Қазақстан 2017 жылғы ЭКСПО мен 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиада дайындығына қызу кірісті - апталық шолу

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.
None
None


«ЭКСПО көрмесі - жаһандық ауқымдағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік  тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдің көрме тақырыбына тығыз байланысты бастамаларының көп екенін атап өтті. Бұлар - энергиялық-экологиялық стратегия, «жасыл көпір» және «жасыл өсім» стратегиялары.

Елбасының сөзіне қарағанда, «болашақтың энергиясына» көшуге мүдделілік идеясын елдің өзі көрсете білуі тиіс. Үкімет біздің елімізде бұл бағыттың тиісті деңгейде дамуы мәселелерімен жұмыс істеуі керек. «Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс жасауы қажет. Сондықтан болашақ энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарын қабылдау жайын анықтап алуды тапсырамын. Ол жоспар барлық өңірді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды қамтуы тиіс. Бағдарламалық барлық құжаттарды үйлестіру керек, - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, 2017 жылдағы ЭКСПО кезінде бес миллион шамасында келушілер қабылдауды жоспарлап отырғанымызды ескеріп, қаланы дамыту жоспарын қайта қарау мәселесі жүктелді. Баспананың және жайлылықтың ең заманауи талаптары мен стандарттарына сай келетін ЭКСПО-Сити құрылысын анықтауға кірісу де тапсырылды «Ауылшаруашылық жерлер қатаң түрде мақсатқа сай қолданылуы қажет. Астана мен облыс төңірегінен жер телімдері берілуіне тыйым салу керек. Тек ЭКСПО-2017 символына айналып қана қоймай, әлемдік архитектура мен қала құрылысы қазынасының қатарына енетін бірегей сәулеткерлік ғимарат құрылысы туралы ойлану да аса маңызды. Оған қоса, жаңа коммуникациялар құрылысы мен оларды басқару «ақылды қаланың» қағидаттары бойынша жүзеге асырылуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Н. Назарбаев ЭКСПО көрмесін өткізу нәтижесін барынша игілікке жарату, ең алдымен туризмді дамытуға пайдалану мәселесіне назар аударды. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Мемлекеттік комиссияға туристік бағыттардың еншісіндегі автожолдардың бойындағы сервисті осы заманға сай жабдықтау жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, қалалар арасындағы көлік жүйесінің жаңа жүктемелерін ескеруді тапсырды. 

Мемлекет басшысы  ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу және өткізу кезінде отандық экономиканың ресурстарын, әсіресе шағын және орта бизнестің жетістіктерін барынша пайдалануды жүктеді. «Осы шараға арналған құрылыс материалдары мен қызмет көрсету импортын төмендету үшін біздің барлық ішкі өндірісті іске қосу керек. Өз кезегінде шағын және орта бизнес сондай қызметтер мен тауарлар көлемін көрсетуге дайын болуға тиіс. Олардың қызметі сапаның ең жоғары талаптарына сай болуы керек», - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары ЕХРО-2017 көрмесі қажетті шара екенін түсінуі керек екендігін айтты. Осы орайда бүгінде ЭКСПО ұлттық идеядан ұлттық жобаға ауысқандығы атап өтілді. Бұл оқиғаны біз қатысатын халықаралық алаңдардың бәрінде, әлемдік деңгейде насихаттауды қамтамасыз ету керек.

«Біз инвестицияның ағылып келуіне қуатты серпін береміз, он мыңдаған жұмыс орындарын ашамыз. Еліміз құрылысқа, туризм инфрақұрылымына, қонақ үй бизнесіне тартылған инвестициялардан үстемеленген әсер алады. Көрмені өткізу басты нәрсе емес, ақыр аяғында оның ел мен халыққа қандай пайда әкелетінін анықтау маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2017 жылы спорт саласында да Қазақстан  үшін ерекше жыл болмақ

