ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 5-і мен 9-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: тамыздың 5-і  мен 9-ы  аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

АҚОРДА

Тамыздың 5-інде Ақордада  Мемлекеттік  хатшы Қанат  Саудабаев   Жапонияның Қазақстандағы  Елшісімен  кездеседі.

ҮКІМЕТ

Тамыздың 5-інде  Білім және ғылым министрлігінде   апталық брифинг өтеді.

ТМД

Тамыздың 10-11-інде Мәскеу қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 64-ші сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ТМД және ҰҚШҰ қатысушы мемлекеттердің қадамдарын үйлестіру жөніндегі сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары өткізіледі. Іс-шара барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясындағы басымды мәселелер, БҰҰ реформасы, сандай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі, БҰҰ органдарына сайлау, Ауғанстандағы жағдай және басқа да мәселелерді  талқылау жоспарлануда.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Тамыздың 8-інде   АҚШ Конгресінің республикалық азшылығының басшысы Дж.Боунер бастаған делегация Астанаға келуді жоспарлап отыр. Еліміздің ресми тұлғаларымен жоспарланған кездесулер барысында мұхиттың арғы жағынан келген заң шығарушылар парламентаралық ынтымақтастық, сауда-экономикалық қатынастар және ғаламдық энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмаспақ.

Тамыздың 12-сінде БҰҰ Даму бағдарламасы және ҚР-дағы Ұлыбритания Елшілігінің қолдауымен Қазақстанды жан-жақты мерзімді шолуға (ЖМШ) дайындау жөнінде қорытынды семинар жоспарлануда.Семинар жұмысына мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес органдардың, халықаралық ұйымдардың және Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысады.Жан-жақты мерзімді шолу - Адам құқығы жөніндегі Кеңестің жаңа механизмі, ол төрт жылда бір рет БҰҰ-ға мүше барлық 192 мемлекеттердегі адам құқығы саласындағы саясатты шолуға арналған. Қазақстан ЖМШ-ды 2010 жылы ақпан айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің 7 сессиясы барысында өтеді.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.

СПОРТ

Қазақстанның жеті қаласында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың арасындағы ІІІ спартакиада бағдарламасының финалдық жарыстары өтеді. Жарыстар спорттың сегіз түрі бойынша өтеді. Олар- пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, жүзу, волейбол, үстел теннисі ойындары. Спартакиаданың жабылу рәсімі тамыздың 5-інде Қарағандыда өтеді. Турнир жарыстары сондай-ақ, Қостанай Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтеді. Шараны Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық параолимпиадалық комитет ұйымдастыруда.

Шілденің 31-і мен тамыздың 7-сі аралығында Қырғызстан астанасының корттарында жасы 18-ге дейінгі ойыншылар арасында ITF теннисі бойынша ірі халықаралық турнир өтеді.   Бішкектегі жарысқа  ТМД елдерінен, Вьетнамнан және Үндістаннан теннисшілер қатысады. Дәстүр бойынша Қырғызстандағы мұндай жарыстарға қатысу үшін Қазақстаннан жас теннисшілер келеді.

АСТАНА

Шілденің 20-сынан бастап   Бөгембай батыр даңғылы бойынша көлік құралдарының қозғалысы ішінара (жүру бөлігі бойынша) шектеледі, Осыған байланысты уақытша осы даңғылдың Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі учаскесінде жолаушылар бағыттары қозғалысының  кестесі өзгертіледі. № 2, 106, 109, 116, 119 және 120 жолбағыттар Жеңіс даңғылы-Жангелдин көшесі-Республика даңғылы-Бөгембай батыр даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 4, 16, 20, 36, 45 және  59 жолбағыттар Бөгембай батыр даңғылы бойынша өзгеріссіз, жолаушылар келесі көшелерден түсіріліп-мінгізіледі.  № 8, 34 және 57 жолбағыттары Жеңіс даңғылы - Жангелдин көшесі бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. № 19, 27 және  122  жолбағыттар Бейбітшілік көшесі-Дүкенұлы (Дружба) көшесі-Республика даңғылы бойынша, одан әрі бұрынғы кестемен.  № 117 жолбағыт - Республика даңғылы - Сейфуллин көшесі- Жеңіс даңғылы бойымен, одан әрі бұрынғы кестемен. Шектелген учаскелерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Тамыздың 3-8-і аралығында  Президенттік  мәдениет орталығында  «Мерейтой иелері» кітап  көрмесі  өтеді.

Тамыздың 4-9-ы аралығында Президенттік  мәдениет орталығында  «Тәуелсіз Қазақстан  Республикасы  және оның  негізін қалаушы -  Президент   Нұрсұлтан     Назарбаев»    көрмесі    өтеді.

Тамыздың  5-інде   Астана   қаласы Ішкі істер департаментінде     орган  ардагерлерінің   кездесуі   өтіп,    полиция  бөлімдерінің жандарындағы   Қоғамдық кеңестердің  жұмыс  қорытындысы  шығарылады.

Тамыздың  5-інде   Қаржы полициясы  агенттігінде  брифинг болады.

Тамыздың 5-інде  Есіл ауданының  әкімдігінде  «Есіл ауданының    құрылуының 1 жылдығы»  құрметіне арналған    салтанатты  жиналыс  болады.

АЛМАТЫ

Тамыздың 5-інде «Алматы»  мега-орталығында    дарынды балаларға арналған  конкурстың ашылуына  арналған  баспасөз мәслихаты  өтеді.

Тамыздың 5-інде  Ә.Қастеев атындағы    мұражайда  Б.Талғамбаевтың «Алтын  адам туралы аңыз»   деген тақырыптағы  мерейтойлық көрмесі  ашылады.

АТАУЛЫ  КҮНДЕР.  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР

ТАМЫЗ АЙЫНДА:

90 жыл бұрын (1919) Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым Әулие ата уезі РКП (б) комитетінің органы ретінде «Аулиеатинский вестник» деген атпен шыққан болатын. Газет атауы 1963 жылға дейін «Беднота», «Профессиональный вестник Аулиеатинского уезда», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «Вольная беднота», «За пятилетку», «Сталинский путь», «Коммунист» болып бірнеше мәрте өзгерді. Қазіргі атауымен 1963 жылғы маусымның 1-нен бастап шығып келеді.

48 жыл бұрын (1961) Ақмола облыстық Суретшілер одағы құрылды. Алғашқы ұжым құрамында И.Репин атындағы Ленинград көркемсурет институтының және Львов мемлекеттік қолданбалы және сәндік өнер институтының түлектері: кескіндемешілер Б.Бельтюков, М.Порунин, В.Кучеровский, В.Холуев, А.Свитич, графикшілер В.Толчинский, О.Шелепугин, мүсіншілер Л.Колотилина, Ю.Буштрук, Э.Яблонская, М.Антонюк, В.Товтиндер болды. Басқарманың тұңғыш төрағасы болып кескіндемеші Б.Бельтюков сайланды. 1969 жылы өндірістік цехы және шеберханасы бар «Суретшілер үйі» салынды. Суретшілер одағының мүшелері Астана қаласында, облыстың көптеген аудандарының орталықтарында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық ескерткіштер орнатқан. Бүгінгі таңда осы мекеменің суретшілері Қазақстанның жас астанасының гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Олардың үздік кескіндеме, график, мүсін, қолданбалы-сәндік туындылары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Көрме және аукциондар дирекциясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Астана қаласындағы Қазіргі заман өнері мұражайында сақтаулы. Қазір осынау шығармашылық бірлестіктің 50-ден астам мүшесі бар және үнемі Е.Ралина, Л.Жанпейісова, К.Кажекенов, Н.Терещенко, Г.Телғозиева, Т.Ермеков сияқты жаңа буын таланттармен толығуда.

41 жыл бұрын (1968) Шонжы шекара отряды құрылды.

40 жыл бұрын (1969) Өзен-Атырау-Куйбышев мұнай құбырымен (ұзындығы 711 шақырым) алғашқы мұнай жөнелтілді. Аталған мұнай құбырын тарту жұмыстарына Ақтау қаласының тұрғындары да қатысқан болатын.

28 жыл бұрын (1981) Павлодар көлік және коммуникациялар колледжі құрылды. Бүгінгі таңда аталған оқу ордасы Қазақстандағы ірі және беделді білім мекемелерінің бірі. Колледжде 50-ден астам кабинет, зертхана және 40 000-нан астам кітап қоры бар кітапхана қызмет істейді.

