14:38, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан 2015 жылы жоғары октанды бензин түрлері бойынша ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан 2014-2015 жылдарға қарай жеке мұнай өңдейтін зауыттарының есебінен жоғары октанды бензиннің барлық түрі бойынша ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «А-92 және А-93 маркалы бензин түрлерінің импорты әлі сақталып отыр, тіпті 2012 жылы импорт өсе түседі. Алайда бұл үдеріс 2013 жылы күрт төмендейді. 2014-2015 жылдары нөлдік импортқа шығатын боламыз. Дегенмен бұл факті бойынша бәрі мүлдем нөл болады дегенді білдірмейді. Біз Ресей Федерациясымен ықпалдастық үдерісінен ешқайда қаша алмаймыз. Дейтұрғанмен бұл еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттардың есебінен ішкі нарықтағы сұранысты толық жабудың мүмкіндігі барын білдіреді. Осылайша 2014-2015 жылдардан бастап жеке қуаттарымыздың есебінен жоғары октанды бензиннің барлық түрі бойынша ішкі нарықтың сұранысы қамтамасыз етілетін болады», - деді С. Мыңбаев.
Осы орайда министр 2009-2015 жылдар аралығында Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жүргізілетінін атап көрсетті.