Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында еліміздің ядролық сынақтардан шеккен зардабына тоқталды. 

форум
Фото: Ақорда

— Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тартқанын еске салды.

— Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр

Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.

Бұған дейін форумның мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаме, Албания Премьер-министрі Эди Рама, Хорватия Республикасының Премьер-министрі Андрей Пленкович, Қатар Премьер-министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни бар екені хабарланған болатын. 

Пленарлық отырысты Jibek joly телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Соңғы жаңалықтар