Қазақша орындаған әнім көрермен көңілінен шыққаны қуантты – Zhang HeXuan
АСТАНА. KAZINFORM – Silk Way Star финалына екі күн қалғанда Қытай әншісі Zhang HeXuan жобадағы басты мақсаты мен дайындық барысындағы тәжірибесімен бөлісті.
– Қазақ тілінде ән айту оңай болмады. Бірақ тілдің әуезін түсіну үшін аудармашылар мен достарым көмектесіп, қазақша орындаған әнім көрермен көңілінен шыққаны қуантты, – деп бөлісті ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.
Zhang HeXuan Silk Way Star жобасына Қытай дәстүрін заманауи форматта көрсету мақсатындa келгенін айтты. Оның сөзінше, Sanqian Lichou композициясы қытай мәдениетінің мәнін ашып, сахнада ұлттық образбен жұмыс істеуге мүмкіндік берген.
Zhang HeXuan 2012 жылы алғаш сахнаға шыққан, кейін арада біраз уақыт үзіліс болды. Silk Way Star-ды ол өзінің кәсіби шыңдалуына ықпал еткен маңызды кезең деп санайды.
Еске салайық, Silk Way Star финалына жеті орындаушы өтті: ALEM, Язмин Азиз, Автандил Абесламидзе, Мишель Джозеф, Чжан Хэ Сюань, Саро Геворгян және Мадинабону Әділова.
Камила Мүлік