Қазақстан әйелдер құрамасы волейболдан Ұлттар кубогын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Вьетнам астанасы Ханойда волейболдан әйелдер құрамалары арасында құрлықтық AVC Ұлттар кубогы ойындары басталды.

Қазақстан құрамасы Филиппин, Иран, Индонезия, Моңғолия, Жаңа Зеландия командаларымен бірге В тобына түсті.
Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері бастапқы кездесуін Жаңа Зеландиямен өткізді.
Бапкердің шешімімен Қазақстан сапында негізінен жас ойыншылар алаңға шықты. Соған қарамастан, қазақстандық қыздар қарсыласын 3:0 (25:15, 25:23, 25:15) есебімен тізе бүктірді.
Жексенбі күні қазақстандықтар Моңғолиямен ойнайды.
Аталмыш жарыс қорытындысы бойынша биыл рейтингілік ұпайлар беріледі. Сонымен бірге жеңімпаз 2026 жылғы Азия чемпионатына жолдама алады.
Өткен жылы АВК шақыру кубогы деп аталған осы турнирдің финалында Вьетнам Қазақстан құрамасынан басым түскен болатын. Биыл да осы екі команда фаворит болып есептеледі.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы FIVB рейтингісінде 112,89 ұпаймен 31-орында тұр. Ал Вьетнам 112,73 балмен өкшелеп келеді. Сондықтан Қазақстан өзінің орнында қала ма, әлде бір саты төмен түсе ме, осы додада шешіледі.
Ұлттар кубогы 14 маусымда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.