16 жыл бұрын (1993) Қазақстанда Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро ұйымдастырылды.

16 жыл бұрын (1993) Минералды шикізаттарды кешенді өңдеу ұлттық орталығы құрылды. Орталық құрамына Тау-кен ісі институты, Металлургия және байыту институты, Химия-металлургиялық институт (Қарағанды), Шығыс түсті металдар ғылыми-зерттеу тау-кен металлургиялық институты кіреді. Қызметінің негізгі бағыттары - республикада қара, түсті, сирек кездесетін металдардың кен орындарын игеру саласындағы қолданбалы зерттеулер жүргізу және үйлестіру.

9 жыл бұрын (2000) Алматыда, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті Жапон Үкіметінің даму үшін арнайы көмек бағдарламасы (SODA) бойынша Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жапондық халықаралық серіктестік агенттігімен (JІCA) бірлесіп, Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығын ашу жайлы келісімге қол қойды. Орталықтың негізгі мақсаты - Қазақстандағы нарықтық экономиканың өсуі жолында адам ресурстарын дамытуға өз үлесін қосу болып табылады.

ЕСІМДЕР

175 жыл бұрын (1834-1897) әнші, композитор, ақын БІРЖАН САЛ, Біржан Қожағұлұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Орта дәулетті шаруа отбасынан шыққан. Бозбала кезінен ел арасында әншілігімен көзге түсіп, жасы жиырмаға таянған кезде ән шығара бастады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері - Біржан салдың ұстаздары болды. 1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етті. Өзінен бұрынғы айтулы әнші-ақын, сал-серілердің жанына еріп жүріп, тәлім алды. Кейін өзі де айналасына халықтың небір дүлдүл ақын-әнші, өнерпаздарын топтастырды. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді сияқты Арқаның атақты әншілері - Біржан салдың мектебінен өнеге алып, өріс жайған, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне үлес қосқан өнерпаздар. Бізге Біржан салдың 60-қа жуық әндері жеткен. «Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», «Жанбота», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Көкек», «Жонып алды», «Теміртас», «Алтын балдақ», «Көлбай-Жанбай», тағы басқа да құнды әндері бар. Біржан салдың әндері сөзінің де ұлттық бояуымен, бейнелеу құралдарының ерекше көркемдігімен бірегей тұтастық танытады. Сарамен айтысы оны дарынды, суырып салма ақын ретінде дүйім елге атын шығарды.

Біржан салдың музыкалық мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылған. Оның шығармашылық өмірі мен өнеріне А.Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітабында үлкен бір тарау арнады. М.Төлебаев «Біржан - Сара» операсын жазды.

95 жыл бұрын (1914-1937) жазушы, аудармашы, Қазақстан журналистерінің 1-ші съезін ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты ЕРУБАЕВ Саттар Асқарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. 1930 жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярлайтын Алматыдағы курсқа жіберілді. Сол жылы ол Қазақстан оқу комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түсті. Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітірді. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғап, осы еңбегі үшін бәйге алды. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы жарық көрді. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша С.Ерубаев аспирантураға қалдырылды. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, С.Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртты. Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары «Ленинская смена» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің редакторы, Музыка театрының директоры, Жоғары ауыл шаруашылығы мектебі философия кафедрасының ұстазы қызметтерін атқарды.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің «Қарағанды пролетариаты» газеті жауапты редакторының орынбасары болып істеді. 1935 жылдың жазында Ленинград университетінің аспирантурасына түсті. Бірақ меңдеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік берді. Осыдан соң С.Ерубаев Алматыға қайтуға мәжбүр болды. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтында қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан дәріс оқыды. Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерт бар болғаны 24 жастағы Саттарды Алматы қаласындағы Түрксіб ауруханасында алып тынды.

Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер С.Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының 1-ші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды. Толық аяқтап үлгермегенмен, «Менің құрдастарым» романымен, көркем әңгіме, новеллаларымен прозашы ретінде, суреттеме-очерк, мақалалары арқылы - публицист, өлең-жыр, балладалары, эпиграмма, пародиялары арқылы ақын ретінде ол қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын алды.

