Қазақстан астығы Орталық Азия мен Ауғанстанға үздіксіз жеткізілетін болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қабылданған шешімдер логистикалық тізбектерді тұрақтандыруға және қазақстандық астықты Өзбекстан нарығына, сондай-ақ өңірдің өзге де елдеріне уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. 

Қазақстан астығы Орталық Азия мен Ауғанстанға үздіксіз жеткізілетін болды
Фото: ҚТЖ

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы мен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Е. Кенжеханұлы бастаған қазақстандық делегацияның сапары аясында «Сарыағаш» мемлекетаралық теміржол түйісу пунктінде және Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының уәкілетті органдарымен көпжақты кездесу өтті. 

Келіссөзге Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Маккамов И.Р., Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Юлдашев Қ.А., «Узбекистон темир йуллари» басшысы Нарзуллаев З.Г., сондай-ақ Министрлер кабинеті өкілдері қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар «Сарыағаш» МТТП арқылы астық өнімдерін Орталық Азияға және Ауғанстан бағыты бойынша үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты бірлескен шешімдерге келді.

Кездесу қорытындысы бойынша тәулігіне пойыз алмасу көлемін 35 жұпқа дейін арттыруға, сондай-ақ өзбек тарапымен тәулігіне кемінде 10 астық тиелген құрамды және 5 жабық вагондағы азық-түлік тауарларын қабылдап отыруға уағдаласты.

Сонымен қатар, тараптар вагон айналымын қамтамасыз ету мақсатында жүк түсіру жұмыстарының, кірме жолдар қызметінің және уәкілетті органдардың демалыс және мереке күндерін қоса алғанда тәулік бойы жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, жүк тиеу және түсіру тепе-теңдігін сақтау мақсатында астық тасымалы экспортын Өзбекстан аумағындағы қабылдаушы кәсіпорындардың бос қуаттарын ескере отырып жоспарлау, сондай-ақ бос вагондардың келісілген айналымын қамтамасыз ету жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Қабылданған шешімдер логистикалық тізбектерді тұрақтандыруға және қазақстандық астықты Өзбекстан нарығына, сондай-ақ өңірдің өзге де елдеріне уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы жылдың 11 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалы көлемі 28,5 млн тонна болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 млн тоннаға немесе 16%-ға артты.

Оның ішінде астық тасымалы айтарлықтай өсім көрсетіп, 32%-ға артты және 5,6 млн тонна болды.

Айта кетелік Қазақстан мен Өзбекстан астық логистикасын бірлесіп реттемек.

Соңғы жаңалықтар