Қазақстан аумағында басқа ешбір жерде өспейтін 760 өсімдік түрі бар

Өсімдікті емге пайдалану туралы алғашқы мәліметтер ежелгі Ассирияда табылған қыш тақтайшаларға жазылған. Өз дәуірінде қолданылған екі жүзден астам өсімдікке сипаттама берген ежелгі грек дәрігері Гиппократ өсімдіктің қай бөлігі болса да пайдалы, оларды ауруды емдеуде кеңінен қолдануға болады десе, Рим дәрігері Гален тұңғыш рет науқастарды өсімдіктің қайнатындысымен, шырынымен, тұнбасымен, ұнтағымен және одан жасалған дәрімен емдеді. Орыстың көрнекті ғалымы П.Массагетов 1921 жылы Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс өлкелерін аралап, дәрілік өсімдіктер туралы құнды деректер жинап, «Өсімдік әлеміне саяхат» атты кітабын жазған.
Ал египеттіктер алоэ, қараған, анис, зығыр, көкнәр, жалбыз, тал, арша тәрізді өсімдіктердің шипалық қасиетін ежелден біліп, пайдаланған. 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдікті халық емінде қолданса, Қытайда дәрілік өсімдіктер жөніндегі алғашқы кітап 5 мың жыл бұрын жазылыпты. Соңғы жылдары дамыған елдерде сырқаттанған адамдардың көбісі табиғи жолмен алынған дәрілерді көбірек қолдана бастаған. Мәселен, Жапонияда фармацевтикалық препараттарды сатып алу 2,6 есе өссе, табиғи жолмен алынған дәрілерді тұтыну 15 есеге артқан.
Демек, қай заманда да адам баласы өсімдік өнімдерінің тағамдық қана емес, шипалық қасиетіне де көп көңіл бөлген. Қазіргі кезде дәрі-дәрмектерге аллергияның көбеюі, иммунитеттің төмендеуі сияқты құбылыстардың байқала бастауына байланысты мұның маңызы арта түспесе, кеміген жоқ.
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы да әр өсімдіктің пайдасы мен зияны туралы тамаша білген. Дархан даламызда жайыла өсетін қарапайым жусанды алайық. Бұл өсімдіктің дермене жусан атты түрін қазақтың халық емшілері ішек құрты ауруын емдеуге қолданған. Бабаларымыз бұл өсімдікті бағзы заманда шет елдерге сауда керуендері арқылы жіберетін болған. Ал қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт ауруына пайдаланған. Яғни, өсімдіктің әр бөлігін - тамырын, сабағын, жапырағын, гүлін жинау қағидалары сақталуы тиіс, әйтпесе, оның құрамы өзгеріп, шипалы қасиеттері бұзылады.
Халық медицинасында дәрілік өсімдіктерді қолдану жөніндегі мәліметтер ұрпақтан ұрпаққа ауызекі айтылуы бойынша жеткізіліп отырған. Бұл тұрғыдан, атадан балаға мирас болған дәстүрді жалғастырып, жас өрендерімізге емдік шөптердің атаулары, шипалық қасиеттері туралы түсінік беріп, оларды пайдалануға үйретуіміз қажет-ақ. Бұл олардың өз денсаулықтарын күтуді үйренуіне де септесіп, туған топырағының қадір-қасиетін тереңірек түйсінулеріне де жетелері анық.
«Емдік рецепттер энциклопедиясы: қазақ емінің рецепттері мен Тибет медицинасының негіздері» кітабының авторы Сейітқамза Қалиевтің айтуынша, өсімдіктің қасиетін білсең ғана қолдануға болады. Себебі, ол білгенге - ем, білмегенге - у болуы мүмкін.
«Ғасырлар бойы халық пайдаланып келе жатқан шөптер бар. Жалпы, қандай да бір шөптен дәрі жасау үшін мамандар оған ондаған жылдар бойы тәжірибе жасайды. Кез келген уақытта кез келген шөпті жұлып алып қолдануға болмайды. Ол ауруыңа ауру жамауы мүмкін», - дейді халық емшісі.
Дәрілік өсімдіктер кептірілген шөп, тұнба, қайнатынды, шай, ұнтақ, т.б. түрінде қолданылады. Дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеті олардың құрамында стероид, тритерпен, алкалоид пен гликозидтердің, дәрумендердің, эфир майлары мен тұтқыр заттар сияқты түрлі қосылыстардың болуына байланысты. Дәрілерді дайындау үшін шикізат ретінде пайдаланылатын өсімдіктер бөлек іріктеледі. Осы заманғы кейбір ең таңдаулы дәрілер жабайы шөптерден жасалған.