ТАМЫЗДЫҢ 5-І, СӘРСЕНБІ

Күнәдан тазару түні - Бараат түні (сәрсенбіден бейсенбіге қараған түн). 2009 жылғы тамыздың 5-інен 6-ына қараған түн - 1430 хижра жылының 14-15-ші шағбаны.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

291 жыл бұрын (1718) бүгінде үлкен қалаға айналған Семей әскери бекінісінің іргесі қаланды. Қазір қалада жақсы сақталып қалған бірегей және тарихи ескерткіштер баршылық. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кездерінде салынған ғимараттар мен нысандардың құндылықтары ерекше. Олардың көбісі әлі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бір және екі мұнаралы мешітті, бүгінде оқу мекемелері орналасқан ерлер мен қыздар гимназияларын, мұғалімдер семинариясын атауға болады. Ал көпес Сахноның бұрынғы қонақ үйінде - бүгінде «Бинар» қонақ үйі, ал губернатор үйінде - тарихи-өлкетану мұражайының залдары орналасқан.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына кірді.

12 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Елбасы Н.Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан, Эквадор, Ирландия, Малайзия мен Тунис жаппай қарусыздану жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы конференциясының құрамына кірді.

95 жыл бұрын (1914) әлемдегі алғашқы жол қозғалысын реттейтін бағдаршам орнатылды. Ол тұңғыш рет Огайо штатының Кливленд қаласындағы Эвклид көшесі мен 105-ші Шығыс көшесінің қиылысына қойылды. Бағдаршамның қызыл және жасыл көзі бар болатын. Ескерту дыбыс арқылы берілетін еді.

85 жыл бұрын (1924) Түрік үкіметі көп әйел алушылыққа тыйым салды.

45 жыл бұрын (1964) Америка авиациясы Вьетнам Демократиялық Республикасын бомбалай бастады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысының құрметті азаматы ТӘНЕКЕЕВ Сәйдәлім Нысанбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1947-1949 жылдары - Алматы облысы Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы. 1952-1959 жылдары - Алматы облысы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ұйғыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1960-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Республикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1963-1986 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1988 жылдан Қазақстан Мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін атқарады.

Екі рет І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, Моңғолияның «Құрмет» орденімен, төрт рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Халықаралық кооператив альянсінің «Құрмет белгісі» грамотасымен, бірнеше медальмен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЖЕЛДІБАЕВ Әбдімомын дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1964 жылдан Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 30 жылдан астам уақыт «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік етті.

Композитордың «Арман құс», «Абай арманы», «Жамбыл толғауы», «Тұран елі» сияқты 70-тен астам күйі мен әні бар. Оның «Ерке сылқым» күйі халыққа кеңінен таралған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ТАЛҚАМБАЕВ Бақтыбек Омарұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтының сәулет факультетін, КСРО Суретшілер одағы жанындағы Е.Роземблюмнің дизайн орталық оқу-әдістемелік студиясын бітірген. Қылқалам шебері ұзақ жыл бойы қолданбалы өнердің сан түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол қазақ үйге қажетті есіктер, кебежелер, ыдыс-аяқтарды ағаштан ойды. Сәулетші ретінде Шымкент қаласындағы бірқатар ғимараттардың жобасын жасады. Оның көптеген өнер туындылары Жапония, АҚШ, Франция, Болгария, Норвегия және ТМД елдерінің жеке коллекционерлерінің қорында сақтаулы.

ТАМЫЗДЫҢ 6-СЫ, БЕЙСЕНБІ

Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің  бүкіләлемдік  күні. 1945 жылы тамыздың 6-ында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады. Тарих қойнауына жүгінсек, осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді.

Халықаралық «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» күні. Хиросимаға бомба тасталған күннен бастап, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитетінің шешімі бойынша аталып өтіледі.

Боливия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1825). Боливия - Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және батысында Бразилиямен, оңтүстік-шығысында Парагваймен, оңтүстігінде Аргентинамен, батысында Чили, Перумен шектеседі. Ресми астанасы - Сукре, ал іс жүзіндегі астанасы - Ла-Пас. Мемлекеттік тілі - испан, аймара, кечуа тілдері, дегенмен бұларға қарағанда үнді тілі ауқымды қолданылады. Ақша бірлігі - боливиано. Мемлекет басшысы - Президент.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

53 жыл бұрын (1956) СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Мақта өндіруді арттыру үшін Өзбек КСР-і мен Қазақ КСР-інде Мырзашөлдің тың жерлерін суару және игеру туралы» қаулысы қабылданды.

