Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән береді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән береді. Бұл туралы Ақордада Руанда Президенті Поль Кагамемен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Ең алдымен шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар ертең өтетін Астана халықаралық форумына қатысу туралы шешіміңізді жоғары бағалаймын. Бұл шын мәнінде инклюзивті іс-шара. Аталған форумпа халықаралық ұйымдардың, түрлі үкіметтердің өкілдері, академиктер, ғылым қайраткерлері қатысады. Сіздің 2015 жылдың қыркүйегінде жасаған соңғы сапарыңыздан бері Қазақстан мен Руанда өзара құрметке және даму мен ынтымақтастықтың ортақ пайымына негізделген өзара қатыс-қатынас қалыптастыруда тұрақты прогреске қол жеткізді, — деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты өзара қатым-қатынастың бірқатар стратегиялық саласы талқыланып, халықаралық аренадағы міндеттемелерге қатысты пікір алмасу болғанын айтты.
— Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән береді. Және де сіздің шын мәнінде сындарлы әрі мықты басшылығыңызбен Руанда институционалдық тұрақтылықтың және болашақ инновацияның моделіне айналып отыр. Сіздің еліңіздің экономикалық өсімі расында да таң қалдырады, 8 пайыз. Бұл шын мәнінде жаңғыртылған экономика көрсеткіші», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда Президенті Поль Кагамені қарсы алғанын жазған едік.