«Қазақстан - 2050» стратегиясы өміршең мәселелерді қозғауымен құнды - А.Шыныбеков, Орал қалалық мәслихатының хатшысы
ОРАЛ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қалалық мәслихатының хатшысы Абат Шыныбеков бастаған насихат тобы облыс орталығының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан білім мекемелеріне барып, Елбасымыздың Жолдауынан туындайтын міндеттер турасында ой бөлісті.
-Күні кешеге дейін еліміздің даму жолы «Қазақстан - 2030» Стратегиясының негізінде жүзеге асып келді, деді Абат Абайұлы. Бұл құжат қабылданған кезде оның өміршеңдігіне сенбегендер де болғанын білеміз. Алайда оның негізгі параметрлері он бес жылдың ішінде орындалды. Он бес жыл бұрын біз мұндай білім ұялары туралы тек армандайтын едік. Қазір облысымыздың өзінде жыл сайын төрт-бес мектеп, балабақшалар жаңадан салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы бойынша республика көлемінде 4 мыңға жуық мектепке дейінгі білім беру мекемелері ашылып, еліміздегі бүлдіршіндердің 65 пайызы балабақшамен қамтылды. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш 96 пайызды құрап, республика бойынша көш бастап келеміз. Елбасымыз өз Жолдауында демографиялық өсімді ескере отырып, аталмыш бағдарламаны 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдағанын жеткізді. Яғни алдағы уақытта да балабақша мен шағын орталықтар көбейіп, сәбиді балабақшаға орналастыру мәселесі күн тәртібінен түсетін болады. Қорыта айтқанда, «Қазақстан - 2050» стратегиясы осындай өміршең мәселелерді қозғауымен құнды
«Жұлдыз-ай» мектепке дейінгі ұйымының директоры Айболсын Әбілова балабақша ұжымы Жолдаумен жан-жақты танысқанын, оны толық қолдайтынын жеткізді. «Мемлекет басшысы Жолдауда жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына жете көңіл бөлу қажеттілігін айтқан, - деді Айболсын Әдиетқызы. - Осы мақсатта біз бүлдіршіндерге үш тілде білім беріп, компьютердің көмегімен сауаттарын ашудамыз».
Қаланың ескі әуежай ауданында орналасқан №37 орта мектептің мұғалімі Сағидолла Әдиев ашылғаны бір ай ғана болған білім ұясында 710 оқушы сапалы білім алып жатқанын айтты. «Елбасымыз Жолдауларына салауатты өмір салтына, дене шынықтыруға жете мән беріп келеді, - деді ардагер-ұстаз. - Алайда жаңадан салынған мектептердің өздерінде бір спортзал таршылық етеді. Дене тәрбиесі пәніне қажет құрал-жабдықтар жетіспейді. Осы мәселелердің шешілуіне депутаттар атсалысса екен дейміз».