Өтіп бара жатқан бұл аптада Үкіметтің отырысында 2017 жылғы 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, бұл елеулі спорттық шара 2017 жылы Алматыда өтетін болады.  «Студенттік олимпиадаға дайындық мәселесі тек Алматыға ғана емес, сонымен қатар барлық өңірлерге де қатысты. Бұл ауқымды спорттық шараға 5 жылға жуық уақыт қалды. Ал уақыт тез өтеді, 2017 жылдағы қысқы студенттік олимпиада ойындары мен ЭКСПО-17-ні өткізуге дайындықты қазірден бастау керек. Бүгінде осы спорттық шараға әзірленіп жатқан жастар, оқушылар, студенттер 100 пайыз даярлықтан өтуі тиіс», - деп тапсырды Премьер-Министр Серік Ахметов. Осы орайда, Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне, ҚР Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі агенттікке, барлық облыс әкімдерімен және Алматы мен Астана әкімдіктерімен бірлесе спорттық резервін даярлау бойынша тиісті шараларды қабылдауды жүктеді.

Дүниежүзілік универсиада бойынша баяндама жасаған министр Бақытжан Жұмағұлов студенттік олимпиада барысында «Медеу» мұз айдынын, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенін, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын және Алматы облысындағы шаңғы-биатлон стадионын пайдалану жоспарланып отырғандығын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта  Мұз сарайы мен Мұз аренасы салынады. Сонымен бірге Атлетикалық ауыл бой көтермек. Бұдан бөлек, министр мырза 2017 жылдағы спорттық дода қарсаңында жасөспірімдер спортындағы кемшіліктердің орнын толтыру керектігін мәлім етті.

Еліміздегі алдағы универсиада ойындарында болатын барлық спорт түрлері дамуда. Бұл жұмыспен 12 аймақта 61 мың адам жүйелі түрде айналысып жатқан көрінеді. Бірақ, универсиадаға толық дайындалу үшін оқушылар мен жастардың дене шынықтыру және спорт деңгейін көтеру қажет.

«Яғни, еліміздің намысын қорғайтын жас спортшыларды дайындау керек. Өйткені 8 сынып оқушыларының осы универсиадаға қатысу мүмкіндігі бар. 90-шы жылдары жасөспірімдер спортына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Енді бұл кемшіліктің орнын толтыру керек», - деді министр.

Белгілі болғандай, оқушылар мен студенттерді оқу орнындағы секциялармен көбірек қамту шарт. Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің 36 пайызында қысқы спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Мысалы, оқушылардың 25 пайызында шаңғы спортымен айналысуға мүмкіндік бар. Орта білім беру ұйымдарында спорттық секциямен қамтылған оқушылардың үлесі 22,5 пайызға жетті.

Сонымен қатар Б. Жұмағұлов облыстардағы спорттық база заман талабына сай емес екендігін сөз етті. «Универсиадаға дайындық аясында жергілікті атқарушы органдар мектептерді қажетті жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту керек деп ойлаймын. Облыстардағы қазіргі спорттық база заман талабына сай емес, - дейді министр. Қазақстанда 190 шаңғы базасы, 496 хоккей корты, 3 секіруге арналған трамплин, сондай-ақ  9 коньки стадионы бар. Бұдан бөлек мектептер балансында 20 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың 567-сі қысқы спорт түрлеріне арналған  нысандар.  Яғни, бұл көрсеткіш жалпы саннан 35 есеге аз болып отыр. «Осыған байланысты Серік Нығметұлы, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне инвесторларды тарта отырып, спорт ғимараттарын салу және мектептер мен колледждерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету бойынша тиісті шара қабылдау туралы тапсырма беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубтарын,  мектептерде арнайы спорт клубтарын ашуды қарастыру қажет», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі 2013 жылдан бастап дене тәрбиесі және спорт мамандықтары бойынша грант саны ұлғайтылатынын және дене тәрбиесі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жұмыстары іске асырылатынын тілге тиек етті. 

Бұдан бөлек ол қысқы спорт түрлері бойынша дайындық деңгейін арттыру мәселесіне тоқтала келе, мектеп және колледж оқушылары үшін спартакиадалар тұрақты түрде өткізілетіндігін жеткізді. Спартакиада нәтижесі Қазақстандағы универсиада - 2017 бағдарламасына кірген 12 қысқы спорт түрінен шаңғы жарысы, коньки тебу спорты, шайбалы хоккей, шорт-тректің дамығанын көрсеткен. Олар Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында кеңінен өріс алып отыр.

Соңғы жаңалықтар