Адамдар пайдаланып жүрген дәрілік шөптердің ішінде медициналық тұрғыдан өз бағасын алмағандары да бар, ал кейбіреулер оны дұрыс пайдаланудың жай-жапсарынан хабарсыз. Өзіміз өмір сүріп жатқан өлкедегі осындай шөптер, олардың емдік қасиеттері туралы көбірек білуге тырысқанымыз жөн-ақ. Мәселен, кез келген бау-бақшада өсе беретін түймедақ гүлдері т ыныс жолдарының ауруына бірден-бір дауа. Сондай-ақ, оны асқазан, ішек ауруларына қарсы қолданады. Ал күйзеліс кезінде жалбыз жапырақтарын пайдалансаңыз, сабаңызға түсеріңіз анық.
Арамшөп ретінде өсетін бақ-бақ тамырынан жасалған тұнба адамның тәбетін ашады. Итмұрын жемісінің құрамындағы емдік заттардың да адам ағзасы үшін пайдасы зор.
Қазір дәріханаларға кірсек, сөреде самсап тұрған Ресейде өндірілген шипалы шөптер, олардан жасалған шырындар (сироптар) көзге түседі. Кеңес дәуірінде Одақ бойынша дәрілік шөппен айналысатын 30 шақты кеңшар болыпты. Бұл істі соңғы жылдары өсімдіктердің түр-түріне аса бай Оңтүстік Қазақстандағы «Зерде-Фито» ЖШС ғана қолға алған. Қазақстанның әр өңірінде, мысалы, солтүстігінде - осы аймақта өсетін, батысында - сол өңірге тамыр жайған өсімдіктерді зерттеп-зерделеп, өндірумен айналысатын кәсіпорындар болса, ұтылмасымыз анық. Себебі, біріншіден, мұндай өндірістің бірнеше жерден ашылуы бәсекелестікті, демек, сапаны арттырады - бұл халық денсаулығы үшін аса тиімді. Екіншіден, шетелден әкелінетін осы тектес өнімдерді сөреден ығыстырады, демек, ел экономикасын дамытады. Әрі, мамандар оларды өсіру, Қазақстанға жерсіндіру сияқты мәселелерге көңіл бөлсе.
Бұрынғы Кеңес Одағының фармацевтiк өнеркәсiбiне арналған жабайы өсiмдiк шикiзатының 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Орталық Азияда дайындалыпты. Демек, Қазақстанда дәрілік өсімдіктерді өсіріп, баптайтын, жинайтын және дәрілік-өсімдік шикізатты өңдейтін арнайы шаруашылықтарды құру ісін қолға алып, оларды үлкен өндіріске айналдыратын кез жетті. Тіпті, бұл өнімдерді біздің елімізге ғана тән құнарлы топырағымыздан нәр алған бірегей өнім ретінде экспортқа шығарып тұрсақ ғажап емес пе?! Себебі, ғалымдарымыздың деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар десек, оның 760-ының басқа ешбір жерде өспейтіні дәлелденген. Ұлан-ғайыр даласы дәрілік шөптердің сан түріне тұнып тұрған қазаққа мұны мықтап ойлану қажет-ақ. Әйтпесе, қадірін білмей жүрген өсімдіктерімізді өзгелер өз еліне тасып әлек.
Қарапайым халық қытайдың, кәрістің шөп тұнбаларынан жасалған дәрмектерді ішіп жүр. Беларусь, Ресей елі тәрізді шипалы шөптерді теріп, жинауды қолға алып жатқан қазақ жоқ, содан болар, жеріміздің дауасы мол өсімдіктерін өзге елдің адамдары, әсіресе, шығыс өңірлермен шекаралас жатқан Қытай тұрғындары жинап әкетіп жатыр.
Сөз соңында айтарымыз, қазақы емде емдік шөптер көп қолданылған, онымен малды да, адамды да емдеп, сырқатынан айықтыратын атақты тәуіптеріміз де болғаны тарихтан белгілі. Ендеше, ата-баба тәлімін ұмытпай, бір жеріңді емдесе, басқа ағзаға теріс әсерін тигізіп жататын дәрі-дәрмектен гөрі, шипалы шөптерді көбірек пайдаланғанымыз жөн. Ал ол үшін өз жерімізде, өз өлкемізде дәрілік өсімдіктер өндірісін қолға алып, өрісін кеңейтуге көңіл бөлуіміз қажет.
Гүлнәр Жомартова