12:08, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан азаматтарының 70 пайызы өмірінде бір рет болса да пара берген ? дөңгелек үстел отырысы
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстандағы жемқорлық әрекеттерінің жайылып кету мәселесіне байланысты зерттеу жүргізген сарапшылардың мәліметтерінше, елдегі азаматтардың 70 пайызы өмірінде бір рет болса да пара берген.

Бұл туралы бүгін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының елордадағы орталығының елшісі Александр Кельчевский «Қазақстандағы жемқорлықпен күрес жөніндегі құқықтық орталықтар мен қоғамдық тетіктер» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еліміздің көптеген азаматтары жемқорлықтың қаншалықты қоғамға және оның жеке басына қауіпті екендігін көріп, біле тұрғандығына қарамастан онымен күресте немқұрайдылық танытуда. Азаматтардың арасында тіпті жемқорлықты қолдайтындар да жоқ емес. «Бұл орайда не деуге болады. Әрине, ол азаматтар осындай ортаға әбден бейімделіп алған» деді елші. Осыған орай, мәжіліс барысында отырысқа қатысушылар елордада өткен жылдың қазан айында құрылған Жемқорлықпен күрес жөніндегі құқықтық орталықтың жұмысын саралады. Елшінің айтуынша, аталған орталық жемқорлық әрекеттеріне тап болған азаматтарға өздерінің құқықтарын қорғауға көмек береді. «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде қызмет ететін мұндай орталықтардың көп болғандығы өте маңызды.
Алайда, бұл ретте мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері де қарап қалмай, көпшілік арасында жемқорлыққа төзімсіздік қалыптастыруға күш салғандары жөн» деді А.Кельчевский.