Қазақстан 2050 жылға қарай жасыл жаңғырту есебінен ЖІӨ-ге қосымша 3 пайыздық өсім алады - Н.Қаппаров

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан VI Астана экономикалық форумы аясындағы «Индустриялды революция - «жасыл экономикаға» көшу» атты сессияда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«Қазақстан Үкіметінің есебі бойынша жасыл жаңғыртудан экономикалық қайтарым оң болады. 2030 жылға қарай біз 400-600 мың жаңа жұмыс орнын құрамыз. Ал 2050 жылға қарай «жасыл» даму жаңа моделіне көшпей-ақ болжанатын жалпы ішкі өнімге қосымша 3 пайыздық өсім аламыз», - деді Н.Қаппаров.
Оның атап өтуінше, «жасыл» экономика барынша әртараптандырылған болады және де өңірлік дамудың теңгерімділігін қамтамасыз етеді.
Жалпы, министрдің сөзіне қарағанда, экономикалық жаңғыртудың жасыл бағдары 5 қағидатқа негізделетін болады. Олар мыналар: ресурстарды пайдалану тиімділігі, жаңа буын технологиясы, әлеуметтік дивидендтер, ресурстардың нарықтық бағасы және ойлау мен ағартудың жаңа үлгісі.