Қазақстан Әнұраны араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада төрінде тағы шырқалды

МИЛАН. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында алғашқы жүлдесін жеңіп алды.

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров
Фото: Сәли Сабыров

Ерлер арасында мәнерлеп сырғанауда отандасымыз Михаил Шайдоров 291.58 ұпаймен чемпион атанды.

Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының 2026 жылғы қысқы Олимпиадасындағы алғашқы жүлдесі. Сонымен қатар ұлттық құрама араға 32 жыл салып өз тарихында қысқы спорт түрлерінен екінші алтын медаль қанжығалады.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін алғаш рет 1994 жылғы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, шаңғышы Владимир Смирнов ел қоржынына алғашқы қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін сыйлаған.

Сонымен қатар Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарында араға 8 жыл салып жүлде еншіледі. Соңғы рет фристайл-могулшы Юлия Галышева Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өткен қысқы Олимпиадада қола медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ Қазақстан өз тарихында мәнерлеп сырғанау спортынан екінші Олимпиада жүлдесін еншілеп отыр. Осыған дейін Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған еді.

Қазақстан әнұраны араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада төрінде тағы шырқалды
Фото: Сәли Сабыров
Қазақстан әнұраны араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада төрінде тағы шырқалды
Фото: Сәли Сабыров

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы өткен 8 қысқы Олимпиада ойындарында 8 медаль еншіледі. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.

Соңғы жаңалықтар