққа қол қойғанын жариялады.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 11 жыл бұрын (1998) Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ұлы тарихшы, шығыстанушы, ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхамед Хайдар Дулатиге ескерткіш орнатылды.

 10 жыл бұрын (1999) Қазақ ұлттық университеті ғимаратында академик Өмірбек Жолдасбековке ескерткіш тақта орнатылды.

 220 жыл бұрын (1789) Францияда «Адам және адамзат құқықтары» декларациясы қабылданды. Онда халық тәуелсіздігі қағидаттары, адам және адамзат құқықтарының заң жүзіндегі теңдігі, адамның жеке басының бостандығы, сөз, ар-ұждан бостандығы жарияланды. Декларацияның негізгі ережелері 1791  жылғы және одан кейінгі француз конституцияларына, сонымен қатар көптеген басқа да мемлекеттердің конституцияларына енді.

 ЕСІМДЕР

 70 жыл бұрын (1939) «Монтажарнайықұрылыс» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы ӘМІРОВ Құлман Молдазымұлы дүниеге келді.

Қырғыстан Республикасының Фрунзе қаласында туған. Қазақ технологиялық институтын бітірген. «Ертіскөмір» өндірістік бірлестігінде, «Павлодарсантехмонтаж» Екібастұз телімінде істеген. 1970-1974 және 1981-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болған. 1974-1979 жылдары - Қазақ КСР Монтаждық және арнайы құрылыс жұмыстары министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1991-1993 жылдары - «Қазмонтажарнайықұрылыс» мемлекеттік концернінің бірінші вице-президенті. Қазіргі қызметінде 1993 жылдан бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

 55 жыл бұрын (1954-1995) кинорежиссер САЛЫҚОВ Қалықбек Садықұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы театр және кино институтын бітірген. 1980-1981 жылдары Шымкент облыстық драма театрында режиссер болып қызмет атқарған. 1981 жылдан бастап кино түсірумен айналысады.  Режиссердің ассистенті, екінші режиссер болып тәжірибе жинақтаған. 1984 жылы алғашқы көркем фильмі «Торды» түсірген.  Сондай-ақ, оның «Балкон», «Желтоқсан көңілдестері» фильмдері бар.

 ТАМЫЗДЫҢ 27-СІ, БЕЙСЕНБІ

 Молдова Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Молдова - Еуропаның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі, шығысы және оңтүстігі Украинамен, батысы Румыниямен шектеседі. Астанасы - Кишинев қаласы. Мемлекеттік тілі - молдован тілі. Ақша бірлігі - молдова лейі.

Қазақстан Республикасы  мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 31-інде орнатылды.

 Ресей Федерациясының Кино күні.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 90 жыл бұрын (1919) Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешімі қабылданды. Бұл шешімге қарсы Ахмет Байтұрсыновтың саяси наразылығы Қостанайды Қазақстанға қайтаруға негіз болды.

 17 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кино үйінде А.Әшімовтың «Елім-ай» киностудиясы түсірген «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» фильмінің премьерасы болды. 

 17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

 15 жыл бұрын (1994) Алматыда Неміс үйі ашылды.

 8 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаев Алматы-Бішкек тас жолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

 150 жыл бұрын (1859) полковник Эдвин Дрейктің Тайтасвилла қаласының (АҚШ-тың Пенсильвания штаты) маңына орналастырған алғашқы мұнай құбырынан мұнай шықты. Бұл күн американ мұнай өндірісі дамуының басы болып есептеледі.

 54 жыл бұрын (1955) Ұлыбританияда «Гиннес рекордтар кітабының» алғашқы басылымы жарық көрді.

 50 жыл бұрын (1959) КСРО-да мектепті үздік бітірген оқушыларды медальмен марапаттау туралы қаулы қабылданды.

 25 жыл бұрын (984) КСРО жер астында ядролық қару сынағын өткізді.

