ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 23-і мен 27-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

АҚОРДА
Желтоқсанның 23-інде Елбасы Н.Назарбаев елорданың сол жағалауындағы жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне қатысады.
Желтоқсанның 23-інде Ақордада ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мәжілісі өтеді.
ҮКІМЕТ
Желтоқсанның 23-інде Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Машина жасаушылар одағының басқарма мүшелерімен кездеседі.
ПАРЛАМЕНТ
Желтоқсанның 23-і күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Қазан айынан бастап желтоқсан айының соңына дейінгі аралықта Кедендік бақылау комитетінің басшылары барлық мүдделі мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ, азаматтар комитет төрағасының орынбасарларына да сауалдарын қоя алады. Төрағаның орынбасары Сержан Дүйсебаев желтоқсанның 24-інде қабылдау өткізеді. Ал Төрағаның орынбасары Игорь Тень азаматтарды желтоқсанның 21-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-дан 18.30-ға дейінгі аралық. Қабылдауға (8-7172) 79-45-79 телефоны арқызы жазылуға болады.
СПОРТ
Желтоқсанның 18-і мен 23-і аралығында Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған Бокстан XXVI халықаралық турнир өтеді.
АСТАНА
Желтоқсанның 19-ы мен 31-і аралығында Астанада Жаңа жылға арналған салтанатты іс шаралар өтеді. Елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан кесте бойынша, желтоқсанның 23-30-ы аралығында «Жастар» сарайында жаңажылдық қойылымдар, би кештері ұйымдастырылады. Желтоқсанның 24-інде Есіл жағалауында, «Көктал» тұрғын үй ораманың Мәдениет үйінің алдындағы алаңда, №23 орта мектепте Сарыарқа ауданындағы мектептердің арасында жарияланған үздік безендіру конкурсының қорытындысы шығарылады. Желтоқсанның 25-інен бастап елордалық циркте ресейлік «Мұз айдындағы цирк» жаңажылдық қойылымы басталады. Желтоқсанның 25-інде дарынды балаларға арналған Президенттік шырша болады.
Желтоқсанның 23-і күні Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Қазақстан-Ресей университетінде «Қазақстанның алдағы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы» деген тақырыпта ғылыми конференция өтеді.
Желтоқсанның 23-інде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының кеңсесінде «Әйелдер үшін кәсіпкерлік мектебін құру» жобасын жүзеге асырудың қорытындысына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Желтоқсанның 23-інде «Іскер» бизнес-орталығында «Қазақ тілін оқыту мемлекеттік орталықтарын ашу» мәселесіне арналған конференциясы өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстан Республикасы жастарының арасында гендерлік саясатты кеңінен таныстыру» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Желтоқсанның 24-25-інде спорттық гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өтетін болады.
АЛМАТЫ
Желтоқсанның 23-24-інде «Жетісу» қонақүйінде Қазақстан Республикасында мүгедектер спортын дамытудың 2009 жылғы қорытындысына және 2010 жылы Қытайдың Гуанчжой қаласында өтетін Азиялық Паралимпиялық Ойындарға қатысуға дайындық мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Алматыда Қазақстанның «Әділет» Демократиялық партиясы мен Ресейдің «Справедливая Россия» партиясының арасындағы екіжақты әріптестік қарым-қатынастарды дамыту аясында бұрынғы кеңестік елдер аумағындағы ықпалдасу үдерісіндегі саяси партиялардың рөлі мен белсенділігін арттыру мәселесіне арналған онлайн-конференция өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде «Қылмыстық заңнаманың қолданысы және оны жетілдіру мәселелері» тақырыбында халықаралық конференциясы болады.
Желтоқсанның 23-інде Алматы әкімдігінде «Әлеуметтану» еларалық ғылыми-талдау журналының алғашқы нөмірінің тұсаукесер рәсімі өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақ зиялыларының қатысуымен Балтабай Адамбаевтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді.
Желтоқсанның 23-інде Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында Б.Төлегенованың 80 жылдығына арналған мерейтой кеші болады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.
