ҚАЗАҚПАРАТТЫҢ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 20 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

ҚАЗАҚПАРАТТЫҢ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

20 АҚПАН, ДҮЙСЕНБІ

26 жыл бұрын (1986) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Мир» орбиталық ғарыш стансасы ұшырылды, ол күрделі көп мақсатты ғылыми-зерттеу кешені болып табылады. 1986 жылы ақпанның 20-сында кешен орбитаға шығарылды.

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007-інші жылғы желтоқсанның 18-інде жарияланған.

Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

92 жыл бұрын (1920) қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің алғашқы саны «Кедей сөзі» деген атаумен жарық көрді. 1993 жылдан бастап қазіргі атауымен жарық көріп келеді. Бас редакторы - Мұсырман Кәрібай Иманжанұлы.

Газеттің 10 мыңыншы нөмірі шығуына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Солтүстік Қазақстан» газеті облыс мәдениеті мен экономикасының дамуында үлкен рөл атқарады. Оның беттерінде кәсіпорындардың басшылары, инженерлер, жұмысшылар, ғалымдар өз пікірлерін білдіріп тұрады. Өз заманында газеттің редакторлары қазақ әдебиеттің классиктері М.Жұмабаев, С.Мұқанов сынды тұлғалар болды. Әртүрлі жылдары газет редакциясында Қазақстан халық жазушылары Д.Әбілев, Ә.Әбішев, С.Шәймерденов, әдебиеттің көрнекті қайраткерлері Қ.Кемеңгеров, М.Дәулетбаев қызмет істеді. Басылым аптасына үш мәрте шығады.

80 жыл бұрын (1932) Шығыс Қазақстан облысы құрылып, орталығы Семей қаласы болды (бүгінгі таңда облыс орталығы - Өскемен қаласы). Облыс құрамына 21 аудан кірді.

19 жыл бұрын (1993) Алматыда «Түрік бірлігі» атты газеттің алғашқы саны жарық көрді.

19 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Достық үйінде Қазақ-иран достығы халықаралық ұйымының салтанатты ашылуы болды.

6  жыл бұрын (2006) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Секьюритилендіру туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заң экономиканың нақты секторын қаржыландырудың қазіргі бір түрі ретінде секьюритилендіру институтының қызметі мен дамуының құқықтық негіздерін белгілейді.

69 жыл бұрын (1943) Мексикада жүгері егістігінің ортасынан Парикутин жанартауы пайда болды және ол 1953 жылға дейін атқылап тұрды. Жанартаудың атқылау белсенділігі алғашқы жылдары күшті болып, аз уақыттың ішінде ол 336 метрге өсті. Парикутин геологтарға жанартаудың туу, даму және өлуіне куә болу мүмкіндігін берді.

13 жыл бұрын (1999) Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.

7 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» акционерлік қоғамының Германия Федеративтік Республикасының Фульда қаласында тіркеген өкілдігінің ресми ашылу салтанаты болды. Бұл әзірге «Қазпошта» АҚ-ның алыс шетелдерде ашып отырған алғашқы өкілдіктерінің бірі.

5 жыл бұрын (2007) танымал ақын Ақұштап Бақтыгерееваға Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

5 жыл бұрын (2007) Алматыда жаңа республикалық саяси-қоғамдық апталық «Сегодня» газетінің тұсау кесер рәсімі өтті. Газет беттерінде қоғам өміріне байланысты әр түрлі тақырыптағы мақалалар шығады.

4 жыл бұрын (2009) Венада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы отырысының екінші күні Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа әзірлігі барысын таныстыруға арналған арнайы сессиясы өтті. Таныстырылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасады. Сенат спикері өз сөзінде біздің ЕҚЫҰ төрағалығындағы басымдық міндеттеріміз туралы хабардар етті және қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қабылданған 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарын таныстырды.

4 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Американ мәдениетінің орталығы ашылды.

Жобаның мақсаты - оқырмандарды АҚШ мәдениетінен хабар беретін кітаптармен, мерзімінді басылымдармен, теледидар бағдарламаларымен және интернетпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, осы елдің мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, арнайы дәрістер мен тренингтер өткізіліп тұратын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында әлем халықтарының 50-ден астам тілінде жазылған кітаптардың бай қоры бар. Ағылшын тіліндегі әдебиеттердің саны 100 мың данадан асады.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1898-1938) мемлекет және қоғам қайраткері САРМОЛДАЕВ Қабылбек дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. 1914 жылы Әулиеатадағы 4 жылдық училищені бітірген. Уездік революциялық-әскери комитеттің төрағасы, Түркістан Орталық атқару комитетінің мүшесі, Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. 1920-1923 жылдары - Орынборда Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссарының орынбасары, Алматы облыстық революциялық-әскери комитеттің төрағасы. 1923-1925 жылдары - Ташкент облыстық атқару комитетінің төрағасы, Хорезм Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Жұмысшы-шаруа инспекциясының төрағасы, Ташкенттегі Қазақ АКСР сауда өкілдігі басқармасының бастығы. 1925-1933 жылдары - Қазақ АКСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесі Төралқасының мүшесі, төрағасы, Жоспарлау комиссиясының төрағасы, Егіншілік халық комиссары. 1933-1937 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің, Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ АКСР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының орынбасары. 1938 жылы «халық жауы», «жапон империалистерінің тыңшысы» деген айыппен кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, ОГПУ «үштігінің» шешіміне сәйкес ату жазасына кесілген. Меркі ауданында Сарымолдаев есімі ауылға,  Тараз қаласындағы мектепке және бір көшеге берілген.

