Қазақстан азаматы бар кеме Үндістан портында ұсталды: СІМ нота жолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Үндістанның Парадип портында MT UNITY кемесі ұсталды. Экипаж құрамында Қазақстан Республикасының бір азаматы бар. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов хабарлады.
— Үндістан Республикасының Парадип портында 23 теңізшіден тұратын экипажы бар MT UNITY кемесі ұсталды. Теңізшілердің бірі — Қазақстан Республикасының азаматы. Кеменің ұсталуы оның иесінің жергілікті жанармай жеткізушісі алдындағы қаржылық қарызына байланысты болып отыр.
Қазақстандық дипломаттар отандасымызды елге қайтару үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Үндістан Сыртқы істер министрлігіне мәселені шешуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен тиісті дипломатиялық нота жолданды, — деп жазды ол.
Жанболат Үсенов бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында екенін айтты.
— Аталған Қазақстан азаматы да, оның отбасы мүшелері де Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап өтініш білдірмеген.
Мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, — деді ресми өкіл.