Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өз-өздеріне қарсы адамдар деп санаймын - Тоқтар Әубәкіров

АЛМАТЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін «Қазақ журналистері клубы» қазақтың тұңғыш ғарышкері, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен кездесу өтті.
None
None

Т. Әубәкіров кездесу барысында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік тіл - қазақ тілі жайында да өз ойын ортаға салды. «Кезінде Ресейден елге келген соң қазақша білмейтініме қатты намыстандым. Күнде өз-өзімді тәрбиеледім. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең арқылы үйрендім. Бірде ақын Олжас Сүлейменовпен уағдаласып, ендігі кездескенде қазақ тілінде сөйлесетін болғанбыз. Мен офицер болған соң сөзімде тұруға тырысып, үйреніп алдым. Кейінгі жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тілін де үйренсін, бірақ ең бірінші қазақ тілін - өз ана тіліңді біл. Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өз-өздеріне қарсы адамдар деп санаймын», - дейді ғарышкер.

Тұңғыш қазақ ғарышкері еліміздегі ғарыш саласын зертеу жайына көңілі толмайтынын айтты. «Қазақтан шыққан 2 ғарышкерден басқа тағы 2 азаматымыз - Мұхтар Аймаханов пен Айдын Әйімбетов ұшулары тиіс болатын. Неге екені белгісіз, шаруа аяқсыз қалды. Айдын елге оралса, Мұхтар оқуын жалғастыру үшін Ресей азаматтығын алды. Ол жігіттерге өз ақыл-кеңесімді айтып, қолдан келгенше көмектестім. Маған рахметтерін айтып, әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз», - дейді Т. Әубәкіров.

Сонымен қатар Т. Әубәкіров алдағы саяси науқан - Президент сайлауына қатысты өз пікірлерімен бөлісті. «Бүгінде халықтың сауаты әлдеқайда ашылған. Мен ауылдарды аралап жүргенде осы жағдайға куә болдым. Ауылдарда газет-журналдарды жақсы оқиды. Елдегі және жан-жақтағы болып жатқан оқиғалардан бәрі хабардар. Сондықтан, қазақ халқы алдағы Президент сайлауына белсенді қатысып, өз ой-пікірлерін бюллетень арқылы ашық білдіре алады деген ойдамын», - деді Халық қаһарманы.

Соңғы жаңалықтар