40 жыл бұрын (1969) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Неке және отбасы» Кодексі бекітілді.

10 жыл бұрын (10) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасының патент заңы», «Жер астында және ашық жерде, аса зиянды және ауыр жұмыс жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» және «Қазақстан Республикасының «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдары жарияланды.

5 жыл бұрын (2004) Ұлы Отан соғысының ардагері Бекболат Хазыровтың «Чтобы помнили» атты кітабы жарық көрді. Автор кітапты 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында, Ленинград майданында ерлікпен шайқасқан жерлестеріне арнаған. Басылым павлодарлық жанұяларда сақталған құжаттар мен суреттер, майдангерлер хаттарындағы соғыс туралы әңгімелер негізінде жазылған. Кітапта 1941 жылы қыркүйекте Свирь өзені бойындағы ұрыста хабарсыз жоғалып кеткен 379 павлодарлықтың есімдері аталып, олардың тағдыры, өмірлерінің соңғы күндері туралы баяндалады.

95 жыл бұрын (1914) Австрия-Венгрия Ресейге соғыс жариялады. Австрия-Венгрия үкіметі өздерінің негізгі мақсаты - Польшаны басып алу екендігін мәлімдеді. Полковник Пилсудский бастаған Польша легионы да соғыс әрекетін бастап кетті. Сол күні Сербия мен Черногория Германияға соғыс ашты.

75 жыл бұрын (1934) 19 жыл бойы АҚШ басқыншылығында болған Гаити аралынан Америка жаяу әскерлері әкетіле бастады.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1924) жазушы, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері ӘДІБАЕВ Хасен дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1959 жылдан Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде ұстаздық еткен.

Жазушының «Уақыт және суреткер», «Талант, талғам, тағдыр», «Көкжиек» атты сын зерттеу кітаптары қазақ әдебиетінің келелі мәселелері әдеби шеберлік пен жанрлар типологиясына, көрнекті қаламгерлердің шығармаларын саралауға арналған. Оның «Таңбалы адам», «Отырар ойраны», «Әупілдек» повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Орыс мектептеріне, арнаулы және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше әдебиет оқулықтарын жазған.

Екінші дәрежелі «Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) әйгілі қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Металлург» футбол мектебінің түлегі ОРДАБАЕВ Құралбек Досжанұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. «Қайрат» футбол командасының құрамында КСРО чемпионатында 185 ойынға қатысқан. Қ.Ордабаев - Халықаралық теміржолшылар одағы жарысы кубогының иегері. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында еліміздің ең үздік қақпашысы атанған. 1992-1995 жылдары - «Қайрат» командасының бастығы, вице-президенті. 1995-2000 жылдары Қазақстан футбол қауымдастығының президенті қызметін атқарған. 2002 жылдан «Қайрат» футбол клубының президенті қызметін атқарады.

60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ТОҚЫШЕВ Қалиасқар Жұбанышұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. КСРО Ішкі істер министрлігінің Әскери-саяси училищесін, В.Ленин атындағы Әскери-саяси академияны бітірген.  1989-1991 жылдары - КСРО Ішкі әскерлері Орталық басқармасының саяси бөлімі жанындағы партия комиссиясының жауапты хатшысы, бақылау комиссиясының төрағасы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің қолбасшысы. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Әскери институты әскери офицерлерді дайындау факультетінің бастығы. 1997-2003 жылдары Қазақстан Республикасы ішкі әскерлері қолбасшысының орынбасары болған.

Медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 7-СІ, ЖҰМА

Кот-д'Ивуар Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Кот-д'Ивуар -Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Мали, Буркина-Фасомен, шығысында Ганамен, батысында Либерия, Гвинеямен шектеседі. Оңтүстігін Гвинея шығанағы алып жатыр. Ел аумағы әкімшілік жағынан 16 аймаққа, ал аймақтар 50 департаментке бөлінеді. Астанасы - Ямусукро қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар акан, кру, вольтек тілдері қолданылады. Ақша бірлігі - Батыс Африка франкі.

