ҚазАқпарат редакторы астаналық морждармен бірге суға түсті

Сенбінің таңы. Сынап бағаны минус 23 градусты көрсетіп тұр. Бірақ аяз тура 35 градустай сезіледі. Есілдің жағасында тірі жан жоқ. ҚазАқпараттың видеографы Жансерік Ахмедин және фототілшісі Виктор Федюнин осындай суықта екі сағат жұмыс істеуі тиіс. Олар жылы киінгенмен, өтімді жел бет қаратпайды. Екеуі өздері үшін емес, техникаларын уайымдайды.
Сағат 11 кезінде амфитеатрдың артындағы автотұрақта оқшау тұрған шағын вагонның алдына ер азаматтар жинала бастады. Арқа қоржындарын соған қалдырып, қолдарына күрек-сүймендерін ұстап, мұзға қарай беттеді. Өздері «бассейн» деп атайтын мұзойыққа кең баспалдақпен құдды патша сарайындағы салтанатта жүргендей түсіп келеді.
Есілдің арнасы желден ықтап тұрғаны бұларға көмек. Өңменіңнен өтетін жел болмаса, құрғақ аязға төзу қиын емес секілді. Әйтеуір қыстыгүні шомылуға құмар жандар әңгіме-дүкен құра мұзды оя бастады. Бірі мұздың бетіндегі қарды күреп, кейбірі сүйменмен ойып жатыр. Ойықтың жағасындағылар мұздың бөліктерін теріп жүр, енді бірі оларды ары лақтырып жатыр. Әп-сәтте сегіз метрдей бассейн ашылып, айналасы қоршалды. Мұзойыққа тереңдігі 220 см торкөз батырылып, кіреберісіне «Welcome!» жазуы бар кілемше төселді.
Мұнда келушілер аз емес, қауіпсіздікті сақтау үшін міндетті түрде тәжірибелі морж кезекшілік атқарады. Ол бассейндегі тәртіпті сақтап, кез келген сәтте көмек көрсетуге әзір. Астаналық морждар клубында қатаң сақталатын тәртіп бар: ешкім де, ешқашан да жалғыз әрекет етпейді, міндетті түрде қасында серігі болуы тиіс!
«Ең бастысы - қауіпсіздік! Аязды күнде суға түскісі келетіндер көп, жаңадан келгендерге ненің мүмкін, ненің мүмкін еместігін түсіндіреміз», - дейді «Бодрость» клубының басшысы Азамат Дөкімбаев.
Астананың қазіргі бас моржы клубқа былтырғы күзде басшы болып сайланды. 2015 жылдан бері морждар қатарына қосылған ол биыл ұлдары: 13 жастағы Ерқанат, 10 жастағы Данияр және алты жасар Жантемірді де ала келген. Кішкентай морж судан басын шығара: «Біз - морж болдық!» деп қуана айғайлайды.
Бассейн әзір болған сәтте шыдамы жетпегендер бірден суға күмп берді, ал тәжірибесі барлар: «Аналар суды қыздыра берсін, ал біз ет қыздырайық», - деп жүгіріп жүр.
«2017 жылдың желтоқсанында» біздің жүгіргенімізді жұрт Ғаламторда қызу талқылады. Біз сап түзеп 2 километр жүгірдік әрі оны Фейсбукте тікелей эфирде көрсеттік. Одан жаңалық жасаған БАҚ бірнеше сағатта мыңдаған қаралым жинады. Негізінде, мұның таңғаларлық ештеңесі жоқ. Қыстыгүні шолақ шалбармен жалаңаш жүгіру - морж атаулының дәстүрі!», - деп кеудесін кере сөйлейді А. Дөкімбаев.
Жүгіргіштер манағы шағын дүңгіршікке барып, жеңіл киініп шығып жатыр. Араларында тіпті қыздар мен әйелдер де бар. Айтпақшы, олар бассейн дайын болғанша дастархан жазып үлгерген.
«Мен Астанаға екі жыл бұрын Ригадан келдім. Пәтерімнің терезесі жағажайға қараған. Қара күздегі суықта өзенде шомылып жатқандарды көріп, менің де делебем қозды. Ағам - Балтық теңізінде морж. Бірақ өзім Астанаға келмейінше, онымен айналысқан емеспін», - дейді Латвияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Зигмарс Брунавс.
Әдетте, латыштар суық суда кәдімгідей шомылмайды, тек суға кіріп, біраз уақыттан соң қайта шығады. Зигмарс қыста шомылудың қазақша стилін көріп, ғашық болды. Астаналық морждар суда жүзіп, басымен суға сүңгіп те алады. Тәжірибелі морждар судан шықпай жүзеді. Олардың арасында «Бодрость» клубында көптеген жылдар бойы инструктор болған Галина Васильева бар.
«Көп жыл клубта нұсқаушы болдым, мен жаттықтырған морждар қаншама. Морж болып жүргеніме 18 жылдан асты. Соңғы рет қашан ауырғанымды білмеймін. Оның денсаулыққа пайдасы мол. Бірақ оның қызығы мұнымен бітпейді. Ол бақытқа кенелтеді. Бұл ғылыми дәлелденген: қанға қуаныш гормоны - эндорфин құйылады», - дейді Галина. Оны жұрт Астананың су перісі деп атауы тегін емес екен.
Қуана шомылатын тек Галина емес, Светлана Борисенко және Татьяна Нечепуренко жүгіріп келіп суға түсіп шыққан соң қарға омбығады.
Владимир Потлог қысқы марафонда кеудесін жалаңаштап жүгіреді. Мәжит Серіков велосипед теуіп, содан соң суға түссе, су астында жүзгенді ұнататын Талғат Қалықов Клуб құрамындағы тұңғыш айронмен болмақ.
«Морж болып жүргеніме 11 жыл болды. Дәрі-дәрмек пен дәрігер атаулыны мүлде ұмыттым. Бұл маған мереке сияқты. Мұнда көңілді көтеретін салқын су да, жігер беретін пікірлестер де бар», - дейді Талғат.
Жігер демекші, Талғаттың сөзінде жан бар. Бес жасар морж бен 80 жастағы Мэлс Молдағалиевтің шомылып жүргенін көрген адамның, суға күмп бермей тұруы қиын. Көңілі жас қарт қыстыгүні шомылуды әдетке айналдырғалы жарты ғасыр өтіпті. Мэлс әкейдің жүзіне қараған адам оны енді ғана елуден асқан деп ойлайды.
Осыдан үш жыл бұрын бізді мұзойықта шомылуға шабыттандырған да - Мэлс әкей. 2016 жылдың қаңтарында ҚазАқпараттың тапсырмасымен морждардан сұхбат алуға барып, Польшадағы халықаралық фестивальдан енді ғана келген морждардың суреттерін, видеоларын көрдік. О баста мұрын шүйіре қарағанымды аңғарып, байқап көруді ұсынды. Далада минус 25 градус еді. Суға түсіп, қалай қызыға кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бір белгілісі, мен бақытқа кенелудің кілтін тапқандай едім...
2016 жылы белгілі құрылыс компаниясы морждарға шағын вагонша сыйлады. Оның іші ерлерге және әйелдерге арнап, екіге бөлінген. Бұдан бөлек, қоймасы мен көпке ортақ бөлмесі де бар. Мұнда келетін көпшілік шайдың небір түрін ішеді, біреулер балмен, кейбіреулер шипалы шөппен ішеді. Енді бірі шаймен бірге тәттіден дәм татады. Мұндағы сыйластық пен шүйіркелескен әңгіме-дүкен қыстың қақаған аязын ұмыттырады. Сенбейсіз бе? Келіп, өзіңіз тексеріп көріңіз, ҚазАқпарат тексерді!
Астанада қыстыгүні шомылуды ұнататындардың «Бодрость» клубы 1970-жылдары құрылған. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері бүгінде жүзден асады. Соның 70-ке жуығы жаттығуларды мүлдем жіберіп алмауға тырысады. Астаналық морждардың жасы да алуан түрлі, жоғарыда айтқандай, ішінде бес жасар баладан сексеннің сеңгір биігіне шыққандар да бар. Клуб демалыс күндері сағат 11-ден 14-ке дейін барша үшін ашық. Ол Есіл өзенінің жағасындағы Астана саябағында (амфитеатр мен «Демалыс» дәмханасының арасында) орналасқан.
Авторы: Ринат Дусумов