17:01, 06 Ақпан 2011 | GMT +5
Қазақстан 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға қол жеткізіп, Азиада ойындарын рекордтық көрсеткішпен аяқтады
АНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Азия ойындарында Қазақстан 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальға қол жеткізіп, барлығы 70 медальға ие болып, рекордтық көрсеткішпен аяқтады.
Азиада-2011 ресми сайтының хабарлауынша, 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен (барлығы 54 медаль) Жапония екінші орынға шықты. Оңтүстік Корея спортшылары 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медальмен (38 медаль) үшінші орынға ие болды. Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен (35 медаль) Қытай құрама командасы жайғасты. Одан әрі Моңғолияда 5 медаль (1 күміс, 4 қола), Иранда 3 медаль (1 күміс, 2 қола), Қырғызстанда 1 ғана қола медаль бар.
Атап өтерлігі, бейресми есеппен Қазақстан командасы Азиада тарихында тұңғыш рет 32 алтын медальдан алқа тағынып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бұған дейінгі рекорд, яғни 29 алтын медаль Жапонияға тиесілі болатын. Ол 1986 жылы Саппоро қаласында өткен 1-қысқы Азия ойындарында орнатылған.