23 ЖЕЛТОҚСАН, СӘРСЕНБІ
Жапонияның мемлекеттік мейрамы - Императордың туған күні. 1933 жылы Жапонияның 125-ші императоры Акихито дүниеге келді. Оның туған күні өз елінде ұлттық мереке болып табылады. Акихито әкесі Хирохито қайтыс болғаннан кейін 1989 жылғы қаңтардың 7-інде таққа отырды. Сол кезден бастап, жапондықтардың Хэйсэй деп аталатын жаңа жыл санау кезеңі басталды. Акихито 14 жасынан ел басқару ісімен айналысып келеді.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 26-да орнатылды.
Швеция корольдігінің Ұлттық мейрамы - королева Сильвияның туған күні. 1943 жылы Швеция королевасы Сильвия дүниеге келді. Королева Сильвия жұмысқа жарамсыз мүгедектерге қол ұшын беру ісмен айналысып жүр. Ол - мүгедек балалар ойындары мен спорты саласын зерттеу ісін қолдайтын Король қайырымдылық қорының төрайымы. Мүгедек балаларды спортпен айналысуға жетелейтін швед, ағылшын, неміс және испан тілінде жарық көрген «Дегеніңе жет» атты кітаптың шығуына тікелей басшылық жасады және демеушісі болды. Құлағы нашар еститін жандармен тілдесу үшін королева саңыраулардың тілін үйренді. Сильвия ханым - мүгедектердің олимпиадалық ойындарының тұрақты қонағына айналды.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1994) Бішкекте Қазақстан Республикасының елшілігі ресми түрде ашылды.
15 жыл бұрын (1994) Алматы қалалық №12 қазақ орта мектебіне қазақтың белгілі ағартушысы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
4 жыл бұрын (2005) Байқоңырда «Байқоңыр» космодром жобасының алғашқы жетекшісі Алексей Ниточкинге арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
1 жыл бұрын (2008) Маңғыстау облысында «Өзен - Жетпісбай» кесіндіде орналасқан «Өзен - Ақтау» магистральді газ құбырының резервті тармағы ашылды. Жобаның мақсаты - тұтынушыларға үздіксіз «көгілдір» отынды жеткізу және аймақтағы газды өндірудің жоғарылауына байланысты тасымалдау жүйесін жақсарту. Жаңа тармақ басты құбырда техникалық ақаулар болған жағдайларда аймақты газбен қамтамасыз етеді.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1937) Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері ЖАНҚАДАМОВ Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы дүниеге келді.
Б.Жанқадамов 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейхановтың шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, Б.Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж.Досмұхамедовты құрметтейтінін, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-де атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.
105 жыл бұрын (1904-1945) композитор, домбырашы КӨШЕКБАЕВ Смағұл дүниеге келді.
Атырау облысы Теңіз ауданында туған.
Құрманғазының күйлері мен Мұхиттың әндерін орындаушы.
1936 жылдан Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті.
Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін Е.Г. Брусиловскийге нотаға түсіртті. «Майданға», «Жас достар», «Май гүлі», т.б. ән-романстардың авторы. 1939 жылы Шымкент қорғасын зауытында, 1941 жылы Ащысайда (Оңтүстік Қазақстан облысы) халық аспаптар оркестрін құрды.
Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.
85 жыл бұрын (1924) суретші, кескіндемеші, акварелші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЖИЕВ Үкі Әжиұлы дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысы Қаскелең ауданында туған.
Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.
Шығармашылығы Қазақстанның бейнелеу өнерінде елеулі орын алады. Республикадағы сурет көрмесінің бәріне белсене қатысты. Англия, Гана, Нигерияда болып, қала көрінісінің бірнеше картиналарын жазды. Суретшінің «Бұқара», «Самарқан» серияларына енген «Хиуа көшесі», «Шайханада», «Хиуа 1968 жылы» деген шығармалары ерекше көзге түсті. Мұнда Әжиев Шығыс қалаларының көріністері мен халықтың жарқын тұрмысын шынайы бейнеледі. Туған жер табиғатын танытатын «Асы жайлауы», «Алатау бөктерінде» атты шығармалары шыншылдығымен, нақтылығымен құндылы. Портрет жанрында да көп еңбек етті. «М. Әуезовтың портреті», «Студент қыз», «Механизатор» сияқты портреттер суретші дарынының жан-жақтылығын танытады.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.
