Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды -Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздерден кейінгі брифингте айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігеріне және ұсынған жоспарына қолдау білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, тараптар аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екі елдің көптеген түйткілге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін растаған.
– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды, – деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.