Қазақша дубляж жасалатын фильмдерге қойылатын талап жеңілдейді

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі бюджет есебінен қазақша дубляж жасалатын шетелдік фильмдерге қойылатын талапты жеңілдетеді. Бұл туралы министр Аида Балаева Балаева «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтты.

Дни казахского кино прошли в Ереване
Фото: Kazinform

- Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ тіліндегі киноконтентті арттыру үшін жыл сайын 15 шетелдік фильмін дубляждауға деп 443 млн теңге бөледі. Бұл ретте, 2023-2024 жылдары заңнаманың қатаң талаптарына және конкурстық рәсімнің ұзақтығына байланысты шетелдік фильмдердің дистрибьюторлары конкурстық іріктеуге қатысудан бас тартқанын және осы мақсатқа мемлекеттен бөлінген қаражат бюджетке қайтарылғанын айта кетейін. Осыған байланысты кейінгі екі жылда бірде-бір шетелдік фильм мемлекет есебінен дубляждалған жоқ. Мәселені шешу үшін министрлік заңнамаға қазақ тілінде дубляж жасалуға татымды шетелдік фильмдерді іріктеуде қойылатын қатаң талаптарды оңайлату бағытында тиісті түзетулер әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді. Министрлік жоғарыда аталған түзетулерді басқа заң жобалары арқылы енгізуді одан әрі пысықтай береді, - деді министр.

Сондай-ақ ол биылдан бастап Голливуд студиялары кейбір блокбастерлерін өз есебінен қазақша дубляждауға көшкенін еске салды. 

Сұхбатта ономастика саласындағы кейбір олқылықтардың жолы заңмен кесілгені айтылған.

- Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша аудандық маңызы бар қалалардағы елді мекендерді, көшелерді атау және олардың атауын өзгерту мәселесі ономастика жөніндегі республикалық комиссияның келісімімен ғана іске асатын болды. Бұл процесс бүкіл республика бойынша ономастика саласын жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Сонымен қатар, кеңестік кезең қайраткерлерінің есімдерін беру тәжірибесін тоқтату үшін түрлі нысандарға есімін беруге лайық «Тарихи тұлғалар» тізімі әзірленіп, бекітілді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, М. Әуезов атындағы өнер институтымен бірге елді мекендер мен құрамдас бөліктерді атауға пайдаланылатын «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулардың» тізбесін қайта қарадық, - дейді Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар