Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдететін құжат жобасы талқылауға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алғысы келетін және қалпына келтіргісі келетін шетелдіктерге қойылатын мемлекеттік тілді білу талабын жеңілдететін бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталына шығарды.

— Жобаны қабылдау Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерді тестілеудің әрбір пәні бойынша сұрақтар санының максималды тең қатынасын қамтамасыз етуге және шекті деңгейді 10%-ке төмендетуге мүмкіндік береді, — деп жазылған құжаттың қабылдауынан күтілетін нәтиже туралы түсіндірмесінде.
Құжаттың ресми атауы — «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін бекіту туралы» бұйрық. Осы бұйрықтың жаңа редакциямен жазу ұсынылып отыр.
— Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде 15 (он бес) балдан кем емес, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін 20 (жиырма) балдан кем емес, сондай-ақ Қазақстан тарихын 15 (он бес) балдан кем емес білу көлемі бекітілсін, — делінген жаңа редакция жобасында.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ресейдің кіретін шетелдіктерді электронды тіркеуден өтуге мәжбүрлейтін ереженің Қазақстан азаматтарына да қолданылуын «визалық режим» деп бағалаған еді.