Орыс ақыны және драматургы, орыс символизмінің жарқын өкілдерінің бірі А.А.Блокты (1880-1921) еске алу күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1995) Алматы Кино үйінде «Абай» атты фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Президент Н.Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Абай рөлінде Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбай рөлінде Тұңғышбай әл-Тарази және т.б. актерлер ойнады. Сценарийін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апрымов жазған.

11 жыл бұрын (1998) Анкарада Абай паркінің ашылу салтанаты болды.

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларус Республикасының Үкіметі арасында тауар (жұмыс) экспорттау және импорттау кезінде қосымша салық салудың қағидаттарын бекіту туралы», Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (көлік жолдары саласын қайта жаңарту жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (денсаулық сақтау саласының жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (құқық реформасы жобасы) Заңдары жарияланды.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1909-1957) жазушы, Жамбыл шығармаларын тұңғыш орыс тіліне аударушылардың бірі КУЗНЕЦОВ Павел Николаевич дүниеге келді.

Қаламгер 1938-1941 жылдары аралығында «Литература и искусство Казахстана» журналының редакторы болды. Оның «Сом алтын», «Ертіс жағасында», «Майдан лирикасы», «Солдат дәптері», «Жол соқпақтары», «Жол дәптері» өлеңдер жинағы, «Алтай тауларында», «Торғай даласы», «Панфиловшылар» очерктер, әңгімелер жинағы, «Алматыдан Берлинге дейін», «Ұлы достық», «Тастағы гүл» повестері жарық көрді. Көркем аударма саласында Жамбыл Жабаевтың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, «Сұраншы батыр», «Туған елім», «Менің өмірім» поэмаларын орыс тіліне тәржімалады. Жамбылдың өмірі жайлы «Бақытын тапқан адам» атты тарихи роман жазды. Романға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді.

«Қызыл Ту», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты САПАРОВ Табылғали Сатқалиұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Орал облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Чапаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1980-1988 жылдары - Орал облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Приурал (қазіргі Зеленов ауданы) аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. 1988-1992 жылдары - Камен (қазіргі Тасқала ауданы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің және аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1992-1994 жылдары - Тасқала ауданы әкімдігінің басшысы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат комитетінің мүшесі. 1995-1999 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы. 2001-2002 жылдары - Зеленов ауданының әкімі. 2002-2003 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2003 жылдан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

105 жыл бұрын (1904-1971) американдық дипломат, АҚШ-та адам құқығы үшін күресуші, БҰҰ-ның жоғары лауазымды қызметкері БАНЧ Ральф дүниеге келді.

АҚШ-тың Мичиган штатында туған. Ол ұзақ уақыт бойы өз мансабын оқытушылық қызметпен тығыз байланыстырып, Американың әртүрлі университеттерінде, колледждерінде оқытушыдан басшылық лауазымға дейінгі еңбек жолынан өткен. Адам құқықтарын қорғау қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі болған. Швед социологы Гуннар Мюрдалмен бірге «Американдық дилемма» деген атпен 1944 жылы жарық көрген Америкадағы негрлердің жағдай туралы Карнеги қорының зерттеулеріне қатысқан. Нәсілдік кемсітушілік мәселелері бойынша Рузвельт әкімшілігіне консультация берген «қара кабинет» мүшесі болған. Вашингтон кварталдарындағы сегрегациялық саясат үшін президент Трумэн кезінде мемлекеттік хатшының көмекшісі лауазымынан бас тартқан.

Оның дипломат ретіндегі мәртебесі АҚШ үкіметімен және БҰҰ-мен тығыс байланысты. Ол - 1947 жылдың маусымынан 1948 жылғы тамызға дейін Палестинадағы араб-израил қақтығыстарын реттеуде басты тұлғалардың бірі. БҰҰ-ның Палестина бойынша Арнаулы комитеті бас хатшысының көмекшісі, кейінен бас хатшысы ретінде БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен жауласушы екіжақты ажыратуға жауапты болды. 11 айға созылған нәтижесіз келіссөзден кейін ол Израиль мен араб елдерінің арасындағы соғысты тоқтатуға қол жеткізді. 1949 жылы ақпан-шілде аралығында БҰҰ бастамасымен Израиль мен Египет, Иордания, Ливан және Сирия арасындағы татуласу туралы келісімге қол қойылды. Ол осы еңбегі үшін Нобель сыйлығын иеленген. Банч Кипрдегі бейбітшілікті қолдауда, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстарды тоқтатуға зор еңбек сіңіріп, БҰҰ-ның Конго, Кашмир, Йемен сияқты «ыстық нүктелеріндегі» арнаулы өкілі болған.

