Қазақстан 2050 жылға қарай ядролық энергия тұтыну көлемін 3 есе арттыруды көздейді — AIF

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов Астана халықаралық форумында Қазақстанның энергетика саласындағы саясаты туралы мәлімет берді.

Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр
Фото: Өзбекстанның Энергетика министрлігі

— 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы көлемі өсетінін ескерсек, қолдағы қуаттарды жаңғыртып, шамамен 26 ГВт көлеміне жеткізу қажет. Оның ішінде жаңартылатын энергия көздері есебінен 25% көлемінде жаңа қуаттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы өршіл мақсаты бар. Осыған байланысты біз ұлттық энергия теңгеріміне жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сол үшін министрлік жыл сайын аукциондар өткізе бастады, — деді ол.

ҚР энергетика вице-министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Вице-министр атом энергетикасы туралы сөз қозғады.

— Атом энергетикасына келетін болсақ, Қазақстан Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде 2050 жылға қарай ядролық энергияны пайдалану көлемін 3 есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қосылған. Уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұрған елімізде атом энергетикасын дамытуға қажетті барлық жағдай бар, — деді ол.

Энергетика вице-министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар