«Қазақстан барысы» үйленді
Б.Ыстыбаевтың жұбайының есімі Әйгерім, екі жастың шаңырақ көтеру тойы спортшының туған қаласы Тараз шаһарында өтті. Қазақ күресінің дамуына зор үлес қосып жүрген спортшының тойына спортшы достарымен қатар Қазақстан эстрадасының жұлдыздары да қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Бейбіт Ыстыбаев 2012 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде бас жүлдені иеленген еді. Өткен жылғы турнирде де талай қарсыласының жауырынын жер иіскеткен ол жартылай финалда қарағандылық Ержан Шынкеевпен белдескен болатын. Бұл белдесуде қарсыласынан басым түскенімен Шынкеев дау шығарып, төрешілер оған соңғы айналымда белдесу мүмкіндігін берген-ді. Мұндай шешімге наразылық танытқан Б.Ыстыбаев үшінші орынға таласпай, жарыс жолына шығудан бас тартты.
Турнир өткеннен кейін үш айдан соң Ыстыбаевтың бір жыл жарысқа қатысуына шектеу қойылып, Қазақша күрес федерациясы жарыс ережесін қайта қарады. Айта кетерлігі, Б.Ыстыбаев жазаға тартылғанымен биыл өтетін «Қазақстан барысы» турниріне қатыса алады.