ТАМЫЗДЫҢ 8-І, СЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1992) Павлодардағы «Медполимер» акционерлік қоғамының жаңа өнімі - бір рет пайдаланылатын пісектер (шприц) көптеп шығарыла бастады.

11 жыл бұрын (1998) Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің бас алаңында қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың мүсіні салтанаты жағдайда ашылды.

9 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес елорданың жер көлемі 45195 гектарға ұлғайды.

110 жыл бұрын (1899) АҚШ-тың Миннесота штатындағы Броктон қаласының тұрғыны А.Маршалл тоңазытқышқа патент алды.

90 жыл бұрын (1919) үшінші ағылшын-ауған соғысы аяқталды. Пәкістанның Равальпинди қаласында бейбітшілік келісімге қол қойылды.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1949) Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы БАЙБАТШИН Ертай Әубәкірұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген.  «Шығысқазкеңшарқұрылыс тресі» 81-ші өндірістік-монтаж комбинатының бастығы, Глубокое аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы,  төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 1992-1993 жылдары - Глубокое аудандық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1993-1996 жылдары - Өскемен қаласы Үлбі ауданының әкімі. 1996-1998 жылдары - Өскемен қалалық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы. 1998-2006 жылдары - Өскемен қаласы әкімінің орынбасары. 2006-2008 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық тариф басқармасының бастығы. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.

115 жыл бұрын (1894-1941) тарихшы, Қазақстан, Орта Азия және Башқұртстан тарихының маманы ЧУЛОШНИКОВ Александр Петрович дүниеге келді.

Ол 1919-1921 жылдары Орынбордағы Қазақ институтында дәріс беріп, Қырғыз (қазақ) әскери комиссариаты штабындағы тарихи-статистика бөлімін басқарды. «Басқа да түркі тайпаларымен тағдыры бір қазақ-қырғыз тарихы жөніндегі очерктер» атты үлкен монографиялық еңбек жазды. Онда қазақтардың 18 ғасырға дейінгі тарихы, шежіресі, феодалдық меншіктің дамуы, қазақтардың Пугачев көтерілісіне қатысуы, 1916 жылғы көтеріліс туралы толық жазылған. Шығарма кезінде әділ бағасын алды және әлі де өз құндылығын жойған жоқ. А.Чулошников «Қазақ КСР тарихы бойынша материалдар. 1758-1828 жж.» құжаттар жинағының кеңесшісі болды.

ТАМЫЗДЫҢ 9-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Құрылысшы күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Түрікменстанда Ұлттық қауын мерекесі. 1994 жылдан бастап жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Сингапур Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні. 1965 жылғы тамыздың 9-ында Малайзия Федерациясынан Сингапур бөлініп шықты. Сингапур - Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Сингапур қаласы. Мемлекет тілі - ағылшын, қытай және малай тілдері. Ақша бірлігі - сингапур доллары.

Қазақстан Республикасы мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы наурыздың 30-ында орнатылды.

Нагасаки күні. 1945 жылғы тамыздың 9-ында американ авиациясы Жапонияның 253 мың тұрғыны бар Нагасаки қаласына атом бомбасын тастады. Жоспар бойынша бұл атом бомбасын Жапонияның Кокуру қаласына тастау керек болатын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына және әуеге көтерілгеннен кейін пайда болған ұшақ ақауына байланысты ұшқыштың бомба тастау бағытын өзгертуіне тура келген. Нагасакиде 80 мыңға жуық адам қайтыс болған.

Әлемнің тұрғылықты халықтарының халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамлеясының шешімімен жарияланған. БҰҰ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда 5 құрлықтағы 70 елде 5000-нан астам жергілікті халықтар тұрады.

