Қазақстан азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне басымдық береді – Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың нақты секторына ақылды платформаларды табысты түрде енгізіп келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумда айтты.
Президент өткен жылғы халыққа Жолдауында тағы да Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын еске салды.
– Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жарияланды. Біз болашақтың негізін қалыптастыра отырып, азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне басымдық береміз. Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет жеке деректерді қорғау құқығы бекітіліп, мәліметтерді заңсыз жинауға, өңдеуге және пайдалануға, соның ішінде цифрлық құралдар арқылы жүзеге асыруға нақты тыйым салынды. Мұны аса маңызды деп санаймыз және бұл шын мәнінде конституциялық міндетке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, институционалдық негізді күшейту мен инновацияларды кешенді түрде енгізу үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің құрылуы да пайдалы қадам болған. Бұл консультативтік органның құрамына жетекші шетелдік және отандық сарапшылар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар кірді.
– Сонымен бірге, біз қажетті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытып жатырмыз. Қазақстанда өңірімізде алғаш рет осы саладағы әлемдік көшбасшы – NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютер іске қосылды. «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру басым міндет болып жарияланды. Бұл ауқымды жоба жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттарды тартатын орталыққа айналуда, – деп атап өтті Президент.
Бұдан бөлек, адами капиталға да қомақты инвестиция салынып келеді. Астанадағы ALEM AI халықаралық орталығында жаңа буындағы екі халықаралық мектеп – TUMO және Tomorrow School, сондай-ақ Telegram және Presight секілді әлемге танымал компаниялардың зертханалары ашылды.
– Екі апта бұрын мен Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойдым. Біздің мақсатымыз – дербес оқытуға, инфрақұрылымды және білім беру стандарттарын дамытуға басымдық беріп, педагогтердің құзыретін күшейту, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы өтіп жатыр. Форум тақырыбы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» деп аталады.
Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.