Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан әлемге жаңа қырынан танылады – Games of the Future

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елордада өтіп жатқан Games of the Future ойындарын ұйымдастыру оңай болған жоқ. Өйткені мұндай жарыста тек спортшылар ғана емес, төрешілер, халықаралық ұйымдар, БАҚ өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен жүздеген маман бірлесіп жұмыс істейді. Бұл туралы Phygital International компаниясының бас директоры Дэн Меркли Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

в
Фото: Phygital International

Оның сөзінше, биылғы ойындарға әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден аса қатысушы келеді. 12 күн бойы өтетін жарыс кезінде спорттық жарыстар ғана емес, халықаралық трансляциялар, жанкүйерлерге арналған түрлі шаралар мен іскерлік кездесулер ұйымдастырылады.

– Мұндай ауқымды жарысты бір ұйымның күшімен өткізу мүмкін емес. Сондықтан біз Астана әкімдігімен, Туризм және спорт министрлігімен, ұйымдастыру комитетімен және жүздеген маманмен бірлесіп жұмыс істедік. Барлығымыздың мақсатымыз бір болды – Games of the Future ойындарын жоғары деңгейде өткізу. Осындай ынтымақтың арқасында бүгінгі нәтижеге қол жеткіздік, – деді Дэн Меркли.

Соңғы жылдары елде технология мен инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл халықаралық жарысты лайықты деңгейде өткізуге берік негіз қалады.

– Елде қажетті тәжірибе де, инфрақұрылым да бар. Соңғы жылдары технология мен инновацияға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында Games of the Future ойындарын өткізуге жақсы мүмкіндік қалыптасқан, – деді ол.

Дайындықтағы ерекше сәттер

Дэн Меркли дайындық кезінде есте қалған бірнеше оқиғаны атады. Соның бірі өткен сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Alem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығының ресми түрде жұмыс бастауы айрықша маңызды оқиға болды.

– Сол күні бұл ойындардың жай ғана спорт жарысы емес екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Games of the Future Қазақстанның технологияны, жасанды интеллектіні және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Ал маусымда өткен Phygital Contenders Astana 2026 турнирі біз үшін тағы бір маңызды белес болды. Сол жарыста соңғы жолдамалар сарапқа салынып, Астананың Games of the Future ойындарын қабылдауға толық дайын екеніне көз жеткіздік, – деді ол.

Сонымен қатар мыңнан астам ерікті бірнеше ай бойы арнайы дайындықтан өткен. Олар қонақтарды қарсы алу, жарыстарды ұйымдастыру және қызмет көрсету бағыттары бойынша тәжірибе жинады.

– Бұл жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі. Олар халықаралық жарысты ұйымдастырудың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, Қазақстанға келген қонақтарға еліміздің бет-бейнесін таныстырып жүр. Сондықтан еріктілерді осы ойындардың ең үздік елшілері деп айтуға болады, – деді компания басшысы.

Қазақстан үшін қандай мүмкіндік?

Дэн Мерклидің айтуынша, Games of the Future ойындарының Қазақстанда алғаш рет өтуі ел үшін маңызды оқиға.

– Өткен жылғы ойындардың көрсетілімін әлем бойынша 461 миллионнан астам адам көрді. Бұл Қазақстанды әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді. Ел өзінің спортты ғана емес, технология мен инновацияны дамытуға да ерекше мән беретінін көрсете алады, – деді ол.

Оның айтуынша, Астана ұйымдастырушы қала ретінде тек заманауи спорт нысандары үшін таңдалған жоқ. Қазақстанның жаңа технологияларды дамытуға деген ұстанымы да маңызды рөл атқарды.

Сонымен бірге елде фиджитал спортын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Qazaq Cybersport Federation жаңа жарыстар ұйымдастырып келеді. Ал алдағы уақытта арнайы фиджитал орталықтары ашылып, жастарға жаттығып, жарысқа қатысуға мүмкіндік беріледі.

Ұйымдастырудың қиын тұсы неде?

Дэн Мерклидің айтуынша, ұйымдастырудың ең күрделі міндет әртүрлі елден келетін қатысушылардың жұмысын үйлестіру болған.

– Ойындарға ондаған мемлекеттен спортшылар келеді. Әр елдің өз тәртібі, өз ерекшелігі бар. Сонымен қатар біз дәстүрлі спортты, киберспортты және жаңа технологияларды бір жарысқа біріктіріп отырмыз. Мұның бәрін бір жүйеге келтіру оңай емес, – деді ол.

Оның пікірінше, Games of the Future жарысының басты ерекшелігі де осында.

– Games of the Future ойындарының басты ерекшелігі де осында. Бұл жарыс дәстүрлі және цифрлық спортты ғана емес, ортақ мақсат жолында түрлі елдер мен мәдениеттерді де тоғыстырады. Біз спорттың ертеңі қандай болатынын бүгіннен көрсетіп келеміз, – деп түйіндеді Дэн Меркли.

Айта кетейік, фиджитал баскетбол спортында Қазақстандық GTB KZ командасы жарысты аяқтаған болатын.

Сонымен қатар Phygital баскетболдың ережесі жайлы жазған едік.