Қазақстан 4,25 млн тонна астықты экспортқа шығарады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ағымдағы маусымның соңына дейін Қазақстан 4,25 млн тонна астықты экспортқа шығарады. Бұл туралы Қазақстанның астық одағынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан 4,25 млн тонна астықты экспортқа шығарады

«Қазақстан астық одағы 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша астықтың бастапқы қорын 8,3 млн тонна мөлшерінде бағалайды. Ресейден 1,4 млн тонна импортты (2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін) ескергенде астықтың жалпы ұсынымы 9,7 млн тоннаны құрайды. Ағымдағы маусымның соңына дейінгі ішкі тұтыну көлемі – 3,9 млн тонна. Оның ішінде нан пісіру үшін 0,46 млн тонна бидай қажет. Ал қалған 3,5 млн тонна бидай мал азығына, ұн және макарон өнімдерін өндіруге жұмсалады», - делінген аталған одақ таратқан мәліметте.

Одақ ақпаратына сәйкес, ағымдағы маусымның соңына дейін 4,25 млн тонна бидай мен астық баламасындағы ұн экспортталады. Оның 3 млн тоннасын бидай және нақты салмақтағы 0,9 млн тонна ұн құрайды. Қорытындысында ағымдағы маусымның соңына дейінгі жалпы сұраныс көлемі – 8,2 млн тонна. Жаңа маусымға өтетін бидай қоры шамамен 1,5 млн тоннаға тең және бұл соңғы 4 маусымдағы ең жоғары көрсеткіш.

Ішкі нарықтағы астықтың 1 тоннасының бағасы 115-118 мың теңгені құрап отыр. Бұл ретте Ресейден импортталатын астықтың 1 тоннасы 116 мың теңгені құрайды.