«Қазақстан барысы» турнирінің БҚО-дағы іріктеу сайысында Е.Үсенов жеңіске жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы «Жастар» стадионында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу сайысы өткізілді.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылған күрес бәсекесіне аудандар мен қалада үздік шыққан 14 палуан қатысты. Бұдан бұрын «Қазақстан барысының» финалдық бәсекесіне үзбей қатысып жүрген белгілі палуан, Сырым ауданының түлегі Еділ Үсенов осы жолы да ешкімге дес бермей, чемпион атанды. Ол 150 мың теңге жүлдені иеленді. Зеленов ауданы атынан сынға түскен 1995 жылғы Олжас Сүлейменов екінші (70 мың теңге), шыңғырлаулық жас палуан Ерлан Мұсағалиев үшінші (50 мың теңге) орынды еншіледі. Өткен жылғы сайыста Олжас үшінші орынға көтерілген болатын, бұл жолы Еділге ғана есе жіберді. Енді Е.Үсенов пен О.Сүлейменов Астанада өтетін финалдық жарыста БҚО намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, Еділ Үсенов 34 жаста, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері.