Қазақстан АҚШ компанияларын сирек металдар кенін игеруге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Орталық Азия елдерінің және АҚШ өкілдерінің қатысуымен C5+1 форматында Аса маңызды минералдар жөніндегі диалогтың отырысы басталды. Бұл диалог аталған елдер арасындағы стратегиялық шикізатпен тұрақты қамту, технологиялық ынтымақтастықты дамыту және сенімді жаһандық жеткізу тізбектерін қалыптастырудағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған.
Өз сөзінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2025 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтон қаласына сапарында АҚШ Сауда министрі Говард Латник мырзамен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойғанын еске салды.
– Сол күні Cove Capital компаниясымен Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындары бойынша келісім жасалды. Қол жеткізілген уағдаластықтар тараптардың өнеркәсіптік, технологиялық және инвестициялық серіктестігін нығайтып отырған диалог алаңының тиімділігін айқын көрсетеді, - деді министр елордада өткен басқосуда.
Министрдің айтуынша, аса маңызды минералдар жаһандық технологиялық трансформацияның негізіне айналып, әлемдік өнеркәсіптің жаңа құрылымын қалыптастыруда. Орталық Азия өңірінің минералдық-шикізат қоры бай, өнеркәсіптік әлеуеті қарқынды дамып келеді және географиялық орналасуы әлемнің ең ірі нарықтары арасында стратегиялық маңызға ие.
– Қазақстан аса маңызды минералдар секторын өнеркәсіптік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі әрі ұзақмерзімді экономикалық дамудың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Еліміздің ресурстық базасында 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Оның ішінде 100-ден астамында сирек және сирек жер металдары қоры шоғырланған. Біз америкалық компанияларды осы кен орындарын геологиялық барлау мен игеру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамыз, - деді Е. Нағаспаев.
Бұл мақсатта Қазақстан заманауи реттеуші орта қалыптастырды. 2018 жылы Аустралия мен Канаданың озық тәжірибесі негізінде салалық заңнаманы жаңғыртқан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қабылданды. Оның аясында өтінішті бірінші бергендерге басымдық беретін лицензиялау қағидаты енгізіліп, жер қойнауы қолжетімді бола түскен және жеке инвестициялар артқан.
2023 жылы Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Лицензиялаудан бастап есептілікке дейінгі барлық процесс толық онлайн форматқа көшірілді.
Ал 2024 жылдан бері Қазақстан халықаралық CRIRSCO стандарттарын толық көлемде қолданып келеді. Бұл минералдық ресурстар мен қорлар жөніндегі есепті ашық етіп, оны әлемдік тәжірибемен үйлестіруге мүмкіндік береді.
– Осының бәрі Қазақстанның аса маңызды минералдар саласына инвестиция тарту үшін қолайлы әрі сенімді жағдай қалыптастыруға бағытталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай артты. 2018 жылдан бері геологиялық барлауға салынған инвестициялар үш есеге өсіп, 1 миллиард доллардан асты. Елге Rio Tinto, Barrick Gold, First Quantum Minerals, Ivanhoe Mines, Teck Resources, Fortescue және Cove Capital сияқты жетекші әлемдік компаниялар келді, - деді сала министрі.
Сондай-ақ Қазақстан шикізат экспорттауға ғана емес, бірлескен өндірістерді дамытуға, технологиялар трансферіне, білікті кадрлар даярлауға және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.
– Әлемде стратегиялық шикізатқа сұраныс артып, жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру қажеттігі күшейіп отырған жағдайда елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ерекше стратегиялық маңызға ие болып отыр. Мемлекеттердің, бизнестің және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру арқылы ғана аса маңызды минералдардың тұрақты әрі жан-жақты жаһандық жеткізу жүйесін қалыптастыруға болады. Біз осы стратегиялық маңызды салада ұзақ мерзімді әріптестікке ашықпыз, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Осы орайда Қазақстан америкалық серіктестерге мына бағыттар бойынша ынтымақтастықты ұсынады:
• аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру;
• қайта өңдеу және жоғары технологиялық өндірістерді құру;
• индустриялық кластерлер мен жаңа материалдар саласындағы кооперацияны дамыту;
• бірлескен зерттеу және инжиниринг орталықтарын құру;
• инженерлік және техникалық кадрларды даярлау.
– Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дәйекті түрде дамытып, Орта дәліз инфрақұрылымын нығайтып, Азия мен Еуропа арасындағы мультимодальды логистика мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Біз Орта дәліз жаһандық көлік бағыттарын әртараптандырудың маңызды факторы болып, Еуразияның экономикалық орнықтылығын күшейтуге, яғни, аса маңызды минералдардың жеткізу тізбектерінің сенімділігін арттыруға ықпал ете аларына сенімдіміз. Қазақстан өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды қолдау үшін америкалық даму қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі, - деді Өнеркәсіп министрі.
Еске сала кетсек, бүгінде елде шамамен 10 мың кен орны есепке алынған, олардың ішінде 1 мыңнан астам қатты пайдалы қазбалар кен орны, 359 көмірсутек кен орны, 3 700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар нысаны және шамамен 4 900 жер асты су көздері бар.