Қазақстан 2025 жылы тұрғындары Грузияға ең көп сапарлаған елдердің ондығына кірді

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы қазақстандықтар Грузияға 170 мың рет сапарлаған. Сөйтіп еліміз Грузияға барушылар саны жағынан алтыншы орынға тұрақтады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігіне сілтеме жасап.

Грузия
Фото: Travel and Tour World

2025 жылы Грузия шетелдік туристер саны бойынша жаңа рекорд орнатты.

Ұлттық туризм әкімшілігінің мәліметінше, елге 5 млн 521 мың 866 шетелдік турист келген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға көп.

Жалпы туристік ағынның қалыптасуына аймақ елдері айрықша үлес қосты. Соның ішінде Қазақстан да бар. 2025 жылы қазақстандықтар Грузияға 169 мың 367 рет сапарлаған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға азайғанымен, Қазақстан грузин туризмі үшін маңызды нарық ретіндегі орнын сақтап қалды.

Осылайша, Қазақстан Грузияға келушілер саны бойынша алғашқы он елдің қатарына еніп, тұрақты туристік серіктес мәртебесін сақтап қалды.

Ал туристік мақсаттан тыс сапарларды қоса есептегенде, 2025 жылы шетел азаматтары Грузияға жалпы саны 7,8 миллионнан астам рет келген. Бұл – бір жыл ішіндегі өсім 5,9 пайызды құрайды деген сөз. Елге ең көп келгендер қатарында Ресей, Түркия және Армения көш бастаса, Израиль, Әзербайжан және Қытай тарапынан келушілер санының айтарлықтай артқаны байқалған.

Сонымен қатар, Еуропа одағы елдері мен Ұлыбританиядан келген туристер легі де ұлғайған. Бұл бағытта шамамен 500 мың сапар тіркеліп, өсім 14 пайызды құрады. Туризм үшін ең қызу кезең жыл соңына тұспа-тұс келді: қыркүйек пен желтоқсан аралығында туристік сапарлар саны 1 млн 214 мың 772-ге жетіп, жылдық есепте 10,5 пайызға артқан.

Осыған дейін Астананың Еуропаның қолжетімді туризм желісіне ресми түрде қосылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум