Қазақстан атынан өнер көрсете бастаған теннисші Е.Королев алғашқы жеңіске жетті

«Біздің спорт» сайтының хабарлауынша, Е.Королевтің алғашқы айналымдағы қарсыласы американдық Сэм Куэрри болған. 1 сағат 47 минутқа созылған матч біздің спортшыға біршама қиындық тудырған. Алғашқы сетте американдықты 6:2 есебімен оңай жеңген ол екінші айналымда 5:7 есебімен ұтылған. Бірақ, соңғы шешуші партия 6:4 есебімен Е.Королевтің пайдасына шешілген.
Айта кетейік, кеше ҚазАқпарат әлемнің 53-ші теннисшісі 21 жастағы мәскеулік Евгений Королевтің Қазақстан атынан өнер көрсететіндігін хабарлаған болатын. Онда «Еуроспорт» сайтына сұхбат берген Ресей Теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Қазақстан Теннис федерациясы спортшыға өте тиімді қаржылық шарт ұсынғандығын айтқан. Жалпы бұған дейін Қазақстан атынан ресейлік Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, сонымен қатар болгарлық Сесиль Каратанчева өнер көрсете бастаған еді.