Қазақстан 2035 жылға қарай 8,4 ГВт «жасыл» генерацияны енгізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Еуразиядағы негізгі энергетикалық және транзиттік орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып, мұнай тасымалының халықаралық бағыттарын және «жасыл» энергетика жобаларын дамытып келеді, деп жазады Kazinform тілшісі.
Бұл туралы Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Баку энергетикалық апталығы аясындағы пленарлық сессияда мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін Әзербайжанмен ынтымақтастық пен Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры бағытын дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл бағыт Каспий құбыр консорциумын (КҚК) толықтырып, экспорт жеткізілімдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
— Қазақстан үшін БТЖ бағыты стратегиялық маңызға ие. Бұл тек тасымал дәлізі емес, Еуразиядағы энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының бір бөлігі, — деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, БТЖ арқылы қазақстандық мұнай тасымалын жылына 1,5 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.
Ал Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қазақстан мұнайын экспорттауда әлі де негізгі бағыт болып саналады. 2025 жылы осы жүйе арқылы 64,8 млн тонна мұнай тасымалданған.
Сессия барысында Қазақстанның 2035 жылға дейінгі жаңа энергетикалық стратегиясы мен төмен көміртекті экономикаға көшу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тиісті тұжырымдамаға сәйкес, ел 8,4 ГВт жаңартылатын энергия көздері қуатын іске қосуды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы қуаты шамамен 3,7 ГВт болатын 169 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Олар электр энергиясының шамамен 7 пайызын өндіреді. Жобаларды іске асыруға Қытай, БАӘ, Франция және Германия сияқты елдердің халықаралық компаниялары тартылған.
Сонымен қатар министр «Каспий жасыл энергетикалық дәлізі» жобасының маңызын атап өтті. Бұл жоба Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның бірлескен бастамасы саналады.
— Біз Орталық Азия мен Еуропа арасындағы таза энергия мен заманауи технологияларға негізделген жаңа энергетикалық көпірді қалыптастырып жатырмыз, — деді Ақкенженов.
Бұдан бөлек, Қазақстан «жасыл» сутегі өндіру жобаларын дамытып жатыр. Оның ішінде Маңғыстау облысындағы Hyrasia One жобасы бар. Сондай-ақ энергетика секторын жаңғырту және шығарындыларды азайту үшін «таза көмір» технологиялары енгізіліп жатыр.
Айта кетейік, 1–3 маусым аралығында Әзербайжанда Баку энергетикалық апталығы өтіп жатыр. Оның аясында «Каспий мұнай және газ» халықаралық көрмесі, «Таза энергетика» көрмесі және Баку энергетикалық форумы ұйымдастырылған. Жиын барысында Қазақстан мен Түркия мұнай-газ-химия және энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Осыған дейін Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласы көрсеткіштерінің төмендеу себебін атады.