 ЕСІМДЕР

 70 жыл бұрын (1939) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Діни істер комитеті төрағасының орынбасары МҰҚАШЕВ Аманбек дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Мәскеу энергетика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1981-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1989 жылдары - Алматы ауыр машина жасау зауытының шебері, бөлім бастығы. 1989-1991 жылдары - «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Атқару комитетінің директоры. 1991-1994 жылдары - «Еңбек» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «СФПК-КРАМДС» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының бөлім меңгерушісінің орынбасары, сектор меңгерушісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2000-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің хатшылық меңгерушісі.  Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

«Құрмет» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

 50 жыл бұрын (1959) Атырау облысының прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік кеңесші САРТАЕВ Дастан Шаймерденұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жамбыл облысының Свердлов ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары - Алматы қаласының аудан прокуроры. 1999-2000 жылдары - Ақмола облысы прокурорының бірінші орынбасары. 2000-2004 жылдары - Маңғыстау облысының прокуроры. 2004-2008 жылдары - Ақтөбе облысының прокуроры. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

 125 жыл бұрын (1884-1966) 1947-1954 жылдардағы Франция президенті ОРИОЛЬ Венсан дүниеге келді.

Ол 1947 жылы 4-ші республика жарияланғаннан кейін президент болып сайланған. В.Ориоль билігі кезеңі өте ауыр болды, елде жұмысшылардың жаппай тәртіпсіздігі орын алса, Үндіқытайда, Мадагаскарда, Солтүстік Африкада көтерілісшілермен соғыстар жүріп жатты. Ол мемлекет басқарған 7 жылда 18 үкімет ауысты. Президенттік мерзімі аяқталар уақытта В.Ориоль бұдан былай мүлдем сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді. 1958 жылы Франция Конституциялық кеңесінің құрамына кірді.  

 ТАМЫЗДЫҢ 28-І, ЖҰМА

  ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 20 жыл бұрын (1989)Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет - Сұлтан мемлекеттік қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Қорық мұражай Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш мұражайландырылып халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет - Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық болып табылады.

 13 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері өтті.

 11 жыл бұрын (1998) Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериялы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді.

  8 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді.

 7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесін одан ары дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

 3 жыл бұрын (2006) Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды. Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға.

 45 жыл бұрын (1964) АҚШ Невада ядролық қару сынағын өткізді.

 ЕСІМДЕР

 120 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері АМАНЖОЛОВ Садық Аюкеұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Верный ер балалар гимназиясын, Қазан императорлық университетінің заң факультетін бітірген. 1917 жылдың Ақпан революциясына дейін Жетісу облысының Аягөз, Үржар заң орындарында қызметтер атқарып, Үржар уезі қазақ комитетінің төрағасы болды. 1-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутаттығына бекіткен. Съезден кейін ол «Алаш» партиясының Жетісу өңіріндегі жергілікті ұйымдарын құруға белсене араласты. 1917 жылы 2-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Алашорда үкіметіне - Халық Кеңесіне мүше етіп сайлады. 1918 жылы Лепсі қаласында өткен Жетісу облыстық 2-ші қазақ съезінде  облыстық кеңес мүшелігіне сайланып, Жетісуда және Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға басшылық жасаған. Кеңес әскерлерімен болған шайқастарға қатысып, ауыр жарақаттанды. 1923-1930 жылдары Қазақ АКСР Заң халық комиссариаты жүйесінде қызмет атқарды. 1930 жылы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде, Бішкекте, Ташкентте жұмыс істеген.

 105 жыл бұрын (1904-1977) атақты әнші, Қазақ КСР-інің халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕЛЕБЕКОВ Жүсіпбек дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Мәди ауылында туған. Бес-алты жасынан әншілік өнерге ден қойған. Ән өнерін әкесінің інісі Жақыпбек Балғабайұлынан үйренген. Әншілер Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев шығармашылығымен танысқан. 1920-1930 жылдары Семейдегі «Ес аймақ» труппасының спектакльдері мен бірнеше концерттеріне қатысқан. 1931-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы драма театры), 1935-1960 жылдары Қазақ Мемлекеттік филармониясында қызмет етті. 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әнші - солисі болды. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының спектакльдеріне қатысып, «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан Әлібектің, «Қыз Жібек» пен «Айман-Шолпан» операсынан Төлеген мен Арыстанның партиясын айтып, көптеген драмалық спектакльдерде ойнаған. Ұлы Отан соғысы жылдары концерттік бригаданың құрамында болып, Калинин майданы жауынгерлеріне мәдени қызмет көрсетті. Осы сапарында жауынгер-композитор Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін тұңғыш рет орындап, кейін халық арасында кең түрде насихаттады. 1967 жылдан Қазақ эстрадалық студиясында педагогтық қызметпен айналысқан.

