Қазақстан Алатау қаласын Оңтүстік Кореямен бірлесіп дамытады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Алатау қаласын дамыту бойынша үкіметаралық келісімдер дайындалып жатыр. Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша 11-отырысында мәлімдеді.

Алатау қаласының жобасы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

– Технология мен инновация орталығы болатын Алатау қаласын салу – Қазақстанның амбициясы зор жобаларының бірі. Ол корей бизнесі үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Еске салайын, жуырда Алатау қаласының арнайы құқықтық мәртебесі туралы конституциялық заң қабылданған еді. Құжатта инвесторларға ерекше жағдай жасау, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және бизнесті қолдаудың заманауи мезанизмдері қарастырылған. Біз корей компанияларын Алатау қаласын салу жобасына атсалысуға, қалалық, туристік және қонақүй инфрақұрылымын өркендетуге шақырамыз, – деді ол.

Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясы
Фото: Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясы

Бұдан бөлек, министр Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігін, сондай-ақ, KIND корпорациясын Қазақстанның институционалдық серіктестері ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Сондай-ақ, шетелдік жобаларды мемлекет және жеке компаниялар арқылы жүзеге асыруда тиімді модельге айналған One Team Korea бастамасын қолдаймыз. Қазақстан тарапының ұсынысымен, Алатау қаласын дамыту бойынша үкіметаралық келісімдер дайындалып жатыр. Бұл құжат ынтымақтастықты нығайтып, алдағы жұмыстардың жол картасын анықтап, бірлескен жобаларды тиімді түрде жүзеге асыруға қажетті механизмдерді құратынына сенемін, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін министр Оңтүстік Корея компанияларын Ақтау және Құрық порттарын дамытуға шақырғанын жазғанбыз.