«Қазақстан барысы» ұлт жастарының намысын оятты - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Жеңіс мерекесінен кейінгі апта қазақ киносының жеңісімен басталды. Қалың көрермен, киносүйер қауым көптен күткен «Құнанбай» көркем фильмі Абай ауданының орталығы - Қарауыл ауылы мен Семей қаласында салтанатты түрде тұсауын кесті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Экранда - Құнанбай» атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, Алматыдан фильмді түсірген режиссер әрі басты рөлде ойнаған актер Досхан Жолжақсынов бастаған бір топ өнер қайраткерлері Шыңғыстау бөктеріне арнайы сапармен келді.
Мақала авторының жазуынша, картинадан қос шығармашылық одақтың - фильм режиссері Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұловтың өзара үйлесімі, бір-бірінің ішкі иірімін түсінуі Ертіс пен Еділ қосылып аққандай тегеурінді күшке айналған.
Д. Жолжақсыновтың айтуынша, кез келген киноны алаңсыз, ешкімнің көмегіне бас ұрмай түсіру үшін толыққанды қаржы болуы керек. Бұл ретте фильмді түсіруге бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының әкімі, қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтарлықтай қолдау көрсеткен.
***
Соңғы жылдары елімізде балабақша мәселесі ең өзекті жайттардың біріне айналды. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев 2020 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайызға балабақшамен қамтуды негізгі меже етіп қойды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «500 мың бала балабақша кезегінде тұр» деген мақалада.
Басылымның жазуынша, халықты толғандырған әлеуметтік түйткілге орай «Нұр Отан» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында оны атап көрсетіп, шешу үшін арнайы жұмыс жүргізуді де міндетіне алған болатын. Кеше Орталық аппаратта «Білім және ғылым» бағытындағы сарапшылар тобы өзінің кезекті отырысын өткізіп, белгіленген талаптың орындалу жайын қарады.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Білім және ғылым» бағытындағы партия кураторы Гүлмира Исимбаева жүргізген жиынға депутаттар, министрлік өкілдері және білім беру басқармаларының басшылары қатысып, Сайлауалды тұғырнама тармақтарының іске асырылу барысын талқыға салды. Жауаптылардың сөзіне қарағанда, Тұғырнаманың соңғы үш жылдағы орындалуы жоспарға сай жүргізілуде. Атап айтқанда, жасөскіндерді тиісті мекемемен қамту 2015 жылы - 77,7 пайызға, 2016 жылы 80,2 пайызға жетуі керек. Ал бүгінгі көрсеткіш 78,6 пайызға орындалып, межесінен асып отыр. Жоспарға сәйкес елімізде соңғы үш жылда салынып, ашылуға тиісті 3 мың балабақшаның 1969-ы нақты іске қосылған. Енді 2017 жылға дейін тағы мың мекеме ашылғанда қамтуды 80 пайызға жеткізуге жол ашылады. Әйтсе де, қуануға әлі ертерек. Өйткені жалпы мәлімет жақсарғанымен бірқатар өңірлердегі көрсеткіштер төмен күйде қалып тұр.
Отырыста белгілі болғандай, қамту көрсеткіші 66 пайызға жеткен Алматыда 369 балабақша жұмыс істейді. Қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның баяндауынша, кейінгі екі жылда 76 балабақша ашылған, оның 56-ы жекеменшіктің үлесінде. Сол сияқты тағы да бюджет есебінен 20 нысанның құрылысы қызу жүргізілуде. Соған қарамастан, кезекке қойылған сәбилердің саны 50 мыңнан асқан. Дегенмен, жобаланған нысандар ашылғанда жоғарыдағы пайызды бірнеше еселеуге мүмкіндік туады.
Жиын барысында жан-жақты талқыланған тақырыптарға орай арнайы ұсыным әзірленіп, назарға алып тиісті шешім қабылдауы үшін Үкіметке жолданатын болды.
