Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 10 жыл толуына арналған республикалық форум өтуде

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада Қазақстанның экономикалық университетінде ТМД-нің сыртқы шекарасының Тәжік-Ауған бөлігінен Қазақстан әскерінің шығарылғанына 10 жыл толуына арналған республикалық форум өтуде.
None
None

1993 жылы ТМД мемлекет басшылары Тәжікстан елінің Ауғанстанмен шектесетін қорғаусыз қалған шекарасына әскер жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Елбасының ұсынысымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің 500 сарбазы, сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінің және ІІМ-нің қызметкерлері ТМД-нің сыртқы шекарасының күзетін күшейтуге аттандырылады.

«Жауынгерлер ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты - жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін, тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру. Сонымен қатар гуманитарлық көмек тауарларының жеткізілімін қамтамасыз ету және қорғау, босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау болды»,-дейді ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Асқар Шимпеев.

Оның айтуынша, сол миссияда мемлекеттік мүддені алға қойып, шекара тыныштығын күзеткен ТМД әскері 356 жауынгерінен айырылды. Соның ішінде 54-і -қазақстандық әскери қызметшілер. Қазақ жауынгерлері 8 жылдан кейін 2001 жылы 8 ақпан күні елге оралды.

«Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында орын алды. Онда 17 қазақ жігіті содырлармен болған атыста көз жұмған болатын. Қазіргі кезде олардың ерлігі еленіп, елдің әрбір өңірлерінде ескерткіштер, мектептер мен аллеялар бой көтеруде»,-дейді ол.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қаза тапқан жауынгерлердің бесеуі 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, 12-сі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен марапатталды.

Республикалық форум боздақтарға құрмет көрсетіп, бүгінгі жас өскіндерге елі үшін майданға аттану әрбір ер үшін парыз және ерен іс екендігін түсіндіру мақсатымен өткізілуде.

Соңғы жаңалықтар