24 ЖЕЛТОҚСАН, БЕЙСЕНБІ
Сочельник (католиктік мейрам). Батыс елінде Сочельник мерекесін Әулие Иса пайғамбардың туған күні қарсаңында тойлайды. Дәстүрге сай, әрдайым осы күні, Иса туылған жер - Вифлеемде мерекелік шеру өтеді. Түн ортасы ауғанда шіркеуде месса басталады. Месса - Ватиканда өтетін ең салтанатты қызмет түрі.
Албания Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні (1924). Бұл ел 1912 жылғы қыркүйектің 28-де тәуелсіздігін алды. 1946 жылғы қаңтардың 11-де Албания халықтық республика болып жарияланды. 1976 жылғы Конституцияға сәйкес, Албания Халықтық Социалистік Республика деп атын өзгертті.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 21-де орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл бұрын (1944) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің М.Әуезов либреттосына жазылған «Абай» операсы алғаш рет қойылды. Бұл опера театр репертуарынан орнықты орын алған қазақ композиторларының алғашқы шығармасы. Басты рөлді Ришат Абдуллин сомдаған «Абай» операсы Мәскеу, Ленинград, Берлин, Дрезден, Лейпциг, Ташкент, Ярославль театр сахналарында қойылды.
10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы С.А.Терещенко мен Армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Э.А.Тер-Погосян Бейбітшілік және рухани келісім президенттік сыйлығының лауреаты атанды.
7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Бейжің университетінің Құрметті докторы ғылыми атағы берілді.
5 жыл бұрын (2004) Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығы аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына елорданың барлық ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері мен құрметті ақсақалдар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Резиденцияның ашылу салтанатында жаңа ғимаратты «Ақ Орда» деп атады. Резиденция 2001 жылы қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36720 кв.м. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі 80 метр.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1939-1999) ақын ОРАЗАЕВ Совет дүниеге келді.
Алматы облысында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Аудандық және облыстық газет редакцияларының, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының, Жезқазған облысы Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» газетінің қызметкері болған.
Өлеңдері бірнеше рет ұжымдық жинақтарға енген. «Дала дауысы», «Шырқау биік», «Өлеңім - өзім» атты жыр жинақтарының авторы.
25 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА
Рождество. Еуропада Рождество мерекесі Әулие Николаус күні, яғни желтоқсанның 6-да басталып, қаңтардың 6-да аяқталады. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мереке - нағыз отбасылық мейрам болып саналады. Рождествоны тойлау екі-үш күнге созылады да дәстүрлі бірінші жұлдыз жанған сәтте кешкі асқа отырудан басталады.
ОҚИҒАЛАР
30 жыл бұрын (1979) «Тараздың көне ескерткіштері» атты мемлекеттік мұражай-қорығы құрылды. Мұражайдың құрамына көне Тараздың ескерткіштері және Әулиеата кезіндегі қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері кіреді. Солардың ішінде Айша бибі, Қарахан, Бабаджа хатун, Дәуітбек (Шамансүр) кесенелері, Әбдіқадыр мешіті, Үштөбе сақтар қорғаны, Төнкеріс, Төрткөл үй-жайы және т.б. бар. Мұражай экспонаттарына көне-түрік жазулары, күйіктас құмыралары, ағаш ыдыстар кіреді.
27 жыл бұрын (1982) «Отырар сазы» атты фольклорлық-этнографиялық оркестрі құрылды (қазіргі Н.Тлендиев атындағы Мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық оркестр академиясы).
3 жыл бұрын (2006) Алматыда «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильмнің премьерасы болды.
Көріністің авторы - танымал режиссер Қалила Омаров. Фильмнің сценарийін музыкант Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызымен бірге жазған. Фильмде кейіпкердің танымал және танымсыз өмірінің көріністері пайдаланылған. А.Жұбановтың туған жері - Ақтөбе облысында және Алматыда, Астанада және Париждегі мерейтойлық шаралар өткен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түсірілген. Мәскеу мұрағаттарынан материалдар пайдаланылған. Фильмде Жұбановтар әулетінің көптеген мүшелері және оның шөбересі, жас танымал дирижер Алан Бөрібаев та қатысқан.
3 жыл бұрын (2006) Семейде алғашқы рет қазақстандағы дөңгелекті тракторды ТТЗ-80.10. құрастыру конвейерлік желісі іске қосылды. Бұл оның құрылуына Беларус, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан қатысқан бірлескен кәсіпорын.