Елімізде ұлттық күрес өнері - қазақ күресінің заман талабына сай дами бастағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Күрестің осы түрін қайта жаңғыртуды қолға алған білікті ұйымдастырушы, тәжірибелі басшы, ұлтжанды азамат Арман Шораев екені даусыз, деп жазады аталған басылым «Қазақстан барысы» ұлт жастарының намысын оятты» деген мақаласында.
Газеттің жазуынша, ол және оның командасы осы бір жауапты істі қолға алу барысында небір қиындықтар мен кедергілерге де кездесті. Бірақ олар қиындық атаулының бәрін жеңіп, туған елімізде қазақ күресінің жалауын желбіретіп ғана қоймай, исі қазаққа ортақ бір мақсат, бір мүдде жолында талмай ізденді, еңбектенді. Нәтижесінде, «Қазақстан барысы» додасы елішілік турнирден еуразиялық, тіпті әлемдік додаға ұласты. Арман Төлегенұлымен әңгіме барысында осынау маңызды доданың кешегісі мен бүгінгісі, ертеңгі болашағы туралы әңгіме қозғалды.
Осыдан бес жыл бұрын қолға алынған «Қазақстан барысы» жобасы бүгінде тәуелсіз еліміздегі спорт жарыстары арасында іргелі жобаға айналды. Дәл осы жоба бойынша, қазақ күресі дамытыла басталғалы елімізде қазақ күресін өзіне серік ете бастаған жасөспірімдердің саны 100 мыңнан асып жығылыпты. Бұл, әрине, үлкен жетістік, зор нәтиже! Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан барысы» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Төлегенұлының пікірінше, айтулы дода ұйымдастырылып, нақты нәтижелерге қол жеткелі бері, ең бастысы, баласына «қазақ күресін қайтесің, одан да каратэге немесе дзюдаға жазыл» деп ұлттық күрестен ат тонын ала қашып, азар да безер болатын кейбір ата-аналардың қазақ күресіне деген сенімі күшейіп, жасөспірім балаларын басқа емес, ұлттық күрес өнеріміз - қазақ күресі үйірмелеріне жетелеп алып баруда. Демек, сан жылдар бойы қасарыса қатып қалған «тоң» жібіп, жұрттың қазақ күресіне деген көзқарасы өзгерді.
«...Ең бастысы, қазақ күресін дамытуға бағытталған маңызы зор жоба барша жұртшылықтың көңілінен шығып, олардың ұлттық спорт ойындарына деген қызығушылығын арттырды, - дейді Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан барысы» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.
«Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сынды додалардың елімізде өткізілуі әлем елдерінің де қазақ күресіне қызығушылығын айқын аңғартты. Бұған қоса, Қытай, Түркия секілді елдердің, тіпті Батыс Еуропа мемлекеттерінің балуандары мен жаттықтырушыларының, халықаралық дәрежедегі төрешілердің «сырт елдерде қазақ күресінен халықаралық сайыс өткізсек» деген ой-пікір білдіруі қазақ күресінің жат жұрттықтардың да ойынан шықанын білдірсе керек. Олай болса, қазақ күресінің болашағы зор!
***
Саяхатшы Мағжан Сағымбаев бір жыл ішінде велосипедпен Жер шарын айналып шықты, деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі санындағы «Вокруг света за 365 дней» деген мақаласында.
Басылымның жазуынша, Мағжан өз сапарын Алматыдан бастаған. Сосын ол Самарқан мен Бұқардың мұнараларын тамашалап, Ашхабад көшелерімен өтіп, Ширазды да велосипедімен шарлап шыққан.
Осыдан кейін Иран арқылы Кавказға өтіп, Тбилисиге тоқтап, одан әрі Кападокияда қыдырыстаған.
Алып Альпіден кезіндегі Аттила бабасы сияқты асып өтіп, Лиссабонда ұшаққа отырып, Колумбияға жол тартқан. Басылымның жазуынша, АҚШ оған виза бермей, жолаушы өз сапарын Австралиядан жалғастыруға мәжбүр болыпты. Оңтүстік-шығыс Азия мен Қытай жерін Сағымбаев қыс пен көктем айларында жүріп өткен. Осылайша Алматыға қайтып оралған.