Қазақстан 2025 жылға қарай жаһандық рейтингтің 24-сатысына шығуы мүмкін - сарапшы
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылға арналған Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша Қазақстан 34-орынға табан тіреді. Бұл туралы бүгін Ұлттық баспасөз клубында өткен Ресей ғылым академиясы Экономикалық стратегиялар институтының халықаралық сарапшылар тобының «Қазақстан 2050 - жаңа биіктерге» атты ұжымдық монографиясының тұсаукесерінде аталған институттың бас директоры Александр Агеев айтты.
Профессор А. Агеев атап өткендей, әлемдік рейтингтердің көпшілігі белгілі бір экономикалық көрсеткіштер қағидаларына арқа сүйейді. Ал Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг алдыңғы қатарлы математикалық моделдерге сүйене отырып, экономикалық көрсеткіштерден басқа ішкі саяси тұрақтылық, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік көшбасшылардың абырой-беделі мен ықпалы, олардың халықаралық қатынастар саласындағы бастамалары сияқты көптеген факторларды ескереді.
«Қазақстан экономикалық даму саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, тұрақты, егеменді мемлекет ретінде аяғынан нық тұрды. Қазақстанның жетістіктері елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегімен тікелей байланысты екені сөзсіз», - деп атап өтті А. Агеев.
Оның айтуынша, әлемде қоғам өмірінің барлық салаларында жағымды ықпал ету деңгейі бойынша мақсаттарының тереңдігі мен нақтылығы бойынша «Қазақстан - 2050» стратегиясына тең келетін балама өте аз. Бұл - елді ХХІ ғасырдың болашақ көшбасшыларының санатына алып шығатын заманауи Қазақстанның ноу-хауы.
«Біздің зерттеулеріміз бойынша, Қазақстан 2025 жылға қарай Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтингте бірден 10 сатыға көтеріліп, 24-орынға шығуы мүмкін», - деді А. Агеев.