Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде жалақы мен зейнетақы көлемін ұлғайтқан әлемдегі бірден-бір мемлекет – Н. Назарбаев
МАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Біздің ендігі мақсатымыз - халықтың орташа өмірін 68-ден 72 жасқа дейін ұзарту болып отыр. Кеше Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Асы жайлауында өткен облыстың Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары малшыларының слетіне қатысып, сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
"Дүниежүзі әлі күнге дағдарыстан шыға алмай жатыр. Анау Грекия, Голландия сияқты мемлекеттер қарыздан дефольтқа ұшырап, банкрот болайын деп отыр. Жалақы мен зейнетақы көлемі қысқарып, мүмкіншілігі жоқ зауыт-фабрикалар жабылуда. Біз дәл сол сол кезде жаңа зауыттар ашып, мыңдаған адамға жұмыс тауып беріп, жалақы мен зейнетақыны көбейтіп жатырмыз. 3 жылда зейнетақы 3 рет өсті. 1 шілдеден бастап бюджеттен алатын жалақы 30 пайызға өсті. Оны дүниежүзінде Қазақстаннан басқа ешбір мемлекет жасаған жоқ. Мұның бәрі экономиканың арқасы ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, мемлекеттің алдында тұрған ендігі мақсат - халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын ұзарту. Сол үшін республиканың барлық жерінден емханалар салынып, олар заманауи қондырғылармен жабдықталып, мамандардың біліктілігі көтеріліп жатыр. Енді науқас адамдар шетелге бармай-ақ осында емделе алады. "Мен Алматы облысындағы бұл сапарым кезінде Есіктегі 250 орындық аурхананы көріп шықтым. Оның ішінде Еуропаның ең озық қондырғылары орнатылған. Егер дәрігерлердің біліктілігі жететін болса. барлық ауруды емдеуге болады", - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.