Ресейдің әскери даңқ күні - орыс флотының алғашқы жеңісі. 1714 жылы Петр I қолбасшылығымен орыс флотының Ресей тарихында алғаш рет теңізде шведтерді жеңген құрметіне бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1994) Алматыда ҚР Ұлттық банктің мемлекеттік қоймасының іргетасы қаланды.

14 жыл бұрын (1995) Иранда «Абай шығармашылығына көзқарас» атты кітап жарық көрді.

5 жыл бұрын (2004) Қызылорда облысының Шиелі ауылында ақын, әнші, термеші Нартай Бекежановтың шығармалар жинағы жарық көрді. Кітап «Қызылордаполиграфия» баспасынан шыққан.

105 жыл бұрын (1904) Парижде Шахтерлердің халықаралық конгресі барлық елдердің тау-кен саласында 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу туралы талап қойды.

35 жыл бұрын (1974) АҚШ-тың 37-ші президенті Ричард Никсон өз еркімен орнынан түсті. Ол бұндай әрекетке барған тұңғыш президент болатын (Уолтергейт жанжалынан кейін осылай етуге мәжбүр болды).

ЕСІМДЕР

130 жыл бұрын (1879-1963) 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, көтеріліс жаршысы, Қазақ КСР-інің халық ақыны ШИПИН Омар дүниеге келді.

Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Ол «Амангелдінің айбаты», «Арман», «1916 жылғы», «Торғай соғысы» толғауларынан «Амангелді батыр» дастанына дейінгі көптеген шығармаларын халықтың патша үкіметіне қарсы күресіне арнаған. «Патша тақтан түскенде», «Октябрь түні», «Ақын үні», тағы басқа жырларымен жаңа заманды шаттана қарсы алды. Отан қорғау, бейбітшілік, тың игеру тақырыбына талантты жырлармен үн қосқан. «Масаты қыз», «Қойшы Күлен», «Жеткіншек», «Сыбызғы үні» дастандарында қазақ халқының өткендеріндегі күрделі тағдырын суреттеді. Шығармаларының 10 жинағы жарияланды. 1954 жылы орыс тілінде «Стихи и песни» атты жыр жинағы басылып шыққан.

«Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің бас редакторы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы МАШАЙЫҚОВ Мағзұмбек Машайықұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Еңбек жолын 1959 жылы  Шеңбер кеңшарында жүргізушіліктен бастаған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1965 - 1968 жылдары - Қарағанды облысы Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, тілшісі. 1968-1973 жылдары - Қарағанды облыстық радиосы редакциясының радио ұйымдастырушысы, арнаулы тілшісі. 1973-1977 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің редакторының орынбасары. 1977-2009 жылдары Ұлытау аудандық  «Ұлытау өңірі» газеті редакторының бірінші орынбасары, редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2009 жылдан бастап істейді.

«Ұлытауда ұлар бар», «Жүректе ұят-ар болсын», «Сен мен үшін аққанат періштесің», «Ұлытаудың жыр бұлағы» атты жыр жинақтарының авторы. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2005 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы «Мемлекттік тілді насихаттаушы ең таңдаулы мақала, айдар, бет» тақырыбы бойынша Қарағанды облыстық байқауының бас жүлдесі мен дипломына ие болған.

Бірнеше медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) композитор, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚОЖАХМЕТОВ Хасен Кәріпжанұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Ақсу ауданында туған. П.Чайковский атындағы Алматы мемлекеттік музыкалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұзақ жылдар Алматы облысындағы музыкалық оқу орындарында  ұстаздық қызмет атқарды. 1970 жылдан саяси публицистикаға қалам тартып, КСРО үкіметінің ұлт саясатындағы кемшіліктерін сынағаны үшін қуғынға ұшырап, сотталды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 4 жылға тағы сотталып, кейіннен ақталды. 1998 жылдан Алматыдағы Ықылас атындағы республикалық халық аспаптары мұражайының директоры қызметін атқарды. Х.Қожахметовтың 150-ден астам саяси-публицистикалық мақаласы, 100-ге жуық сатиралық әңгіме, мысал, өлеңі жарық көрген. 2000-2002 жылдары «Елорда» баспасынан  «Ереуіл атқа ер салмай», «Таңдамалы жүз ән» атты кітаптары жарық көрді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.