Қазақстан 2015 жылы сандық хабар тарату стандартына толық көшуі тиіс - Ә.Баймұратов
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ғаламдық жаһандану үрдісі барысындағы БАҚ-тардың заманауи жетістіктер көшіне ілесу талпынысы мемлекет тарапынан қолдау тапқанына да 1-2 жыл болды. Яғни біздің еліміз бұл үрдіске, сандық хабар таратуға көшу жолындағы нақты қадамдарын бастап та кетті. Алайда уақыт талабынан туған бұл мәселенің де өзіндік қиындықтары мен әлі шешімін табуы тиіс түйткілдері бар екені рас.
Бұл күрмеуі көп күрделі мәселені шетелдік мамандардың қатысуымен талқылау ақпанның 4-5-і аралығында елордада өтпек. Халықаралық сипаттағы алқалы жиынның тақырыбы «Қазақстанның телекоммуникациялық нарығын одан әрі дамыту негізі - радиобайланыстың перспективалы технологияларын енгізу және дамыту» болмақ. ҚазАқпарат тілшісі осы жиын алдында ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Байланыс департаментінің директоры Әбілхан Баймұратовпен жолығып, еліміздегі сандық телерадио хабарларын тарату мәселесіне орай сұхбаттасқан еді.
- Әбілхан Есенұлы, сандық телерадио хабарларын тарату жүйесін елімізде енгізу мүмкіндіктері мен болашақтары қандай және қазіргі қолданыстағы хабар тарату жүйесінен оның артықшылығы неде?
- Еліміз үшін бұл жүйенің тың жаңалық болғандығын ескере отырып, бірден артықшылығынан бастайын. Сандық телерадио хабарларын таратудың аналогтық хабар таратудан ең басты айырмашылығы - бір жиілікте, яғни 8 мГц-те 10-нан 20-ға дейінгі телерадио компанияларының хабарларын таратуға мүмкіндігі бар. Яғни бұл орайда елімізде тапшылығы білініп отырған радио жиілік спектрі көп үнемделеді. Қазір Қазақстанда аналогтық стандартта таралып отырған әрбір телерадио компанияға белгілі бір радио жиілік спектріндегі хабар беру құрылғысы керек-ті. Екіншіден қазіргідей әр телерадио компанияға жеке телерадио хабарын тарату құрылғысын сатып алу қажеттілігі туындамайды. Бұл орайда кез келген хабар тарататын компанияның қаржысы үнемделетіні анық. Үшіншіден, қазіргі таңда қала тұрғындары отандық телеарналармен бірге кабельді арналарға қосылу арқылы 50-100 телеарнаны тамашалай алса, ауылдық жерлерде мұндай мүмкіндік жоқ. Қазір ауыл тұрғындарының басым көпшілігі Қытайдың хабар тарату табақшасын сатып алып, сол арқылы еліміздің солтүстік өңірі Ресейдің, ал оңтүстік өңірі Өзбекстанның телеарналары арқылы ақпараттанып отыр. Демек, бұл жерде мемлекеттілігіміздің, ақпараттық қауіпсіздігіміздің өздігінен қозғалатыны анық.
Біз бұл стандартқа көшсек, еліміздің шеткі аймақтарының өзі 10-нан 20-ға дейінгі аралықтағы отандық телеарналарды көре алатын болады. Олар өзара тегін және ақылы болып бөлінуі мүмкін. Оны БАҚ-қа жауапты өкілетті орган анықтай жатар. Жалпы оның бесеуі немесе 10-ы «Хабар», «Қазақстан 1» секілді телеарналар тегін болатыны анық. Аталған жүйеге облыстық және жеке арналардың барлығын енгізу қажет пе деген мәселелерді де өкілетті органдар анықтайтын болады. Сонымен қатар сандық телеарнаны енгізу барысында оның эфирді қамту ұзақтығын 25 пайызға ұлғайтып, сапасын да жақсарта аламыз. Бүгінгі күні сандық телерадио хабарларын тарататын оператор әлі нақты анықталған жоқ. Біздің жоспар бойынша жарты жылдан кейін жүйелік жоспар әзірленеді, сол кезде оператор белгілі болмақ. Жалпы оның біреу болғаны дұрыс деген ойдамыз.
- Әлемде американдық, жапондық және еуропалық деп аталатын сандық телеарна форматтары бар. Осылардың бір-бірінен айырмашылығы қандай? Сандық хабар тарату жүйесін енгізу барысында қай мемлекеттің тәжірибесі қолданылады?
- Иә, әлемде сандық телеарналардың бірнеше форматы бар, сіз атап өткендерге қытайлық форматты да қосыңыз. Жалпы әлемдік жиілік спектрі 1, 2, 3-ші деп аталатын аудандарға бөлінген. Біз соның біріншісіндеміз, оған Еуропа мен ТМД елдері кіреді. Көрші мемлекеттер қандай стандартты пайдаланса, біздің де сондай стандартқа көшкеніміз орынды. Бұл орайда көрші мемлекеттермен шекаралас аудандарда хабар таратуды үйлестіруге, сонымен қатар оператордың құрал-жабдықтарымен телерадио компанияларды және халықты қамтамасыз етуге ыңғайлы болмақ. Мәселен, елімізде ұялы байланыстың екі стандарты қолданыста. Олар CDMA американдық, GSM еуропалық стандарттары. Осы американдық стандарттың еліміздегі абоненттері 1 миллион болса, еуропалық стандартты пайдаланушылар 14 миллионға жетеді. Демек, бір кеңістікте жатқандықтан еуропалық стандарт тиімді деген сөз. Өткен жылы желтоқсанның 24-інде Жиілік спектрі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Сонда біз Қазақстан үшін DVDst еуропалық стандартын қабылдадық. Енді осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға күш салмақпыз.
