Қазақстан 2025 жылға дейін 600 жолаушылар вагонын сатып алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің жалпы жүк және жолаушылар тасымалының 60 пайыздан астам темр жол көлігі саласының үлесіне тиесілі екендігі белгілі. Демек, темір жолы көлігі еліміздің тауар нарығының қалыпты жұмыс істеп, дамуы, халықтың барыс-келіс қажеттілігін қанағаттандырып отыр деген сөз. Сондықтан да осы жылы бұл салада қандай өзгерістер орын алғандығына шолу жасап көрсек.

Қазақстан 2025 жылға дейін 600 жолаушылар вагонын сатып алады

Жалпы, еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жолаушылар жылжымалы құрамы паркінің жағдайы жақсы емес. Вагондардың тозуы 46 пайызға жетіп отыр. Осыған орай, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік жаңа вагондарды сатып алу үшін мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеген.

«Өткен жылы тасымалдаушыларға бюджеттік несиелеу желісі бойынша 109 жолаушылар вагоны сатып алынды. Ал биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 50 жолаушылар вагоны сатып алынған болатын. Бұл вагондар Нұр-Сұлтан–Арқалық (14 бірлік), Атырау–Маңғыстау (18), Алматы–Жезқазған (10), Нұр-Сұлтан–Семей (8) бағыттарына берілді», - дейді министрліктен.

Биыл республикалық бюджетті екінші нақтылау аясында Қызылорда–Семей, Алматы–Өскемен, Нұр-Сұлтан–Семей, Алматы-Маңғыстау бағыттары үшін 50 жолаушылар вагонын жеткізуге қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін жыл сайын 100 бірліктен 600 вагон сатып алу жоспарланып отыр. Жаңа вагондар отандық «Тұлпар» зауытында өндірілген және қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына жауап береді.

Елімізде темір жол көлігінің жол жүру билеттерін сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізілді. 2019 жылдың ортасында «Мобиус» электронды рәсімдеу жүйесі енгізілді. Жол жүру билеттерін заңсыз сатқаны/қайта сатқаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамаға маңызды түзетулер енгізілді. Бұл енгізу билеттердің қолжетімділігімен байланысты әлеуметтік маңызы бар проблеманы шешуге, вокзалдарда заңсыз ресімдеу мен делдалдық қызмет фактілерін азайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, жаңа жүйенің арқасында билеттер орын болмаған жағдайда күту парағы бойынша кезектілік тәртібімен сатып алынады. Парақ арқылы 2019 жылы 98 мың билет сатылды. Бұл билеттерді «көлеңкелі» кәсіп үшін қайта сатуға жол берілмейді.

Жүк тасымалы секторы да белсенді дамып келеді. Темір жол көлігі ел экономикасын дамытуда ерекше рөл атқаратынын атап өткен жөн. 2020 жылдың 11 айында темір жол көлігімен 261 млн тонна жүк тасымалданды. Ал 2019 жылдың 11 айында 258 млн тонна жүк тасымалданған еді. Бір жылдың ішінде өсім 1,3 пайызды құрап отыр. 2020 жылы транзиттік контейнерлерді тасымалдау көлемі 36 пайызға артып, 799 мың жиырма фунттық эквивалентті құрады. Ал өткен жылы 531 мың жиырма фунттық эквивалентті контейнер тасымалданған болатын. Осы жылдың 11 айында транзиттік тасымалдар көлемі 18,9 млн тоннаны құрап, өсім 22 пайызға жетті.

Темір жол инфрақұрылымы саласында 2021 жылдан бастап Қытай–Еуропа транзиттік дәлізінің құрамына кіретін 840 шақырымдық Достық–Ақтоғай–Мойынты учаскесін жаңғырту жөніндегі жоба жоспарланған. Жоба Достық учаскесі мен станциясының өткізу қабілетін бір жарым есеге арттыруға, сондай-ақ Қытай-Еуропа елдері транзиттік бағытындағы транзиттік контейнерлік пойыздардың орташа тәуліктік жылдамдығын тәулігіне 850-ден 1200 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 233 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап ұзындығы 73 шақырым болатын мемлекеттік жеке меншік-әріптестік сызбасы бойынша Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасын іске асыру жоспарлануда. Осылайша, жоспарланған жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға кезекті қадам жасауға мүмкіндік береді.