113 жыл бұрын (1889-1938) - Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Жетісудағы алғашқы ақындар айтысын ұйымдастырушы ЖАНДОСОВ Ораз Қиқымұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды. 1919-1921 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болып, Жетісу облыстық революциялық-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағын басшылық жасады. 1921-1923 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясында білім алды. 1924-1928 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне басшылық жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізіп, кейін «Ереуілтөбе» атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп, белгі қалдыруға қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысты.

Қоғам қайраткері ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республикалық кітапхананың директоры, БК(б)П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ұлтаралық қатынастарды реттеуге көп еңбек сіңірді. КОКП съездерінің және КСРО Кеңестері съездерінің делегаты, БК(б)П Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан Орталық атқару комитеті төралқасының және Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан Орталық атқару комитетінің және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылды да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды.
Қазақ ақыны Кенен Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы «Оразжан» әнін шығарды. 1999 жылы Алматыда қоғам қайраткерінің ұлы Анри (Әли) Жандосовтың құрастыруымен «Қайран Ораз» атты кітап жарық көрсе, немересі бірнеше жинақтың авторы, ақын Гүлнар Жандосова Алматыда Ораз Жандосов атындағы гуманитарлық лицей құрды. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылды. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қоғам қайраткері атындағы өлкетану мұражайы жұмыс істейді.

98 жыл бұрын (1914-1979) актер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері ТҰРСЫНОВ Жүсіпбек дүниеге келді.

Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Ақтөбе, Жамбыл, Шымкент облыстық драма театрларында қызмет істеген. Актер негізінен өткір мінезді рөлдерде ойнаған. Орындаған рөлдері қатарында Махамбет (М.Ақынжанов «Исатай - Махамбет»), Жантық, Жағыпар (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Амангелді»), Арыстан, Көбей (М.Әуезов «Айман - Шолпан», «Еңлік - Кебек»), Қатай (С.Жүнісов «Ажар мен ажал»), т.б. бар.

«Қызыл жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.

68 жыл бұрын (1944) филология ғылымының докторы БАЙТАНАЕВ Болат Әбішұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Шымкент педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірген. 1967-1990 жылдары Шымкент өнер институтының аға оқытушысы, тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті орыс және шет ел әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, аға ғылыми қызметкері болған. 1991-1999 жылдары Шымкент дене шынықтыру педагогикалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1996 жылдан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, орыс және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры қызметтерін атқарды. Ғалымның 50-ден астам мақала, зерттеу еңбектері жарық көрген.

92 жыл бұрын (1920-2007) қазақстандық инженер-электрик, техника ғылымының докторы БОЙКО Федор Константинович дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысушы.

Павлодар облысында туған.

Бүкілодақтық сырттай оқытатын Индустриялдық институтын бітірген.

Павлодар индустриялдық институтының проректоры, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Оның негізгі еңбектері өндірістік электрмен жабдықтау жүйелерін оңтайландыру мәселесіне арналған.

150-ден аса ғылыми еңбектердің, 10 кітаптың авторы. Ашқан жаңалықтары үшін 3 авторлық куәлік алған. 4 техника ғылымының докторын және 23 кандидатын дайындаған.

2-ші дәрежелі Отан соғысы, Халықтар Достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдарымен марапатталған.

46 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Премьер Министрі Кеңсесі индустралды-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары БАСЕКЕЕВ Әділбек Әлімжанұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласында туған. Ленинск байланыс электр техникумын, Мәскеу байланыс және ақпараттандыру техникалық университетін, Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар халықаралық университетін бітірген. 1987-1993 жылдары - Ленинск телеорталығының аға электр механигі. 1993-1994 жылдары - Ленинск қалалық әкімшілігі басшысының көмекшісі. 1994-1995 жылдары - Ленинск қалалық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бастығы. 1995-1999 жылдары - Ленинск қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитетінің төрағасы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Өңірлік дамыту және кадр жөніндегі бөлімінің бас инспекторы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2004-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - қазіргі қызметінде.

Медальдармен марапатталған.