Ал осы сандық телерадио хабарларын енгізу барысында басқа мемлекеттердің тәжірибесін қолдану дегенге келер болсақ, әзірге ондай қадамға бара қойған жоқпыз. Таяуда біз Беларус елінде болып қайттық. Онда да арнайы осы сандық хабар тарату жүйесін енгізген беларус тәжірибесін зерттеп, зерделеу үшін емес, бір халықаралық конференцияға барған едік. Соны пайдаланып, беларус әріптестерімізге соқтық. Олар сандық жүйеге қалай көшіп жатыр, қалай жүргізілуде деген сауалдарымызға жауап алдық. Біздің алғашқы атқарған жұмыстарымыздың бірі жоғарыда атап өткен еуропалық стандартқа көшетінімізді анықтауымыз болып отыр. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт бар, бұл еуропалық стандарттың өзі Т, Т-2 деп бөлінеді. Енді осының қайсысы елімізге тиімді деген мәселе туындап отыр. Бұл сауалға ақпанның 4-5-і аралығында елордада өтетін халықаралық конференция барысында жауап алатын боламыз. Көптеген білікті шетел сарапшылары шақырылған алқалы жиында Т мен Т2-нің айырмашылығын анықтап, беру, қабылдау құрылғыларын жасайтын компаниялардың баяндамаларын тыңдаймыз, артықшылығын, кемшілігін сарапқа саламыз.
- 2010 жылдың наурызынан бастап 3 G қызметін еліміздегі ұялы байланыс операторлары көрсете алады деген хабар тарады. Қазіргі уақытта осы қызметті көрсетуге дайындық қалай жүруде?
- Жоғарыда желтоқсанның 24-інде жиілік спектрі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткендігіне тоқталған едім. Онда 3 G қызметін енгізу үшін қажетті жиілік спектрін елімізде GSM стандартында жұмыс істеп жатқан үш компанияға, атап айтқанда Ксell, Beeline, Neo компанияларына бірдей бөліп беруге шешім қабылдадық. Оларға жиілікті пайдалану үшін міндетті бір реттік 5 млрд теңге көлемінде төлем белгіленді. Аталған компаниялар жылдың соңына дейін осы қаржыны бірнеше траншқа бөліп немесе бірден төлеулеріне құқықтары бар. Біз компанияларға осы жайттар қамтылған хатты, сонымен қатар лицензияның жобасын жолдадық. Үш компанияға да бір реттік 5 миллиард теңге көлеміндегі төлемақы төлеу, екі жылдың ішінде Астана, Алматы қалаларын және облыстарды 3 G байланыс қызметімен қамтамасыз ету, 2015 жылға дейін халық саны 70 мыңнан асатын аудан орталықтарын, елді-мекендерді аталған қызмет түріне қосу керек деген талабымыз бар. Бүгінгі күні сол хатымызға жауап күтіп отырмыз. Олар өз келісімдерін беріп, бір реттік төлемақының белгілі мөлшерін төлесе, біз қажетті лицензия табыстап, жиілік спектрларына рұқсат береміз.
- Еліміздің сандық хабар тарату технологиясын енгізуге әзірлігі қандай?
- Сандық телерадио хабарларын тарату жүйесін енгізу үшін алдымен негізі қалыптасу қажет. Бұл үшін ағымдағы жылы біз жиілік аумақтық жоспар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Ол қайда және қандай жиіліктің бос екендігін, қайда және қанша арнаны енгізуге мүмкіндігіміз бар екендігін анықтауға жол ашады. Сонымен қатар көрші елдермен шекаралас аудандарда қандай жиілікте қазақстандық телеарналар өз хабарларын тарататындығын анықтау қажеттігі туындап отыр. Аталған ауқымды жұмыстар толығымен атқарылғаннан кейін осы радио жиілік спектрге сәйкес жүйелік жоспар жасауды қолға алатын боламыз. Осы кезде біз қай жерге қанша тарату құрылғысын орнататындығымызды білеміз.
Сандық телеарналарды енгізу 2011 жылдың басына жоспарланған. Соған сәйкес 2011 жылы белгілі бір облыстарда пилоттық жоба жасалатын болады. Мұндай жоба қай облыстың аумағында сынақтан өтетіндігі әзірге анықталған жоқ. Жалпы 2015 жылға қарай республиканың барлық тұрғындарын сандық телеарнамен қамтимыз деген жоспарымыз бар. Осы уақытта Қазақстан аумағының 98 пайызын эфирлік хабар таратумен, ал қалған 2 пайызын спутниктік телеарнамен қамтитын боламыз.