Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды.

— Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді, — делінген хабарламада.
Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеуді бұзып тасымалданған.
— Уақытша шектеу тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сондай-ақ пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдыққа қатысты, — дейді ведомстводан.
Ақпаратта айтылған құқық бұзушыға, яғни жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
— Өнім толықтай шыққан елі Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды, — деп хабарлайды АШМ.
Осы орайда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринариялық-санитариялық талап пен шектеуді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Айта кетейік, биыл маусымда әлеуметтік маңызы бар 5 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді.