Қазақстан 2017 жылға қарай Халықаралық жұлын май банкінің толық мүшесі болуы мүмкін

Сондықтан, бүгін Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы қатерлі ісікке шалдыққан балаларды, олардың ата-аналарын, демеушілер мен дәрігерлердің басын қосып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Онда дәрігерлердің 2015 жылғы жұмыстары қорытындыланды. Жалпы, орталықта 2010 жылы 30 төсек-орынға арналған онкогематология бөлімшесі ашылған болатын. Ал, қазір, яғни, арада 5 жыл өткен соң орталықта 95 адамға арналған екі балалар онкологиясы бөлімшесі қызмет етеді. Оның ішінде кемік майын ауыстыруға арналған 6 төсек-орындық таза кешен бар.
2013 жылы балалар арасындағы күрделі ісіктерді емдеуге арналған екінші онкология бөлімшесі ашылды. Орталықта жылына онкогематологиялық аурулармен 1 мыңнан аса бала ем алады. Жалпы осы жылдар ішінде ішінде орталықта онкогематологиялық ауруға шалдыққан 1540-тан аса бала емделіп шыққан.
Ал, биыл Қазақстанда алғаш рет қанның қатерлі ісігіне шалдыққан ұл балаға анасы қыз балаға босанып жатқан кезде кіндік қаны сәтті ауыстырылды.
Орталықтағы №1 онкология бөлімінің меңгерушісі Даир Нұрғалиевтің айтуынша, баланың жұлын майын ауыстыратын донор табылмаған соң, ата-анасы осындай шешім қабылдаған.
«Біздің орталықта өлім аузында жатқан ұл балаға жұлын майы табылмады. Қазақстанда да, шет елде де, тіпті, туыстарының арасында да донор табылмаған соң, ата-анасы екінші рет балалы боламыз деп шешті. Менің ойымша, ата-аналардың көбі осы амалды ойланып көруі керек. Оның үстіне, жаңа туған баланың жұлын майына, қанына тиіспейміз, біз анасын осы орталықта босандырып, оның кіндікбауынан қан аламыз. Әдетте, бұл өте қымбат тұратын процедура. Ал, баласы обыр ауруына шалдыққан ата-аналар үшін біз бұл процедураны тегін жасаймыз. Анасын осы орталықта босандырып, кіндік қанын алып, оны тазалап, ауырып жатқан үлкен балаларына құямыз. Міне, Қазақстанда тұңғыш рет жасалған осындай трансплантация сәтті өтті. Қазір 7 жасар сол ұл бала мен екі жасар қарындасы аман-есен өсіп жатыр»,-дейді Д.Нұрғалиев.
Сұхбат барысында дәрігер жақсы жаңалық жеткізді. Қазақстан 2017 жылға қарай Халықаралық жұлын май банкінің толыққанды мүшесі болуы мүмкін.
«Қазақстанның жұлын май банкінде қазір 2 мыңнан аса донор тіркелген. Ресейде 7 мыңнан аса донор бар. Өздеріңіз білетіндей, Халықаралық жұлын май банкі бар. Бұл банктің мүшесі болу оңай емес. Өте көп ұйымдастыру жұмыстары мен қыруар қаржы керек. Бірақ, Қазақстан біртіндеп осы банкке жақындап келеді. Мысалы, былтыр Қазақстан биоматериалдарды шекарадан алып өтуге болатын заңға қол қойды. Міне, бұның өзі үлкен бір қадам. Енді, қайырымдылық қорлары мен мемлекет атқаратын жұмыстардың арқасында 2017 жылға қарай осы халықаралық банкке мүше болуымыз мүмкін»,-дейді дәрігер.