Ж.Елебеков репертуры негізінен халықтың және халық композиторларының музыкалық құрылысы мен тілі күрделі, сыршыл әндері «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей», тағы басқалардан тұрады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндіктерінде, сондай-ақ концерттік сапармен барлық республикаларда, Қытай Халық Республикасында, Моңғол Халық Республикасында, Үндістанда болды. Ж.Елебековтың құрметіне Егіндібұлақ селосындағы музыкалық мектепке, көшеге оның есімі берілген. Ленин ордені, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

 65 жыл бұрын (1944) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БАҚТЫГЕРЕЕВА Ақұштап дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. 1966-1971 жылдары - Орал облысы «Орал өңірі», Талдықорған облысы «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің әдеби қызметкері. 1971-1972 жылдары - «Қазахфильм» киностудиясының редакторы. 1972-1975 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1975-1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясының редакторы қызметтерін атқарған. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста. 1967 жылы  тұңғыш «Өрімтал» өлеңдер жинағы жарық көрген.

«Наз», «Қанышым - іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Белокрылая», «Ақжелең», «Сүмбіле» атты кітаптарының авторы. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы жарық көрді. С.Капутян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.

 «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

 60 жыл бұрын (1949) Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі ӘБУБӘКІРОВ Елкей дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Кеңшардың бас зоотехнигі, Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кеңшардың директоры, «Көкөніс» акционерлік қоғамының президенті, «Рүстем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2004-2006 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары, Мұғалжар ауданының әкімі. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

 115 жыл бұрын (1894-1981) австриялық дирижер, классицизм және романтизм кезеңіндегі неміс және австрия музыкасын шебер орындаушы БЕМ Карл дүниеге келді.

Ол дирижерлік мансабын 1917 жылы Граце қаласында бастаған. 1921-1933 жылдары Мюнхен, Дармштадт, Гамбург қалаларында жұмыс істеген. 1933 жылы Венада алғаш рет Вагнердің «Тристан мен Изольда» операсына дирижерлік еткен.  1934-1941 жылдары Дрезден опера театрында басшылық қызмет атқарған. 1943-1945 және 1954-1956 жылдары Вена операсының директоры болған.  Дирижер Зальцбург, Байройт фестивальдарына қатысқан.  Италия, Франция, Буэнос-айрес, Токио, Мәскеуде гастролдік сапармен болып Моцарт, Штраус, Вагнет, Брукнер, Бетховен шығармаларын орындаған. Вена филармониялық оркестрмен тығыс жұмыс істеп, көптеген жазбалар жасаған. 1967 жылы осы оркестрдің құрметті дирижері атанған. Ол «Грэмми» музыкалық сыйлығын иеленген.

 ТАМЫЗДЫҢ 29-Ы, СЕНБІ

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 60 жыл бұрын (1949) Семей полигонында Кеңес одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді.

 18 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигон жабылғаннан кейін ондағы барлық нысандар және үш ядролық реактор Қазақстан Республикасының меншігіне өтті.

 15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін құру туралы» (қазіргі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекет қызмет академиясы) Жарлығы жарияланды.

 9 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы № 9 мектепке ақын Ғафу Қайырбековтың есімі берілді.

 7 жыл бұрын (2002) Н.Назарбаев «Астана - Бәйтерек» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ел еңсесiнiң биiктiгi Астана-Бәйтерек мұнарасымен бейнеленедi. Құрылысты тұрғызу идеясының авторы еліміздің тұңғыш президенті - Н.Назарбаев. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі - А.Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек - өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі - 97 метр. Бұл  ұлы көштің  жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2812 текшеметр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум, т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар.

