Қазақстан БАӘ-ге астық, ет және майлы дақылдар экспортының көлемін арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Дубай қаласына (БАӘ) жасаған жұмыс сапары аясында және азық-түлік өнеркәсібі мен сусындардың ең ірі халықаралық Gulfood 2026 көрмесіне қатысу барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі Амна бинт Абдулла Әл-Дахак Әл-Шамсимен кездесті. 

Қазақстан БАӘ-ге астық, ет және майлы дақылдар экспортының көлемін арттырмақ
Фото: АШМ

Тараптар аграрлық саладағы стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылай келе, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

— БАӘ — Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша еліміз бен Әмірліктер арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы шамамен 7%-ға өсті. Негізгі экспорттық тауарлар қатарында қой еті, ірі қара мал еті, бұршақ тұқымдас дақылдар, бидай және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Біз БАӘ-ге экспорт көлемін, ең алдымен астық пен оны қайта өңдеу өнімдері, майлы дақылдар, өсімдік майлары, ет және жем-шөп өнімдері, оның ішінде халал және экологиялық таза өнімдер есебінен одан әрі кеңейтуге мүдделіміз, — деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың қатысуымен ұзақ мерзімді экспорттық келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ветеринариялық талаптарды келісу жұмыстары жалғасуда.

Бүгінгі таңда Қазақстанның 13 кәсіпорны БАӘ-ге ет пен құс етін экспорттауға рұқсат алды. Сондай-ақ тірі ірі және ұсақ малды, ет пен тауық жұмыртқасын жеткізуге келісім жасалды.

Қазақстан Еуразия өңіріндегі ірі аграрлық өндірушілердің бірі саналады. Біздің еліміз әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы ондыққа кіреді, ұн экспорты бойынша әлемде 2-орынды (1,7 млн тонна) және күнбағыс майы экспорты бойынша 8-орынды (600 мың тонна) иеленеді. Астық экспортының жыл сайынғы көлемі 13–14 млн тоннаны құрайды.

— Осыған байланысты біз БАӘ-нің 2051 жылға дейінгі Азық-түлік қауіпсіздігінің ұлттық стратегиясын іске асыру шеңберінде ұзақ мерзімді серіктес болуға дайынбыз. Өзара іс-қимылды жүйелі дамыту мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара тиімді жеткізуді және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Бұл құжатқа қол қою екіжақты байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады, — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде Амна бинт Абдулла Әл-Дахак Әл-Шамси:

— Қазақстан — аграрлық саладағы болашағы зор серіктес. Біз сіздердің агроөнеркәсіптік кешендеріңіздің әлеуетін және өндірілетін өнімдердің сапасын жоғары бағалаймыз. БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі саласында ынтымақтастықты тереңдетуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және практикалық үйлестіру үшін жұмыс тобын құруға дайын, — деді. 

Айта кетелік 30 қазақстандық компания Gulfood 2026 халықаралық көрмесінде өз өнімдерін ұсынған еді

Соңғы жаңалықтар