«Қазақстан барыстары» Қаратөбеде күресті (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданында қазақ күресінен Семей қаласында 1939 жылы республиканың тұңғыш абсолютті чемпионы атанған, кейін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған республикалық турнир мәреге жетті.

«Қазақстан барыстары» Қаратөбеде күресті (ФОТО)

Аталмыш жарысқа еліміз өңірлерінен 100-ден астам палуан қатысып, 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Оған қоса 22 үміткер «түйе палуан» атағын иеленуге тілек білдірді. Жартылай финалға төрт палуан шықса, соңғы бәсекеде «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары, қос шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов белдесті. Мұнда Айбек жеңіске жетіп, бас бәйгеге тігілген «темір тұлпарды» еншіледі. Үшінші жүлдені атыраулық Арман Қалиев иеленді.

Жеңімпаз-жүлдегерлерді Қаратөбе ауданының әкімі, өзі де даңқты спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы, қос мәрте әлем кубогының иегері, дэюдодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Асхат Шахаров құттықтап, марапаттады. Сонымен қатар әр салмақ бойынша жеңімпаз-жүлдегер атанғандарға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жекелеген палуандарға түрлі аталымдар бойынша Еңсеп Досқалиевтің немересі Айдар Досқалиев тарту-таралғыларын тапсырды.

Ибат Ерешев бас қазылық еткен турнирде Еңсеп Досқалиевтің туысқандары, сондай-ақ 2012 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері, қазақ күресінен Азияның үш мәрте және әлем чемпионы Шалқар Жоламанов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет, БҚО қазақ күресі федерациясының президенті Қаймен Есендияров сөз алып, игі тілектерін жеткізді.

Республикалық жарысқа қатысушы палуандар мен турнир меймандары Қаратөбе ауылындағы орталық саябақтағы Еңсеп Досқалиевке арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.

Айта кетейік, бұдан бұрын да Е.Досқалиевті еске алуға арналған жарыс ұйымдастырылған болатын. Дегенмен мұндай деңгейде алғаш рет өтіп отыр.