Қазақстан армиясының беделі жоғары
Тәуелсіз елдің тыныштығын сақтайтын Қарулы Күштердің қалыптасуы үшін 25 жыл көп уақыт емес. Осы жылдар ішінде Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар. Әскеріміз айбынды. Қорғаныс өнеркәсібінің дамуы қарқынды. Әскери қызметкерлердің тұрмысы жақсы: жалақысы жоғары. Оларды баспанамен қамтуды да мемлекет міндетіне алып отыр.
Биылғы Отан қорғаушылар күні Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы мерейлі мереке күніне орай өткізілген парад еліміздің әскери әлеуетін айшықтап көрсетті. «Қазақ елі» алаңында сап түзеген әскерилер мен барша қазақстандықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы және Екіншідүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
Мемлекет басшысы биыл ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ауқымды парад өткізіліп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан армиясы қалыптасудың лайықты жолынан өткенін және оның беделі жоғары екенін атап өтті.
«Парадқа бес мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысты. Бұл айбынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жылдарда мемлекет әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Алғашқы әскери құрылымдардан бастап қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі ауқымды жолдан өттік. Мемлекеттің қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді. Қарулы Күштеріміз ел ішінде және шетелде жоғары беделге ие болды», - деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы армияны жаңғыртудың басымдығы бар бағыттарына тоқталып, оны әрі қарай дамыту міндеттерін анықтап берді.
«Бүгін Қарулы Күштер елімізбен бірге жаңғырудың тарихи кезеңін бастан өткеруде. Терроризммен күрес барлық күш құрылымдары қызметінің мүлде жаңа бағыты. Қазақстан армиясы сақадай сай болып, кез келген қауіп-қатерге дайын тұруға тиіс. Тағы бір негізгі міндет - жеке құрамды нығайту. Біз әскери қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеудеміз. Әскери киім киген адамдар мінсіз абырой мен әділдіктің эталоны, болашақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. Мерекелік парадқа Қарулы Күштеріміздің резерві болып саналатын «Жас ұлан» әскери мектептері курсанттарының тұңғыш рет қатысып отырғаны кездейсоқ емес. Бұл - армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтастығының жарқын белгісі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүгінгідей бейбіт өмір сыйлап, тәуелсіз әрі мықты мемлекет құруға жол ашқаны үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыс айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына тоқталып, Отанымыздың қауіпсіздігін тек армия ғана емес, еліміздің барлық азаматтары да ойлауға тиіс екендігін атап өтті.
«Біз барлық көршілерімізбен доспыз және «Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен артық» деген өнегелі өсиетті есте ұстауымыз керек. Сондықтан басты құндылықтарымыз - бейбітшілік, келісім және бірлік дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеміз. Қарулы Күштер әрқашан да тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әскери парадты тамашалауға жиналған жұртшылық түрлі әскери құрылымдардың сардарлары мен сарбаздарының салтанатты маршын, сан алуан техникаларды және аспан кеңістігінде шеберлігін кестелеген ұшақтарды көріп, көңілдері көкке көтерілгендей әсер алып жатты.