ҚазАқпаратқа - 90 жыл: Жағымды жаңалықтар жаршысы

бүгін 90 жыл толып отыр. Бүгінгі «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы, кешегі дәуірі дүрілдеген ҚазТАГ осыдан 1925 жылы оның аты ҚазРОСТ, 1937 жылы ҚазТАГ болып өзгеріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Ал ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1997 жылы Президент Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі» (ҚазААГ) Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны болып қайта құрылса, 2002 жылғы қарашаның 8-інде Үкімет қаулысымен қазіргі «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» ашық акционерлік қоғамына айналды.
Естеріңізде болса, ҚазТАГ қойылған міндетті атқарумен қатар, Қазақтың ақпараттық публицистикасы мен аудармасын қалыптастырды. Республика бойынша үкімет деңгейіндегі ресми хабар беру құқығы мен міндеті осы ҚазТАГ-қа ғана жүктелді. Барлық радио, теледидар, газеттер ресми хабарларды тек ҚазТАГ арқылы ғана алып, әрі қарай басып тарататын. Себебі, ҚазТАГ Қазақ КСР-інің алдыңғы қатарлы маңызды идеологиялық ұйымы болды. Сондықтан ТАСС арқылы жететін одақ көлеміндегі және шет ел жаңалықтары мен республика өміріндегі оқиғаларды елге, ал аса маңыздыларын Мәскеу арқылы одаққа таратып отырды. Екінші жағынан ҚазТАГ республикалық, облыстық, аудандық баспасөз беттерінде басылатын ресми, маңызды материалдардың қазақшасына жауапты болды. Бұл аса үлкен жауапкершілік еді. Олай дейтініміз, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тиісті қаулысына сай, партияның, одақ пен республика үкіметтерінің қаулы-қарарларын, Жоғарғы Кеңес сессиялары мен мәжілістерінің жұмыстарын, шешімдерді, үкімет пен партия басшыларының сөйлеген сөздерін ұлттық газеттер үшін тек қана ҚазТАГ-тың аудармашылары дайындайтын. Осы аударма редакциясы мен оның қызметкерлерінің еңбегін ҚазТАГ тарихында ерекше ілтипатпен, сүйінерлік үлгі ретінде атауға тиіспіз. Қазіргі ақпарат тіліндегі ресми аударманың негізін сол замандарда осы ҚазТАГ-тың аудармашылары салды десек жаңылыс айтқандық болмас. Өйткені, мұнда ерекше дарынды аудармашылар істеді. Олардың басқалардан артықшылығы барлығының бірдей ілеспе аударма жасай алатындығында болатын. Аударманың бұл түрі журналистен аса жоғары сауаттылық пен дәлдікті қажет ететіндіктен, оған екінің бірінің тісі батпайтын. Ал ҚазТАГ-тың аудармашылары республиканың құзырлы орындары мен елдегі әртүрлі мекемелердің ресми жиындарында тәржіма жасауға қатысатын болған.
Ал бүгінгі ҚазАқпарат - жедел де шапшаң ақпарат жасауды жетік меңгерген журналистер еңбек етіп жатқан агенттікке айналып отыр.
Аудармашылар да аға буын салып кеткен дәстүрден, аудармадағы дәлдік пен көркемдіктен, шапшаңдықтан қалған емес. Бүгінгі ҚазАқпараттың аударма ісі бұрынғыдан көп өзгерген, ауқымы кеңейген. Аударма редакцияларының қатары көбейіп, бір кездері тек орысшадан қазақшаға аударылса, қазір қазақ тіліндегі төл ақпараттар орысшаға, одан әрі тікелей ағылшыншаға да аударылып, әлемге таралуда. Бұрынғы ҚазТАГ-та жұмыстың дені негізінен орыс тілінен аудару арқылы жүретін болса, қазіргі ҚазАқпараттың қазақша жаңалықтары орысшамен қатар төл ақпарат негізінде, оқиға болған жерден тілшінің тікелей хабарлауы арқылы жасалады.
Түйіндей айтсақ, «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы замана лебімен мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұн мен сапа тұрғысынан да айтарлықтай түрленді. Ақпарат кеңістігіндегі бәсекеде өзгелердің алды болуға ұмтылып келеді. Бұл тарапта бірқатар жетістіктерге де жетіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде өз орны бар екенін мойындатты. 1997 жылы ҚазААГ болып қайта құрылғасын, жаңа заманғы ақпараттық технологияға көшіп, телетайптық тәсілден электрондық ақпарат тарату әдісіне кіріскен агенттіктің қазір Республиканың барлық облыстарында, Қытайда, Өзбекстанда, Ресей мен АҚШ-та, Бельгия мен Қырғызстанда, Түркия мен Әзірбайжанда меншікті тілшілері бар.
Сонымен қатар, «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-Бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» секілді жаңалықтар топтамалары мен «Атаулы күндер, Оқиғалар, Есімдер» күнтізбесі секілді ақпараттық-коммерциялық өнімдерін шығарып отыр. ҚазАқпарат Азия және Тынық мұхиты елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы, Түркі елдерінің ақпарат агенттіктерінің ұйымы секілді беделді қауымдастықтарға мүше болды. РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТа, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктерімен серіктестік байланыстар орнатты. Қазір компания өнімдері бір мезгілде 100-ге жуық елге тарайды.
90 жылдық бай тарихы ақпарат агенттігін де мына азаматтар ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Жанай Омаров басқарды. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді.
Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат» ұжымы әлемдік ақпарат кеңістігінде елімізді лайықты таныту үшін ақпарат тарату кеңістігін кеңейтуге, өз кәсібилігін жоғарылатуға талпынуда.