ЕСІМДЕР
120 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист МҰСТАФА Шоқай дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.
Сұлутөбе станциясындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді.
Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсіл өкілдерінен кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына байланысты Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және жаңа Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру мәселесін қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті қайраткерлерге жеделхат жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда Шоқай Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы қызметін атқарды. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді.
1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді.
Францияның Ножан-сюр-Марн (Валь-де-Марн департаменті) қаласында қазақ ұлт өкілдерінің қатысуымен ескерткіш тақта орнатылған. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған ауылына ескерткіші қойылған.
70 жыл бұрын (1939) қазақтың ақын қызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы ОҢҒАРСЫНОВА Фариза Оңғарсынқызы дүниеге келді.
Атырау облысында туған.
Атырау мемлекеттік педагогика институтын бітірген.
Ауылдық мектептің мұғалімі қызметін атқарған. 1966-1969 жылдары - «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің әдеби қызметкері. 1969-1977 жылдары - «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Атырау, Ақтөбе, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы. 1978 жылы - «Пионер» журналының бас редакторы.
Алғашқы кітабы «Сандуғаш» 1967 жылы жарық көрген. «Мелодия», «Беспокойная пора», «Гордое поколение», «Көгершіндерім», «Тревоги», «Ожидание солнца», «Озарение» жыр жинақтарының, «Биіктік» очерктер жинақтарының, «Біздің Кәмшат» повесінің, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, чили ақыны Пабло Неруды шығармашылықтары туралы әдеби-сын мақалалардың авторы. С.Вангелидің «Приключения Гугуце», «Дедушкин министр» балаларға арналған повестерін, С.Капутикянның, Е.Евтушенконың, Р.Казакованың, араб ақыны Әбдурахман әл-Хамисидің өлеңдерін, П.Нерудың кітаптарын қазақша аударған. Ақынның көптеген шығармалары шет тілдерге аударылған.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымының депутаты.
«Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
26 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ
Словенияның тәуелсіздігі мен ынтымақтастық күні. 1990 жылғы 26-шы желтоқсандағы референдумның қорытындыларын жариялайды. Референдум 1990 жылғы желтоқсанның 23-де өткізілген болатын.
ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1991) Қазақстан мен АҚШ арасында толық көлемді дипломатиялық ара-қатынас бекітілді.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңы қабылданды.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік» Заңы қабылданды.
4 жыл бұрын (2005) Ақтөбе облысындағы Алға ауданы орталығында 19 ғасырдың аяғында Ақкемір кентінде өмір сүрген хазірет Мұхамбетқазы Мендіқұлов атындағы мешіт салтанатты түрде ашылды. Ол исламның беделді қызметшісі, Меккеге бірнеше рет қажылық жасаған, ағартушы, сол өңірдің тарихына өз ізін қалдырушы. Мұхамбетқазы Ресей патшасының қабылдауында болып және Ақкемірде мектеп ашуына рұқсат алған.
3 жыл бұрын (2006) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
3 жыл бұрын (2006) Павлодарда Чернобыль атом электр стансасы апатында құтқаруға қатысқан павлодарлықтарға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ортасында - адам денесінің нұсқалары, «атом ядросын» ұстауға талпынған қолдар. Павлодарлықтар мен Чернобыльдықтардың шығармашылық қоғам ұжымының жобасы қала әкімшілігінің қолдауымен іске асырылған.
1 жыл бұрын (2008) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қаракөл ауылында Қазақстан Республикасының композиторы, еңбек сіңірген ұстазы Нәсекен Сүлейменовтың мұражайы ашылды.
ЕСІМДЕР
115 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі РЫСҚҰЛОВ Тұрар дүниеге келді.
1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркеде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.
Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қалмады. Т.Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары.
Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден аса мақалалар шықты.
1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған.
Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы МАРЧЕНКО Григорий Александрович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.