 3 жыл бұрын (2006) Астанада «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының жаңа ғимараты ашылды. Жаңа ғимараттың өндірістік алаңы 4 мың шаршы метрді құрайды. Құрал-жабдығы жаңарған бұл жерде 40-тан астам газет түрі басылады.

 ЕСІМДЕР

 390 жыл бұрын (1619-1683) белгілі француздық мемлекет қайраткері, Франция академиясының мүшесі КОЛЬБЕР Жан-Батистдүниеге келді.

Ол Людовик XIV-нің министрі болды. 1665 жылдан финанстың бас интенданты болып, мемлекет билігін түгелге жуық (сыртқы саясат пен әскери ведомстводан басқасын) өз қолына алды.  Кольбердің экономикалық саясаты - меркантилизмнің бір түрі болды. Ол ең алдымен сауда балансын жандандыру, француз өнеркәсібін өркендету, өнеркәсіп бұйымдарын сыртқа көбірек шығару және шет ел өнеркәсіп бұйымдарын  әкелуді қысқарту есебінен мемлекеттік кірісті көбейтуге күш салды. Француз саудасы мен жол қатынасын дамытуға, сауда және әскери флоттың жандануына, отарлар жаулап алуға (Канада, Луизиана, Гвиана т.б.) ықпал етті. Дегенмен оның саясаты елде бірнеше мәрте шаруалар көтерілісінің орын алуына түрткі болды. Кольбер француз мәдениетінің дамуына зор ықпал етіп, Жазба академиясының, Ғылым академиясының, Сәулет академиясының негізін қалады.

 ТАМЫЗДЫҢ 30-Ы, ЖЕКСЕНБІ

 Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданған күн. 14 жыл бұрын (1995) елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасында президенттік билік жарияланды.

 Шахтер күні. Шахтерлердің кәсіби мерекесі. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы қыркүйектің 10-ындағы Жарлығымен бекітілген.

2007 жылы Қазақстанның көмір саласының қызметкерлері кәсіптік мерекелері - Шахтер күнінің 60 жылдығын атап өтті. Мерейтойлық атаулы күнге орай Қазақстанның көмір саласының тарихы туралы фильм, көмір кеніштерін дамытуға қомақты үлес қосқан ардагерлер туралы «Қазақстанның шахтерлік даңқы» атты кітап жарық көрді. Қазақстанның көмір өнеркәсібі ел экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 8-ші орында, республика қойнауында жалпыәлемдік қордың 4 пайызы жатыр: көмір өндірісін 33 компания жүргізуде, олардың 28-і - отандық компаниялар.

 Татарстан Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республика күні. 1990 жылы Татарстанның тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды.

 Байкал күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.

 ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 65 жыл бұрын (1944) КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 1944 жылғы шілденің 31-індегі №6279 қаулысына сәйкес түрік, күрд, хемшилдер Қазақстанға жер аударылды.

 16 жыл бұрын (1993) Алматыда Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы Конгресс өз жұмысын бастады.

 9 жыл бұрын (2000) Өскемен қаласындағы Луговая көшесінің атауы Д.Серікбаев атындағы көше болып өзгерді.

 ЕСІМДЕР

 75 жыл бұрын(1934-2000) Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мәдениетінің үздігі, жоғары дәрежелі төреші БОРИСОВ Михаил Григореевич дүниеге келді.

1964-1994 жылдары коньки тебу спортынан мемлекеттік жаттықтырушы, КСРО Спорт комитетінің Қазақ КСР-і бойынша жаттықтырушысы қызметтерін атқарған. 1974-1984 жылдары әйелдер арасында Еуропа біріншіліктерін ұйымдастыруға қатысып, төрешілік жасаған.

КСРО Спорт комитетінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.

 125 жыл бұрын (1884-1971) швед химигі әрі физигі, Швед Ғылым академиясының мүшесі СВЕДБЕРГ Теодор дүниеге келді.

1907 жылы Упсаль университетін бітіріп, сол жерде істеген. 1949 жылдан Ядролық химия институтының директоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері коллоидты химияға, молекулалардың көлемі мен пішінін анықтауға арналған. 1906 жылы А.Эйнштейнмен М.Смолуховский жасаған броундық қозғалыс теориясын тәжірибе жүзінде дәлелдеді.