Қазақстан AI-экономиканың барлық бес деңгейін дамытуды көздейді – Жаслан Мәдиев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жасанды интеллектінің энергетикалық және чиптік инфрақұрылымнан бастап, үлкен тілдік модельдер мен қолданбалы шешімдерге дейінгі барлық бес деңгейін жүйелі түрде дамытуды көздеп отыр.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев AI and Digital Bridge форумы аясындағы панельдік сессияда мәлімдеді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жасанды интеллект технологияларының дамуы қазір бастапқы кезеңде тұр. Сондықтан Қазақстан үшін AI-экономиканың тұтас жүйесін қалыптастыру маңызды.
– Қазір біз жасанды интеллект технологияларының дамуының ең бастапқы кезеңінде тұрмыз. Әртүрлі бағалауларға сәйкес, AI-дың жалпы әлеуетті нарығының көлемі қазірдің өзінде 50 триллион доллардан асады, – деді министр.
Ол Қазақстан жасанды интеллект экономикасының бес негізгі деңгейін қатар дамытуды көздейтін жүйелі тәсілді таңдағанын атап өтті.
– Олар – энергетикалық инфрақұрылым, чиптер, түрлі бұлтты платформаларға қолжетімділік, жергілікті және егеменді үлкен тілдік модельдерді қоса алғанда, үлкен тілдік модельдерді әзірлеу, сондай-ақ қолданбалы шешімдер деңгейі, – деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта болашақта осы деңгейлердің қайсысында қосылған құнның ең жоғары көлемі қалыптасып, табыстылық көрсеткіштері жоғары болатынын нақты анықтау қиын.
– Сондықтан Қазақстан жасанды интеллект болашақта экономикалық қызмет пен бизнестің қалыпты бөлігіне айналған кезде жаңа мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін барлық бес деңгейді дамыту жолын таңдады, – деп түсіндірді министр.
Жаслан Мәдиев жасанды интеллект саласындағы егемендікке ұмтылу барлық қажетті технологияны өз бетінше әзірлеу дегенді білдірмейтінін атап өтті.
– Басқа елдермен және әлемнің түкпір-түкпіріндегі ірі технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, сонымен қатар әртараптандырылған тәсілді сақтау маңызды, – деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстан әзірге чип өндіруші ел емес. Дегенмен, аса маңызды технологияларға қол жеткізу үшін батыс және шығыс елдеріндегі серіктестермен қарым-қатынасты дамыту қажет.
– Аса маңызды технологияларға қол жеткізу үшін экспорттық бақылауға жауапты реттеуші органдармен және ведомстволармен жақсы қарым-қатынасты сақтауымыз керек, – деді Жаслан Мәдиев.
Министр үлкен тілдік модельдер мен бұлтты шешімдерді дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай технологияларды әзірлеу кезінде қазақстандық контент пен мәдени контексті ескеру қажет.
– Бұл модельдерді қалай оқыту және қосымша оқыту керектігін түсініп, тиісті құзыреттерді дамытуымыз қажет. Сондықтан қолданбалы шешімдер деңгейіне өтуге мүмкіндік беретін әлеуетті арттыру бағдарламалары керек, – деп атап өтті ол.
Жаслан Мәдиевтің пікірінше, Қазақстан жасанды интеллектінің қолданбалы деңгейінен ең үлкен практикалық пайда көре алады.
– Біздің пайымдауымызша, Қазақстан ең үлкен пайдаға қолданбалы шешімдер деңгейінде қол жеткізе алады. Мұндай шешімдерді бүкіл экономикаға және адамдардың күнделікті өміріне кеңінен енгізуге болады, – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін, Қазақстанда ЖИ-ді өндірісте қалай қолдануға болатынын жазғанбыз.