1984-1991 жылдары - Қазақ КСР Түсті металдар министрлігі конструкторлық-технологиялық бюросының инженер-конструкторы, басқару кадрлар бөлімі бастығының орынбасары - министр кеңесшісі, Қазақ ғылыми-экономикалық және техника-экономикалық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты аудармашысы, редакторы, аға редакторы және маркетингтік ақпараттық тобының жетекшісі, Шалаөткізгіштік машина құрылысы конструкторлық бюро секторының атқарушы директоры, «Алое» ғылыми-өндірістік кооперативтік орталығы конструкторлық бюросының төрағасы. 1991-1999 жылдары - «Еуразия» аймақаралық мемлекеттік экологиялық консорциумы сыртқы экономикалық байланыстар бойынша бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы вице-президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Deutsche Bank-Securities (Kazakhstan)» ААҚ-ның президенті. 1999-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, «Қазақстанның Халық Жинақ Банкі» АҚ-ы басқармасының төрағасы. Аталған қызметінде - 2009 жылдың қаңтарынан.
Қазақстан Республикасындағы Сингапур Республикасының, Алматы қаласындағы Испания Корольдігінің құрметті консулы.
«Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.
27 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ
1429 хижра жылының 10-шы мұхаррамы - Ашура күні - Алланың Пайғамбарлары мен Елшілерін еске түсіру күні. Ашура - «ашара» сөзінен шыққан, мағынасы - «он» дегенді білдіреді. Бұл күні Мұхаммед пайғамбар адамдарды ізгілікке шақырып, оның шапағатты Ұлы күн екенін айтқан. Ашура күні тұтылған ораза адамды өткен және алдағы күнәларынан тазартады деп саналған. Ал бұл күні сырқаттың халін барып сұрау - Адам атаның барлық балаларын аралағанмен бірдей болады екен. Бұл күні сусағанға су берген адам - күнәсіз, пәк адам саналады, бұл күні толық жуынып, дәрет алған адам - көптеген ауру-сырқаулардан, азап-тозақтардан қорғалады
Ресей Федерациясының құтқарушы күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1995 жылғы 26-шы қарашадағы Қаулысымен бекітілген.
Қырғызстанның төлқұжат-бұрыштама қызметкерлерінің күні. 1932 жылғы желтоқсанның 27-де Орталық атқарушы комитет пен КСРО Халық Комиссарлар Одағы «КСР Одағына Бірыңғай төлқұжат жүйені бекіту туралы» Қаулы қабылдады және төлқұжатта міндетті түрде тіркеу болу керек. Осы уақыттан бастап төлқұжат-бұрыштама қызметінің құрылған күні деп есептеледі. 2006 жылғы мамырдың 30-да Қырғыстан Республикасы Президентінің Қаулысымен төлқұжат-бұрыштама Департаменті құрылды.
ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1924) Семейде Орыс географиялық қоғамының Абайды еске алуға арналған мәжілісі және қалалық театрда ұйымдастырған кеші өтті. М.Әуезов Абай шығармашылығы туралы баяндама жасады.
4 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Президенті Қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына қолдау көрсету, Қазақстан Парламентінің дамуына өз еңбектерін сіңіргені үшін Қазақстан Республикасының Парламентінің 10-жылдығына орай мерейтойлық медальдар бекітілген.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) ғалым-биохимик, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері СЕЙІТОВ Зұлқарнай дүниеге келді.
Қостанай облысында туған.
Омбы ауылшаруашылығы институтын, оның аспирантурасын бітірген.
1954-1997 жылдары - Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) органикалық химия және биохимия кафедрасының доценті, профессоры, меңгерушісі. 1998-2001 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2002 жылдан - С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті биохимия кафедрасының профессоры.
Негізгі ғылыми еңбектері мал биохимиясына арналған. Сиыр мен бие, түйе сүтіндегі белок, амин қышқылы, май қышқылы, үшглицерид, витаминдер құрамы мен оның технологиялық қасиеттерін химиялық тұрғыдан зерттеді. Бие мен түйе сүтін, саумал қымыз бен шұбатты молекулалық деңгейде кептірудің жаңа әдісін тауып, содан алынған құрғақ ұнтақтан табиғи қымыз бен шұбат өндірудің жаңа биотехнологиясын ұсынды. «Қазақ бальзамы» шипалы сусыны мен ішіне алтын тамыр салып ашытқан «Алтын су» тұнбасының, 150 астам ғылыми еңбектердің, 7 авторлық куәлік пен 2 патенттің авторы.
2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1949) 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары ОҢҒАРБАЕВ Сәттібек Оңғарбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Р.А.Руденко атындағы Свердлов заң институтын бітірген.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының орталық аймақтық көлік прокуроры қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан.